Ақ алма

Ақ алма
жеке
блог

Бір соған арналып гүл десте,

Жүруші ек сыртынан мақтап біз.

Балалық бағында бірге өскен,

Бар еді алма бет, аппақ қыз.

 

Жел сүйіп желбірек тұлымын,

Қуантып жүретін жаз елін.

Еліктей ерке еді қылығы,

Күлкісі күмістей таза еді.

 

Ерке леп ескенде жүзінен,

Тербейтін сезімді бал құрақ.

Беттері уылжып үзілген,

Тұрушы ед алмадай албырап.

 

Ерітер жалындай маздаған,

Жүректе болса да қанша мұз.

Ол барда батылды бозбала,

Онымен көркем ед барша қыз.

 

Кездессең жарқ етіп таң арай,

Жүрегім кететін ән салып.

Тәттіге құмартқан баладай,

Сыртынан жүруші ем тамсанып.

 

Жүрген кез өмірім өлең боп,

Еркелік өлкесін ен жайлап.

«Мен сені жанымдай көрем» деп,

Айтуға бекіндім бел байлап.

 

Үзіліс болуын асығып,

Көп күттім, тағатым қалмады.

Сыныптастарымнан жасырып,

Ақ алма ұсындым, алмадың.

 

Көркіңе көз түссе өршейтін,

Ғашықтық «дертімде» асқынды.

Алмадай бетіңнен бір сүйдім,

Мөлдіреп көзіңе жас тұнды.

 

Бұртиып жүгірдің бұрылмай,

(Түртіп ед қай жақтан сайтан кеп)

-Тыныш жүр жайыңа,ұрынбай,

Мен сені апайға айтам деп.

 

Адал ғып ұстауға бекінген,

Бұза алар махаббат сертін кім?

Мектептен қайтар жол шетінде,

Қулана жымиып сен тұрдың.

 

-Бұзықсың, еркесің есірген,

Кеткен ем, өтірік жылап мен.

Апайға айтқам жоқ кешіргем,

Мені де кешірші бірақ сен.

 

Деп, -өзің нәп-нәзік қолыңмен,

Қолымды қыстың да жай ғана.

Жүгіре жөнелдің жолыңмен,

Құрбыңды құшақтап айнала.

 

Ұғынбай қадірін кеш білген,

Еске алам бүгін сол сәтті көп.

Алмадай бетіңнен, естілген,

Бір ауыз сол сөзің тәтті боп.

 

Өтсе де қанша жыл өмірім,

Ойлаймын сол сәтті жиі мен.

Қарсы боп білдірер көңілін,

Қыз жаны не деген қиын ең.

 

Ай көркің сап кетті жүрекке,

Мәңгілік махаббат өрнегін.

Сезімге алғаш боп гүл еккен,

Атыңды зердеме зерледім.

 

Өрілер өлең боп өрнектер,

Ашқанда балалық дәптерін.

Әлдилеп арманды тербеткен,

Сол шақтар не деген тәтті едің.

 

Жазылған жүрекке жыр болып,

Көркіңді жаз оқып, жаттап күз.

Жүрсің сен қай бақта ырғалып,

Ақ арман, алма бет, аппақ қыз.

 

Жастықтың ұрлаған жалынын,

Көз тігем кешенің көшіне.

Алма жеп отырсам әлі күн,

Сен түсіп кетесің есіме.