Ағын Қасымжанов - ғалым-философ, фарабитанушы

Ағын Қасымжанов - ғалым-философ, фарабитанушы
жеке
блог

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, философия кафедрасы және әл-Фараби Орталығының ұйымдастыруымен Үшінші Қазақстандық философиялық конгресс аясында Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың 90 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған  «Ағын Қасымжанов - ғалым-философ, фарабитанушы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Шарада А.Х. Қасымжановтың шығармашылығы мен тұлғасы, Қазақстан қоғамының рухани дамуы контексінде оның әл-Фарабидің зияткерлік мұрасын зерттеуге қосқан үлесі талқыланды.

Халықаралық дөңгелек үстелге философия ғылымының докторы, философия және саясаттану факультеті, философия кафедрасының профессоры, әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі Жақыпбек Алтаев пен философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев модераторлық етті.

Шараға техника ғылым­ының докторы, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, «Аргументы и Факты» газетінің тілшісі (Ресей) Андрей Белобородов және PhD доктор, Огайо университетінің (АҚШ) профессоры Джеймс Петрик бейнеқұттықтау жолдады.

Фарабитануға елеулі үлес қосқан ғалымға арналған дөңгелек үстелде Қырғыз Республикасының Ұлт­тық Ғылым академиясы, саясаттану зерттеулер және сараптамалар орталығы бөлімшесінің мең­геру­­шісі Жолборс Жоробеков, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Әзімов, философия ғылымының докторы, профессор Мұрат Сәбит, ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану инсти­ту­ты­ның бас ғылыми қызметкері, «Әл-Фараби» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер жур­­­на­лының бас редакторы Ғалия Құрманғалиева, философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек және т.б. көптеген қонақтар өз баяндамаларын жасап, қазақ философиясында өзіндік ізі бар тұлғаның ғылымдағы ғұмыр жолын жастарға үлгі етті.

Шарада сөз алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекет­тік университетінің профессоры Аманжол Қасабек: «Ағын Қасымжановтың философияға деген көзқарасына тәнті болдым. Жан-жақты, ұлы ғұлама еді. Ол кісінің тақырыптары ауқымды. Мәселен, философия тарихы, диалектиканың даму жағдайы, әл-Фараби және қазақ философиясына арналған еңбектері дәлел. Ғалым зерттеулерін оқып отырып, философияның тұңғиығына кіріп кетесіз де, оның ішінде болып жатқан неше түрлі философиялық идеяларды сол тереңнен алып шығасыз.

Біз әл-Фарабиді белгілі кітаптары арқылы көреміз-ғой. Ал Ағын Хайруллаұлы сұңғыла ғалым ретінде әл-Фарабидің түптамырына бойлап, ғұламаның не айтайын деп тұрғанына дейін керемет талдау жасаған»,-деді. Ал  Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев: «Ағын Қасымжановтың зерттеу обьектісі-қазақ халқының рухани мұрасына, Әл-Фарабидің шығармашылығына бағыттауы арқылы Тәуелсіздік философиясына серпін берді.Ғалымның ұлттық ойлау жүйесін жаңа қырынан, яғни философиялық контексте көрсетуі қазақ философиясына қосқан өлшеусіз үлесі деп білемін»,-деп ұстаз еңбегін ерекше бағалады.

Шарада студенттер де Ағын Қасымжанов туралы үн қосты. Биология және биотехнология факультетінің 1-курс магистранты Аружан Берікқызы «Ағын Қасымжанов шығармашылығындағы ұлттық мазмұн», тарих, археология және этнология факультетінің 4-курс студенті Қанат  Алтынбеков «Фараби жолын жаңғыртқан ғалым» атты зерттеу-баяндамалары ғалымды жастар жағы да қызығушылықпен оқып, олардың Қасымжанов туралы ғылыми зерттеу жасап жүргені қуантты.

Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов әл-Фарабидің философиялық ойы мен мұрасы тарихының теориялық мәселелерін алғашқы зерттеушілердің бірі болды. Оның тікелей қатысуымен 1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан әл-Фараби Орталығы құрылды.

2003 жылдың қазан айынан бастап көрнекті ғалым, ойшыл, тәлімгер А.Х. Қасымжановты еске алу мақсатында философия кафедрасы А.Х. Қасымжановтың туған күніне арналған «Қасымжанов оқулары» халықаралық конференциясын өткізеді. Биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстел жұмысында философиялық ауқымды ойлар көтеріліп, ортаға салынды.

Аралас форматта (онлайн, офлайн) өткен халықаралық дөңгелек үстел жұмысына 130-дан аса Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдерден А.Х. Қасымжановтың шәкірттері мен ғалымдар қатысты. Әсіресе философия мамандығына енді ғана оқуға түскен студенттер үшін, бұл күн философтармен керемет кездесу күніне айналды. Олар Қасымжановтай дарынды философтың көз көрген шәкірттері мен әріптестерінің пікірлерін, естеліктірін ұйып тыңдап,ғалым мұрасымен тереңірек танысып, ізденулеріне үлкен мүмкіндік сыйлағанына қуанышты. Болашақ философтарға алдыңғы буынның тәрбиелік мәні бар осындай шаралары алда да жалғасын табады деген ойдамыз.

 

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Философия және саясаттану факультеті,

философия кафедрасының оқытушысы, PhD