Ахой, Прага!

Ахой, Прага!
жеке
блог

 «Еее, қойшы, бұл біздің мереке емес қой» дейтіндердің қатарынан болсам да, мерекемен құттықтап қоюды жөн деп санадым. «Ештен кеш жақсы» демекші, 14-ақпан «Ғашықтар күні» құтты болсын! Жолдан қосылған бұл мерекені мектепте, кейін ЖОО-да әкесін танытып тұрып, Әулие Валентин аузымызға ала отырып тойлаушы едік. Қыз болсын, жігіт болсын, әйтеуір, мереке деп бір-бірімізге жүрек пішінді ашық хаттар сыйлап жататынбыз.

Өз басым, бұл мерекені асыға күтетіндердің қатарынан емеспін. Алайда, биылғы «Ғашықтар күні» ерекше есте қалатыны сөзсіз. Себебі, бүгін мен бұл мерекені өзге елде «тойлап» отырмын.

Мен қазір Еуропаның ең әдемі мекендерінің бірі Прага қаласындамын. Чех елі туралы энциклопедиялық кітаптар мен ғаламтор беттерінен ғана білетін едім. Енді, міне, маған әйгілі Карлов көпірін көру бақыты бұйырып отыр.

Прагаға табан тіреуімнің басты себебі бұл қалада ТМД елдерінің қатысуымен «Samsung CIS Forum 2012» шарасы өтеді. Форумның басты мақсаты биыл жарыққа шығатын Samsung компаниясының өнімдерін таныстыру болып табылады.

Форум өткізу дәстүрі 2010 жылы Мәскеу қаласынан бастау алған еді. Өткен жылы форум Будапешт қаласында өтсе, биылғы форум Прагада өтеді.

Биылғы форумның басты ерекшеліктерінің бірі форумға журналисттермен қатар, блоггерлер қауымы қатысады. Қазнеттен бес белсенді блоггер форумға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олар:

  • Бірге жазушы-блоггер Рустам Ниязов;
  • Фотоаппаратты серік еткен фотограф-блоггер Дамир Өтеген;
  • Белгілі топ-блоггер Данил Иванов;
  • Әріптесім журналист-блоггер Вова;
  • Және де мен, жалғыз қазақ тілді блоггер Алматының аппақ қызы))))

Чех астанасына арнайы чартерлік рейспен ұшып келдік. Ұшақта Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан бас-аяғы екі жүзден аса адам болдық. Ал форумның өзіне ТМД елдерінің барлығы қатысады.

Алматымды, шыны керек, қимай кеттім. Әуелі әуежайға шығарып салған ата-анама үлкен рахмет. Бұл сапарға шақыру алған сәттен бастап менің отбасым құжаттар мен жүгімді жинауға тікелей ат салысты. Аз уақыт ішінде үйімді сағынатыным сөзсіз.

Чех астанасы бізді өте жақсы қарсы алды. Аздап қар жауып тұр, жел соғып тұр.

Алдағы күндері, иншаллаһ, форум және Прагада өтіп жатқан күндерім туралы толығырақ жазуға уәде беремін.

Прага уақыты Ару Алматымның уақытынан бес сағатқа артқа жүреді екен. Сондықтан да, мен пікірлерге кеш жауап беріп жатсам, айып етпеңіздер.

Келесі жазбамда жүздескенше, достар))

P.S. Сурет қосу ойда болған еді. Әзірге мүмкіндік болмай тұр. Ренжімеңіздер)))