Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан ірі ғұлама.
А.Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесін кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді. Бұған дейін, Х-ғасырдан бері парсы-араб жазуын өзгеріссіз қолданып келгенбіз. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана тән 28 әріптен тұратын әліпби құрастырды.
Нақтысында, әліпби 24 таңбадан және дәйекшеден тұрады. Егер, "ء" дәйекше сөз алдына қойылса, сол сөздегі барлық дауысты дыбыстар жіңішке деп түсінілген. Мысалы: تۇردى - тұрды, ءتۇردى - түрді.
Әліпбиде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды. Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады. Ғалымның реформалауынан кейінгі араб жазуын бүкіл түркі жұрты ұлттық жазу жүйесі деп таныйды. Сондықтан А.Байтұрсынұлының бұл жазу жүйесін ұлттық қазақ жазуы деп атаймыз.
Өкінішке орай, сол заманда күштеу саясаты өз дегеніне жетіп тынады. Парсы-араб жазуын қолдағандарға саяси түрде "пантюркист" деген айып тағылып, заң қорғау орындары да араласа бастайды. Араб әліпбиін қолданатындарға шектеу қатты болып, өкіметтің уәкілдері тарапынан бақылауда болады да, қазақтың ұлттық жазуы қолданыстан шығарылады, тарихи кітап жазбалары жойылады. Қазақтың ұлттық жазуымен бірге, ұлттық діні, ұлттық тілі, ұлттық пікірі жоғала келе құлдыққа дайын қауымдар пайда бола бастайды.
kk.wikipedia.org материалдары қолданылды