Ағайын, ақы жемеңіз!

          Кеше әкемтеатрға барғам, "Мәңгілік бала бейнеге". Бірақ әңгіме ол жайында емес. Себебі бұл пьесаны жөнді түсіне алмадым. Жақсы түсінген адам болса, жазба етіп жазса игі. Бірақ ғұғылдан іздеп те, сыншылардың жазғандары бар шығар. Ол жағы кейінірек.

          Кеше сағат кешкі тоғызға жетер-жетпес, стадионның аялдамасына барып тұрғам. Адам көп, ығы-жығы, қырт-шырт әңгімелерін айтып кетіп бара жатыр. Ақақу-сақақу боп та күліп қояды. 92-ні күткем. Ақыры, келмеді. Сәл ашуланып кеттім. Бұл қалай деп. Содан метроға бара жаттым да, өзімді тоқтатып: "қазір метромен Саяхатқа барсам, одан ары таксимен. Тағы да ақшамен ба?" Жоқ! Жолдың мына бетіне шығып алдым да, жүгірдім. Өзімді Кунг-Фу Пандадай сезіндім, менің де дене-бітімім сондай дегенім ғой. Әйтеуір, жүгіре беріп, ішімдегі ашуды аспанға ұшырып жібердім: "Адам шаршап тұрса, кетші-ей әняқа!" Иә-иә, анау жаққа емес, "әняқа". "Неғылған кезде не істеп неғылатын сөздер ғой неғылғанда. Не істесе неғыла сал!" Біз жақта осындай сөздерді көп қолданушы еді. Қазір сиреп бара жатыр.

          Абылай хан даңғылымен төмен қарай жүгірдім. Үйге жете алмай жатсам, адамдар қыдырып жүр, үйінен қашып. Бір кезде Мәметова көшесіне жеттім. Жоға, дұрыс қой! Мәметова ғой! Дұрыс қой! "Абая-Байтұрсынова" немесе "Рысқұлова-Итімбіліппама" деп жатқаным жоқ қой! Мәншүк Мәметова көшесі. Жол бойына шығып, өтіп бара жатқан көліктерге қарап тұрдым, "қайсысының адамгершілігі бар екен" деп. Қолымды да көтергем жоқ. Ұялдым. Өте қатты ұялдым. Бірақ аяқ шаршаған, өте қатты, тіпті, талған. Жаяу жүрейін десең, жерге тиген сайын ине шаншығандай.

          Тоқтады. "Саяхатқа жеткізіп саласыз ба?" Кетті. Тоқтады... Кетті... Бір кезде жас жігіттер тоқтап, әкетті Саяхатқа шейін. Ешбір ақысыз. Сөйтсем, Саяхат бұрыла бергенде екен ғой. Мен шаршаймын деп, алжып та қаппын. Саяхаттан түсіп, Сантехмонтажға дейін жаяу жүрдім. Жаңағы екі қазақ жігіт Ікірәсни ыпөләға бара жатыр екен. Сантехмонтажға жақындап қалсам, 3 жігіт, 2 қыз - бесеуі мас. Өзіммен қатарластар, есесіне. Анар тәте бұларды туылған күніне шақырмаған сияқты еді ғой деп қоям ішімнен. Сөйтсем, сыртымнан... Танымадым оларды. Жол бойына шығып, тағы да тұрдым. Қол қалтада. Сол қолымда үсімкем. Тоқтады. Жас жұбайлар емес. Үйінде ыпірәдүктісі таусылған жанұя-ау деймін. Рысқұловтан түсіп қалдым. Магнумға бара жатыр екен.

           Рысқұловтың аялдамасына барып тұрып алдым. Көліктер өтіп жатыр, өтіп жатыр. Бір кезде біреуі тоқтай қалды. Бишараның даусына салып: "Пожаркаға жетіп қалсам бола ма?" деп едім, басын изеп, отырып алдым. Алдында орыс қызы отыр екен. Агентте отыр екен. Көлікте отырғаны адзай. Шіңк-піңк деп агентінің даусы шығып жатыр. "До кольца?" деп сұрап жатты әлгі шопыр жігіттен. Бір кезде Пожаркадан түсіп қалдым. Ұялып, әрең отырғам таксилерде. Ал енді...

           Пожарканың аялдамасына жеттім де, енді ұялып не керек дедім. Тағы да такси күттім. Пожарка жақтан бұрылып, бір көлік келе қалды. Үлкен кісілер екен, мұртты өздері. "Аға, Элеваторға жетіп қалсам бола ма?" дедім де, отырып алдым, ия деген соң. Пожаркадан кейінгі аялдама Элеватор ғой. Бір-ақ аялдама сол. Үйреніп алған соң, ұят та ұмыт болды ма, қалай өзі? Элеватордан өтіп барып тоқтады. ("Өтіп" деген сөзді созыыыыыыыып оқыңыздар!) Рахметімді айттым да, түстім. Үйге жеттім.

(ЖАЛҒАСЫ БАР...)



Бөлісу: