Біраз уақыт бұрын қазақ əуесқой боксының жарық жұлдызы саналған боксшы - Садриддин Ахметов кəсіпқой боксқа қадам аттаған еді. Отандасымыз 2016 жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатында үш бірдей қарсыласын нокаутпен ұтып, ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салды. Ахметов шаршы алаңда 252 жекпе-жек өткізіп, 242 рет қарсыластарынан басым болған. Өзінің ерекше мəнерінің арқасында көпшілікке танылған бұл боксшының болашағы зор екендігіне кепілдік бергендер аз емес. Əуесқой бокспен біржолата қоштасқан ол, Канададағы отандастарымыздың қатарына қосылып, "Eye of the Tiger Managament" промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Алғашқы жекпе-жегін көкек айының жетінші жұлдызында 20 жасар мексикалық боксшы Уальдо Рохасқа қарсы өткізбекші. Садриддиннің айтуынша, алғашқы жекпе жек орта салмақта, нақтырақ 72,6 кг салмақ дəрежесінде өтеді. "Бұл үлгі тұтар ағамыз Генадий Головкиннің салмағы. Болашақта 69 кг салмақ дəрежесінде өнер көрсететін боламын" дейді боксшы. Сонымен қатар, "Елге панчер ретінде танылып қалдыңыз. Нокаутқа жұмыс жасайсыз ба?" деп сұрағанымда, "əр боксшының мақсаты сол. Алла қаласа, тырысып бағамын" деп сөзін аяқтады. Айта кетейік, бұл күні Ахметовпен қоса шаршы алаңға болашағы зор болғары қолғап шеберлерінің бірі Батыр Жүкенбаев пен Абылайхан Құсайынов та көтеріледі.
Үшеуі не айтса да "Алла қаласа" деп бастайды. Бірін-бірі қолдап, бауырым не ағам деп сыйласады.Қандай жақсы!
Бір марқайып қаласың!