Сіз деп өткен жылдарым
Мен өмір есігін ашқалы небәрі он сегіз жыл ғана болды. Сол он сегіз жылым сізге деген сағыныштан, сізге деген шексіз махаббаттан тұрды. Сізге келіп жылағанда жасымды сүрткізіп, қиналғанда қайғымды бөлісіп, жаныңызда саялап өскім келді. Неге мені ағалық мейірімнен кенде қалдырдыңыз? Мен сізді жан айқайыммен шыңғырып барлық жерден іздедім. Жүрегім сіз деп жылағанда да іздедім. Тағатым таусылып, сіздің бейнеңізді басқа жандардан іздей бастадым. Ағалық ыстық ықыласты сыйлай алатын жан табылса ғой дедім. Білесіз бе, мен сізге өте қатты ұқсайтын адамды кезіктірдім. Ол мені қарындасым деп атағанда өзімді тау тұлғалы қорғаны бардай сезініп қалам. Басыма іс түскенде де сол адамға еш қысылмастан айта беретін болдым. Ағалық махабатсыз өткерген он сегіз жылымның орнын толтырып жүрген де сол адам. Сіз, мүмкін, риза шығарсыз. Қарындасыңыз өзіне темірден де мықты сүйеніш бола білетін ағасын тапты. Бір анадан тумасақ та туғанындай көрген сол адамға сіз алғыс айтыңыз. Сол адамның арқасында ғана мен сізге деген өкпе – реніштерімді ұмыттым. Ағатайым, құрбыларым ағаларынан сөгіс естігендерін айтқан сәттерінде менің ет-жүрегім елжіреп сала береді. Неге мен сол сөгістерді ағамнан ести алмаймын? Жеңгелерімен сөзге келіп қалатын сәттерін айтқанда менің жеңгем қайда деп бір нүктеге телміріп қарап ойланып отыра қаламын. Аға, сізге қатты ренжулімін. Мені үлкен әлемге қараусыз қалдырып кете бердіңіз. Менің жайымды мүлдем ойламағаныңыз ба? Қарындасыңыз жетім секілді ағалық махаббатты бөтен адамдардың көздерінен іздеп жүр. Сізге қатты ұқсайтын аға бар дедім емес пе, сол аға енді сіздің орныңызды басты. Мені керек етпеген сізге ашулымын. Сәби шағымда әлдилемедіңіз, құшағыңызға қысып еркелетпедіңіз де. Менен өзге қарындастарыңыз бар шығар, бәлкім... Мені бірінші сыныпқа ақ бантикпен анам апарды. Сонда сіз менің жанымда болмадыңыз. Ақ бантик таққан кішкентай қыз кімге еркелеп өссін? Сыныбымда үздік оқушы болдым. Бестік бағамды аяулы анам мен асқар тау әкеме емес алғаш болып сізге көрсеткім келді. Жетім жетім емес, егер де қасында ағасы болса. Мен жетім емеспін, бірақ ағасыз қалған жалғыздықтың досымын. Ағатайым, білесіз бе, мен сол бірінші сыныбымды қызыл мақтау қағазымен, өте жақсы деген бағамен тәмамдадым. Екінші сынып табалдырығын да сізбен аттағым келді. Ағасы жетектеп әкелген құрбыларыма қызғанышпен қарадым. Қызғанғаным соншалық құрбыларыммен сөйлеспей қойдым. Дәл осылай төртінші сыныптарымды да аяқтадым. Сол бастауыштан бергі өмірім сізге деген сағынышпен өтіп жатты. Сізге өкпе-ренішімді айтып, жанымды жылдар бойы жеп келген сағыныш отын өшіргім келеді. Мен сізді керек еткенімде, шақырғанымда жан дауысымды естімедіңіз. Мені мүлдем ұмыттыңыз. Он сегіз жылым сағынышпен өтті. Армандарым орындалып көп жетістіктерге қол жеткіздім. Алайда, сіздің маған келгеніңізді тілегенде тілегім орындалмай қала берді. Мені мұнша қинайтындай қарындасыңыздың қай қылығы жақпады? Ағатайым, сіз мені ұмытсаңыз да, мен сізді бір сәтке де есімнен шығарған емеспін.