Ахмет Байтұрсынов- заманының заңғары, ұлт зиялысы. Әміршіл- әкімшіл басқару жүйесі кезінде халықты қараңғыдан жарыққа сүйреген болатын. Ұлт үшін жанын қиып, ғұмырын арнаған Ахмет Байтұрсынұлын публицист, редактор ретінде ашып көрсетсек.
Сол кездегі зиялы қауым, сауатты адамдар қатарын толықтырған Ахаң, келмеске кеткен кезеңде болып жатқан әр оқиғаға саналы көзқараспен сараптай қарады. Оған мысал ретінде, жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде орын алған жағдайларда ұстанған бағытын, халыққа үндеуін айта аламыз.
Енді, Ахмет Байтұрсынұлының жазу өнеріне, жазбаларына тоқталсақ.
Ахаң мысал, әңгіме жазудың, сауатты ой білдірудің қас шебері еді. Қазақ баспасөзінде ойып тұрып орын алуымен қатар, шетел баспасөзінде де өзіндік із қалдыра білді. Еңбектері әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, басылым беттерінде жарқ көрді. Оның ішінде, “Шымшық пен көгершін”, “Қасқыр мен тырна”, “Өгіз бен бақа”, “Қасқыр мен қозы” мысалдары бар.
Сонымен бірге, өз алдымызға ел болуды көздеп, өкініштен өртене, жиырмасыншы ғасырдың он екінші жылы “Қазақ һәм ІҮ Дума” мақаласын шығарды. Жер мәселесі жайында айтылған “Земство” және “Жер жалдау жайынан” мақалалары, артынша, “Тағы да народный сот хақында”, Уақ қарыз”, “Жәрдем комитеті” жарияланды.
Осы сынды өткір мәселелерді көтеру барысында сан мәрте сынның садағына ілігіп отырды. Мысалы, “Закон жобасының баяндамасы” үшін Ахаң үлкен көлемді айыппұл төледі. Бұл қол байлаудың бер жағы болатын, себебі өзімізге белгілі Ахмет Байтұрсынұлы бірнеше рет абақтыға жабылып, қудалауға ұшырады, ең өкініштісі сүттің бетіндегі қаймағы түптің түбінде өмірі қиылып, залымдар қолынан о дүниеге аттанды.
Мінеки, осындай еңбектері патриот Ахмет Байтұрсыновты публицист, редактор қырынан көрсетті
Бақдәулет Рахманқұл
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің
студенті