Ағай, мені кешіріңізші...

Мен сізді күздің алғашқы айы-қыркүйекте көргенмін. Алғашқы қоңырау күні. Сіз  сол кезде мектепке жаңадан келген мұғалім болатынсыз. Он бірінші сыныпқа қадам басып, өзімді бойжеткен ретінде сезініп, қырындаған құрдастарыма, жылы қараған замандастарыма менсінбей қарайтынмын. Мінез ғой. Сұлу сымбатты жігіттерге де ыңғай бермейтінмін. Сіз келдіңіз де, сізде көрдім де астан - кестен болдым. Сосын... ары қарай көрген түстей. Басынан бастайыншы. Есіңізде болар, сіз бізге алғаш рет алгебра пәнінен сабаққа кіргенсіз.  Мектеп директоры аты-жөніңізді айтып, есеп қисап пәндерінен сабақ беретініңізді айтқан. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген маман екенізді де ескерткен. Сол кездегі бейнеңізде есімде, бітіруші сыныптың бойжеткен қыздарының алдында аздап қысылғансыз. Сізге қарап іштей күлгенмін. Кенет, бозбала бет жүзіңізден өзіме ғана керек жылылықты тапқанмын. Жүрегім дір еткен сол кезде. Бұрын соңды болмаған бір күйге түскенмін. Түсініксіз күйге. Сонда да бүтін болмысымды билеген түсініксіздеу жағдайдан айрылғым келмей сізге ұзақ қарағанмын. Сізден көзімді алсам осы бір қымбат шақ қайтып келмейтіндей көрінген. Сөйтсем қателесіппін. Осы түсініксіз сезім сізді көрген сәттен бастап көлеңкемдей менен қалмайтыннын сол замат қайдан білейін.

Сіздің аптасына үш рет болатын сабағыңызды асыға күтетінмін. Математика пәніне икемім аздау мен, бар сабақты жинастырып қойып  жатпай -тұрмай дайындалатынмын. Жақсы көріну үшін. Мұғаліміме. Мына сізге.  Ал сіз, соның бәрінен бейхабарсыз. Мені көзге ілмейтінсіз. Тіпті берген сәлемімді де зорға алатынсыз. Кейде алмайтынсыз. Басыңызды изеп өте шығатынсыз. Көптің ішінде мені танымайтынсыз да. Сіз үшін елеусіздеу біреу болғаныма ызам келетін. Жалғыз жарым қалғанымда жылап та алатынмын. Ашумен. Менде қырсығып сізге қарамауға тырысатынмын. Бірақ алыстан сұлбаңызды көргенен бұрылып кетуге асықаныммен, аяқтарым еріксіз сіз тұрған жерге қарай сүйрейтін. Сіз қайда болсаңыз мен де сола маңайдан табылатынмын. 

Сабақта, аты-жөнімді атап тақтаға шақырғансыз. Дір еткенмін. Ілбіп зорға шыққанмын ортаға. Есеп шығар дегенсіз мейрімді даусыңызбен. Ақ борды қолыңыздан алғанда, саусағыңызға, саусағым тиген. Тұңғыш рет. Денем ток тартқандай өзгеше күй кешкем. Сасқалақтап борды қолымнан түсіріп алғанмын. Екеуміз бірге еңкейгенбіз, сол кезде басымыз түйіскен. Жоқ соғысқан. Оқушылар дуу күлген. Ал мен ауырғанды сезбегем де. Сіз ауырсынған басыңызды ұстауға ұялып, бет - аузыңыз тыржың еткен. Сол кезде мен бақытты едім. Ауырсынуды айтамын ау, бақыттан басым айналып, көкжиекті аралап қайтқанмын. Қуаныштан. Хал - ахуалым солай еді сол кезде.

Сырымды жан құрбым, Маралға айтқам. Беймаза күйімді сен ғана түсінерсің дегенмін. 

- Сен қызықсын, алда ҰБТ. Ешкімге ғашық болуға қақың жоқ. Деген.

--Біле білсең ол сенің ағайың- деп ұрысқан.

-Армандаған Астанадағы оқуыңды, болмаса ағайыңды таңда – деген. Дегенде бұрылып жүре берген. Құрбымның сөзі жаныма ауырлау тиіп, ұмытуға бел байлағанмын. Сізді. Оқушысын өзіне ғашық еткен мұғалімді.

Ертесіне мектеп дәлізінде, ағылшын тілі пәнінін сабақ беретін сүйікті апайыммен шүйіркелесіп тұрғаныңызды көргем. Сүйікті апайым сүйкімсіз болып көрінген  мезетте. Жеккөргем. Сізді де, Оны да. Қатар тұрған сіздерді ала көзіммен атып, екі өкшеммен жерді тесіп жіберердей жұлқынып өткем қастарыңыздан.

 – Бота деп даустаған сүйікті апайым. Артыма бұрылып қарар шама болмаған менде. Сол күйі сыныпқа кіріп алып отырғанмын. Безірейіп.

Келесі алгебра сабағында:.

-Сіз ұнамайсыз дегенмін.

-Түсінбедім?- дегенсіз.

-Сабақ беру тәсіліңіз мүлде ұнамайды. Тәжірибеңіз жоқ деп салғанмын. Содан партаға отырып алып екі бетімді алақаныммен жауып алып жылағанмын. Бүкіл сынып аңтарыла қараған маған..

-Жылама - дегенсіз. Өзіңізді кінәлі сезініп. Сабақ беруім ұнамаса, директордан төменгі сыныпқа ауыстыруын өтінейін. Сендерге тәжірибесі толысқан Жанар апайларың келсін. Оның үстіне биыл ҰБТ. Алгебрадан жақсы әзірлік керек. ЖОО түсу үшін дегенсіз. Жүрегім зырқ еткен. Қорыққам. Сіздің сабақ берген сәтіңізді, сыртыңыздан бақылап қарап отыра алмайтыным есіме түсіп, дереу көз жасымды тыйғанмын. Сөйттім-дағы қосымша сабақ өтіңіз дегем қатемді түзеп. Менің шарасыз, ессіз түрімді көрген Марал да қостай жөнелген.

- Ия ағай, қосымша сабақ өткізіңіз. Математика, емтихан үшін, ҰБТ-ға керек деген. Сонда сіз.

-Жоқ балалар, математика өміріміздің барлық саласына керек. Дүкенде, базарда, жолда, жұмыста деп өз пәлсапаңызды айта жөнелгенсіз. «Өмірдің өзі – математика» дегенсіз соңында. Бейнебір ес тоқтатқан  үлкен кісіше.

Содан сіз келіскенсіз. Қосымша сабаққа. Математканың қыр - сырын үйрену үшін емес, сізді көруге баратынымды сонда да сезбегенсіз. Әлі де. Сіздің тақта алдында сабақ түсіндіріп тұрған кезіңізді көру мен үшін бақыт еді. Ол ғана емес кез келген жерден сізді көру бақыт болатын. Әдемі түріңіз болмаса да, магнитше тартатын неңіз бар өзі а? Сауалыма жауап беріңізші...

Сізді көремін деп жүріп математиканы да меңгердім, тәп-тәуір үйрендім. Сіздің арқаңызда. Сіздің алдыңызда жаман оқушы көрінгім келмей тырысып-ақ бағып ем. Неге екенін білмеймін, ағылшын тіліне деген селқостық пайда болды. Оқығым, білгім келмейді. Қосымшаға кел - деген апайымның сөзін құлағыма да ілмедім. Ол қайдан білсін, ағылшын тіліне деген құмарлығымды, математикаға деген махабатым жеңіп кеткенін. Апайыма деген құрметімнен, ағайыма деген сезімі асып түскенін...

Мектеп бітіру кешінде сізді биге шақырғым келген. Қанша рет ұмсынғанмын. Бірақ батылым жетпеді, сіз ағылшын тілінің апайымен биледіңіз. Қайта қайта...Ең соңында бар ұятты жинап қойып сізді, биге шақырғым келген. Жоқсыз. Таппадым. Ағылшын пәнінің апайын да көре алмадым...Қайдасыздар..?

Содан ебіл-дебіл жылағанмын, мұғалім атаулыны жек көргенмін. Сізді де. Ана мұғалімді де. Бәріне көңілді кеш, мен үшін көңілсіздеу аяқталған. Белді бекем буғанмын. Өзгеруге. Бір жыл бойы жүрегімнің түкпірінен орын алған адамды ұмытуға. Ол қолымнан келмесе, сізден алыстау кетуге. Хал -жағдайыңызды сыртыңыздан ғана біліп тұрмаққа.

Ертең жол жүрем Ағай. Астанаға. Оқуға. Физика -математика факультетіне тапсырамын. Есеп қисапқа жетік болғым келеді. Сіз айтпақшы «өмірдің өзі математика». Өмірде ешкімге ешқашан есемді жібергім келмейді.

Қалта телефонымен смс арқылы жаза салуға да болар еді. Хат жазу ұмытылып бара жатқан мына заманда, сіздей қымбат адамға өз қолыммен жазуды жөн деп таптым. Жауап күтпеймін. Керек емес... Ағай мені, бәрі үшін кешіріңізші.

Сәлеммен сізге ғашық қыз! Кім екенімді енді сезіп отырған боларыз.

Ерлан Райымқұлов



Бөлісу: