Ажырасу азаймай тұр

Елімізде отбасын құрған жас жұптардың көбі бір жыл өтпей ажырасып жатыр. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы 41 мың, ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 48 500-ден асқан. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 46 972 жұп отбасын құрса, 16 647 отбасы сотқа арыз беріп, айырылысуды жөн көрген. Жалпы, биылғы қаңтар-наурыз айларында тіркелген әр 100 некенің 34-і қайта ажырасып кеткен! Бұл енді ғана отау тіккен жас үш отбасының біреуінің шаңырағы ортасына түсті деген сөз емес пе? Сұмдық қой!
 Бұл сандарға бей-жай қарауға болмайды. Ол - шаңырақ көтере сала арыз жазып, ажырасып кете беру тым оңай іске айналғанын көрсететін аса қорқынышты дерек. Егер отбасы-қоғамның негізі, кішкентай мемлекет десек, онда осындай тұрақсыз некелерден құралатын қоғамның, мемлекеттің келешегі қалай болмақ?!
  Аз уақыт ішінде бірін-бірі жақсы танымай ұнатып, асығыс сөз байласып, жауапкершілікті толық сезінбей үйлену көп ұзамай-ақ ажырасуға әкеп соқтыруда. Психолог мамандар көптеген жастардың осылайша тез ажырасуының бірден-бір себебі - жас жұптардың бірін-бірі жетік танымауынан десек, жастардың өзі ең басты себеп - материалдық жағдайдың жетіспеуі дейді. Көптеген қыздар басты орынға болашақ жарының материалдық жағдайын қоятыны, осылай арадағы сезім, сүйіспеншілік, сыйластық деген түсініктердің кейінге ысырылатыны да қазір шындық. Әрине, адамның жақсы өмір сүрем деген ниетіне ешкім қарсы болмас, бірақ үйлене салып,«жегенім-алдымда, жемегенім артымда, үлде мен бүлдеге оранып отырсам» деген арманы жүзеге аспаса, отбасылық өмірдің қиыншылықтарына төзбей, бірден ажырасам деу - жауапсыздық, қоғам тұрақтылығының негізін шайқалтатын кесір мінез емес пе?!
   Психолог Айнұр Жолымбектің пікірінше, ажырасуға кей сәттерде ата-аналардың өздері де кінәлі болып жатады. «Олар аялап өсірген қыздарына:«Енді сен бір үйдің келінісің, сол отбасының мүшесісің. Күйеуіңнің, ата-енеңнің қас-қабағына қара, солардың көңілінен шығуға тырыс. Не болса соны жіпке тізіп, «өкпе моншақ» жинағанша, күнделікті қызметің, кішіпейіл, қайырымды мінезің, дәмді ас-суыңмен бәрінің көңілінен шығуды ойла» деп ақыл-кеңес беріп отырудың орнына, таң атқаннан күн батқанға дейін телефон шалып, қайта-қайта үйлеріне келіп, не қыздарын үйіне шақырып, күйеубаласын мезі қылады. Әрине, ешқандай ана баласына жамандық тілемейді, бірақ сол «қамқорлығының» арқасында екі жастың махаббатына кесірін тигізіп жатқанын білмейді. Содан соң анасының немесе әпке-қарындастарының сөзінен шыға алмайтын жігіттер де көбейіп барады. Өзіндік пікірі жоқ, өзгенің ықпалынан шыға алмайтын жанмен де өмір сүрудің қиын екені белгілі. Отау құрған соң отағасының өз ойы, өз сөзі болуы керек. Ал ата-аналар болмашы нәрсе үшін жастардың ісіне араласа бермегені жөн. Өмірге әкеліп, бағып-қағып тәрбиелеп, оқытып, отау құрған соң, жастардың өз болашағын өздері құруына мүмкіндік берген дұрыс. Тек аса маңызды мәселелерде ақыл-кеңес беріп тұрған орынды» дейді маман. 



Бөлісу: