«Балам-балым, баламның баласы-жаным» дейтін қазақпыз ғой. Әлімсақтан бері баланы еркелетіп, патша көңіліне қарап, мәпелеп өсіретініміз – тұла бойымызға сіңіп кеткен салтымыз. Мені де, үйдің тұңғышы болғасын ба, ата-анам аялап, барын беріп өсірді. Ал менің рухани бай һәм зерек болып өсуіме Өмірбай атам көп атсалысты.
Бірде, мен 4 жаста болуым керек, анамның айтуы бойынша, қатты ауырып қалыппын. Шыр-пыр болған анам қатты уайымдап, әуре-сарсаңға түскен екен. «Балаға көз тиген шығар-ау» деп, атамды шықырыпты. Ол кісі келіп, дұғаларымен емдеп, менің жанымда болып, біраз отырған көрінеді. Ертеңінде мен еш ауырмағандай құлан-таза айығып кеттіппін.
«Атамды сипаттау үшін сөзім жетпей қала ма?» деп те қорқамын. Қасиетті адамды сипаттаудың өзі оңай емес.
Бала кезімде атаммен әңгіме-дүкен құрғанда ол кісінің ерте жасында ата-анасынан айырылып, жетім атанып, бауырларына тіреу болғанын білдім. Кейде сол қиындыққа толы кез есіне түсіп кетсе, көзіне жас толып, жанарындағы жас тамшыларын маған білдіртпеуге тырысатын. Мен де қарамағансып кейіп танытатынмын.
Атам жастау шағында әскерге барып, оралған соң, өзін әскери іске арнаймын деп бел буады. Үйленеді, отбасын құрады. Ғұмырын осы іске арнап, 40 жасқа келер шағында абыройлы зейнетіне шығып, туған өлкесіне участковый болып барады. Осы бір қызығы мен шыжығы мол өмір жолына қарап отырып, мен атамды сөзге тартатынмын:
- Өмір жолыңыздағы түрлі қиындықтарды қалай жеңе білдіңіз, ата?
- Иманның күштілігімен, балам.
- Ал, ғұмыр жолындағы қисынды адамдарды қалай жеңе білдіңіз?
- Жай ғана күлумен.
Атам негізі бір сөйлесе көсіле сөйлейтін тұлға. Алайда дәл осы сұрақтарыма қысқа қайыра жауап берді.
Атам жас кезінен бері әскери салада жүргесін бе, білмеймін, әйтеуір, дене бітімі сол қалпы: бойы ұзын, иықты, басқанда нық басатын, ірі. Тек сирек-сирек мұрты мен ақ сақалы бар. Атамның көздері, әсірелегенім болмас, тура ботаның көздеріндей дөп-дөңгелек, жүзі нұрлы, көңілі ауа-райы секілді құбылмалы. Мінезі жайлы, кейде даладай кең, кейде баладай ерке болады. Адам қартайған сайын бала секілді болады деген рас екен.
«Ақ ата» деп атауымның себебі де түсінікті шығар. Былайша айтқанда, іші де, сырты да аппақ адам. Ешкімге жаманшылық ойламайтын, елге үнемі көмек қолын созуға дайын тұрады. Ұдайы тек ақ жейде, ақ шалбар, тіпті ақ белдік тағып, тек ақ туфли киеді. Бұнысына бәріміздің де етіміз үйреніп кетті. Ақ атаның ақ образы осы.
Атамның ерекше қырларының бірі – емшілік. Қазіргі заманда емшілер өте көп. Біреуі алдап, біреуі арбап емдейді. Айта берсең, түрі көп. Өмірбай атам болса, тек Ислам шарттарымен, шариғат талаптарымен жан баласын тек Құран сүрелерімен емдейді. Сол үшін де Балқаш жұртшылығы атамды жақсы танып алған. Кейде атам адамдарды көп қабылдап, күні бойы емдеп, өзі кешке құрғап бара жатқан балықтай босап отырғанда қатты жаным ашып кетеді.
- Ата, осының бәрі не үшін керек сізге? Адамдарды емдеймін деп, өзіңіз емге дәру болып отырасыз,- дегенімде,
- Абылайжан, мен елге көмек беруім керек. Қолымнан келген соң жәрдемдесемін. Мен осыдан рақат табады деп ойлайсың ба? Жоқ. Құдай тек қуат берсін бәрімізге.
- Сонда да, ата, ел шипасын алып, айығып кетіп жатады, іздегенін тауып алып, мәз-мейрам болып шаттанып жатады, ал сіз болса, бүкіл энергияңызды халыққа жұмсайсыз.
- Кейде біреулер қатты сырқаттанып, яки көз тиіп, ауырып келеді. Ал, кейбіреулердің тумаларына тіпті дем салу керек болып жатады. Оны қалай қабылдамайсың? Алла қуат, жігер беріп тұрғанда барымды салып, көмегімді беріп алайын. Олдардың айтқан алғысынан басқа ештеңе керек емес маған.
Көбісі біле беретін атамның тағы бір қыры – ән салу өнері. Керемет баритон дауысы, домбырада, гитарада ойнайтын керемет шеберлігі бар. Кейде шаршап-шалдыққан сәттерде, бауырлары алып берген гитарасын қолға алып, бізге «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Есіңе мені алғайсың» әндерін көзін жұмып қойып, әсерлі жымиыспен орындап береді. Өзі де ләззат алады, тындаушысын да елжіретеді. Атам ән салса, жай салмай, құлақ құрышын қандырып, жүрекке жылулық сыйлап, әсерлі етіп салады. Бір әнін тыңдаған адам міндетті түрде «жұп болсын» деп, жалғасы болуын қалап отырады.
Бірде атамның кафесіне Ресейден келген туристердің атамның орындауындағы бір-екі сазды әуенін естігеннен кейінгі әсерін жеткізе аламай, атама риза болып, тамсанып, біраз әңгіме қылғаны әлі есімізде.
Бұрындары атамның есімі Өмірбай Біләлұлы деп жазылатын. Соңғы он жыл болды, «қажы» деген тіркес қосылды. Алғаш 2007 жылы Меккеге қажылыққа барғанында, атамның айтуы бойынша, әпкесімен барыпты. Қара тасты айналар сәтте әпкесінің беті мен қолы Қағбаға жетпегендіктен, екі қолтығынан көтеріп алып, қасиетті тасқа қарай әпкесін лақтырғаны әлі есінде. Атамның айтуына қарағанда, бұл да – ешқашанда ұмытылмас яки естен шықпас керемет сәттер, өмір парақтары. Атаның бір кереметі: өзін ешқашанда жақсымын деп айта алмауы. Қазақта сөз бар ғой: « Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды». Осы сөз тура атама қатысты айтылғандай.
Өмірбай қажы Біләлұлы – менің атам, біреудің ала жібін аттамаған, арамдықты даттаған, адалдықты жақтаған ақ атам. Қазір бәйбішесімен тұрып жатыр Балқашта.
Көшеде, тойда болсын, көріп қалған жұрт «бойың ұзын екен» деп айтқанда, мен мақтанышпен «екі атамның екеуінің де бойлары ұзын» деп масаттанып айтамын.
Атам-мен үшін шындықтың, имандылықтың нышаны, үлгілердің үлгісі, бой түзер пірім. Аталы жолды қуып, атамнан баталы сөз алып, ақ атамның аппақ жолын жалғап, ақ қардай атына еш кір келтірмеуге тырысуым – парыз болар. Сол парызды арқалауға да, өтеуге де дайын болуым керек.
Атадан жақсы ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
(Төле би)