Әже

Сынаптай сырғанаған уақыттың қадіріне жетеміз бе екен?! Байлауға көнбейтін бұл құдіреттің бір құдіретке бағынышты екенін білеміз. Тағдырды жасайтын да сол. Жаратқан. Құдайды ойлаған сайын әжем де еске түседі. Өйткені Тәңірдің маған берген тағдырының парақтарында алтынмен жазылған ардақты есім әжемдікі. Егерде дәл бүгінгі хәлім үшін Алладан соң біреуге алғыс айтар болсам, ол — әжем. Жарық дүниенің қақпасын аша сала әжемнің етегіне оралғам. Сол етекті ұстап ер жеттім. Былдыр –былдыр сөйлеп, тәй-тәй басқаннан, буынып бекіп, хат танығанша қойынынан шықпадым. Біздің туысқандардың барлығы өздеріне менің әжемді меншіктеп алған. Қайсысының әңгімесін тыңдасаң, әжем марқұм сол кісіні ғана баққандай сендіре сөйлейді. Мен әжемнің менікі ғана болғанын білем. Басқасын айналып-толғанып отыратын, ал мені жөргекке өзі құндақтап, ес білгенімше жанына алып жатты. Алдымда екі ағам бар, әжемнің қасына «мен жатамдап» таласатын едік. Оң жағы менікі, сол жағына екеуі кезектесіп жататын. Сондағы менікі жеңіс емес пе?! Еркелеткенде «қара қарғам» дейтін. Шал-кемпірдің қолында өскендіктен бас мұжығыш болдық. Қайда барсақ та, молда құран оқи сала, бас менің алдыма келетін. Әйтпесе, мен аттанды салады екем кеп. Атам дәу сары кісі болғанымен, мен әжемнің арқасынан түспейді екем. Ауылдың басындағы үйге қонаққа барса да, жылап қалмай қоятын немерелерін тастап кетуге қимай, арқалап алады көрінеді жарықтық. Арқасына мініп ап танауыңды жыбырлататын иісті рахаттана жұтып, талай ұйықтаған да шығармын. Есіме түсер емес. Төртінші сыныпты бітіргеннен кейін әкем мені қалаға интернатқа берген. Әр сенбі сайын үйге барғанда, «Қабденнің үйінің дәмі» деген сияқты әр барған үйлерінен әкелеген сарқыттарынан маған сақтап қояды екен. Сақтаған тәттісі ауызы түйреуішпен түйрелеген қалтада арнайы сақталатын еді. Оқуға қайта кеткенде, апта бойы әжем берген тәттінің дәмі таңдайымнан кетпей, қайта-қайта түсіме еніп, сенбіні тағатсыздана күтетін едім. Кейде әжем еркелетіп отырып, «кейін қызметкер болады. Бізді бағады десе», «қызметкер» деген сөзге шамданып қап, «бастық боламын» дейтінмін. Балалығыма сүйсінітін болуы керек, сонда «е, бастық болады қарғам» деп, күліп отыратын. Осының барлығы үшін мен, әжемді «менікі» деп сөйлегендерден қызғанам. Осының барлығын тізбектеп айтып бергем кеп кетеді. Ол кісі менің ғана әжем дегім келеді айғайлап. Арасында әжем: «кім мәңгілік дейсің. Атаңның артынан біз де кетерміз» десе, «мен сізді бақпаймын ба?» дейтін ем сенгім келмей. Тағдырға артар өкпе бар ма?!
Екі ауылдың ортасында тұрған қалың зираттың бұрын шеткісі еді. Қазір орта тұсы болып қалған бірдей тұрғызылған қос бейіт ата-әжемдікі. Енді мен бөлек ұйықтайтын болғам. Ағаларым да, бір-бірімен таласуды қойған. «Қара қарғам» дейтін әжемнің даусы құлағымда ғана. Ешкім қазір олай еркелетпейді. Сақтап қоятын тәттісінің дәмінің өзі қандай еді? Ара –тұра түсіме еніп тұратын, өмірімде ізі, жүрегімде сөзі, құлағымда үні қалған қайран әжемді мен де арасында есіме алып, дұға жасап қоям. 



Бөлісу: