Әр адамға «әже» деген сөз ерекше ыстық. Әсіресе, жақын жанашыр болса. Осы сөзде қаншама махаббат, ұлы мән бар...
Менің әжем - асыл жан. Мұны астын сызып тұрып айта аламын. Кішкентай кезімде көп уақытымды әжеммен өткіздім. Оның қызықты оқиғаларын тыңдаған қатты ұнайтын. Ертегілерден гөрі, бала кезінде ауылда өткізген сәттерін еске түсіріп, менімен бөлісті. Мектепке барар жолдағы шытырман әңгімелері көп. Кейін мектеп бітіріп, оқуға түсер алдындағы оқиғаларын, жастық шағының керемет сәттерін айтқан кезінде, барлығы да көз алдымнан өткендей күй кешетін едім. Бар қызығы да осында ғой. Көзімізге елестетіп, ондағы образдарға жан бітіру. Мен сондай әңгімелерді жақсы көрдім, қазір де ұнатамын.
Әжемнің әңгімелерін ұйып тыңдағаным соншалық, бір жерінде тоқтап қалса сол еді, әрі қарай қандай елеулі оқиға орын алады деп күтіп отыратыным есімде. Ауызша айтып жеткізудің нағыз шебері де осы әжем. Ұзақ сөйлесіп, түскі уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалатын едік. «Ас - адамның арқауы», ең алдымен тамақтанып алайық, содан кейін қайтадан келген жерімізден жалғастырамыз дегені де бар. Әрине, ауқаттанып алғаннан соң, әңгіменің жалғасын есту үшін тағатсыздана күттім. Мұндай сәттер өте көп болды. Әр кез бағалы да құнды естеліктер ретінде қалдырған. Көбінесе, балалық шақ дегенде әрдайым алғаш болып, есімде әжем мен оның әңгімелері тұрады.
Бүгінгі күні барлық айтқан оқиғаларын жатқа айта аламын. Қандай да бір өткен күндерін еске түсірсе, әрі қарай не болатынын білемін. Соның бәрі де әжемнің өмірі жайлы ыстық естеліктер. Әттең, өткен күніміз оралмасқа кетті. Оны тек сананың құдіретімен қайта жаңғырта аламыз.
Әңгімелері арқылы көңілімдегі жылудың себепкері бола алғаны үшін әжеме алғыс айтудан жалықпаймын.