Ағамның үйіне бардым...

Ағамның үйіне бардым...
жеке
блог

Бүгін әкем Р. тәтемнің үйінен бір құрылыс затын әкел деген соң Б. ағамның үйіне бардым. Өзі менен екі жасқа үлкен Б. ағам Р. тәтемнің баласы ғой. Аялдамадан автобусқа мініп, Төретамға жеттім.

Автобус ішінде адам көп болды, бір оқушы қыздың басына қолым байқамай жәй ғана тиіп кеткен еді. Өзім де білмей қалдым. Әлгі қыз қарғап жіберді-ау... Иә, қазіргі оқушылардың жүйкесі жұқа. Мен оның жасында үндемей тұра беретінмін. Әлі күнге дейін біреу ойда жоқта аяғымды басса, итеріп жіберсе де, үндемеймін. Құқық деп талап ететіндей орыс емеспін ғой. Бізде орыстар құқықтарын керемет талап етеді. Сотқа дейін барады.

Киөскі

Төретамға жетіп, вокзал жақтағы жолмен тарттым. Мынау "Фарида" киөскесі. Қазір жабық. Мұндай киөскімен пайдаға қарық бола қоймассың. Дегенмен, оқушы кезімде осының ішінен тәтті-пәттіні сатып алып жейтінмін. Фарида қызы қазір тұрмысқа шыққан шығар. Бәлкім, Төретамнан көшіп кеткен болар. Мүмкін басқа бір жерде сауданы керемет айналдырып отырған шығар. Алла біледі. Бұл киөскі қыста желден ық болады, жазда күннен қық болады.Cool Көлеңке болады ғой.

Опырылған жер

Күнге ысып келе жатсам, мына қызыққа тап болдым. Біздің вокзалда пойыз 8 минуттан артық тұрмайды. Батыстағы бауырлар біз арқылы Оңтұстыққа өтсе, оңтұстықтағы "оппанайлар" Батысқа жол жүреді. Пойызда тамағыңыз, суыңыз таусылса, маған хабарын беріңіз. Мен вокзалға тез жете қоямын. Батысқа жол жүрсеңіз, бақытты боп барасыз, ал Оңтұстыққа жүрсеңіз... обшым мені түсінген шығарсыз. Пойыздан біреу зат-патымен секірген болса керек, тым жақсы тұрған жерді опыртып жіберіпті. Болмаса уақытша жұмысқа жалданған студент-оқушылар жерді шала-пұла тегістей салған. Күн де ыстық болады ғой. Жұмыс аяғына жетпей жатып, адамдар әй-шәйға қарамастан таптап өте берген шығар. Пойыздан қалып қойған адамның ашуы осыған жеткізген болуы да бек мүмкін.

Ағамның үйіне жеттім. Әкесі С. аға ғана үйінде екен. Р. тәтем қалаға кетіпті. Ағам әлі келмеген екен. Мән бермедім. Әкем сұраған затты бес минут ішінде дайындап бере қойды. Ә. інімді ұйықтап жатыр деген еді, бөлмесіне барып қарасам, онда жоқ. Сыртқа шығып кеткен ғой. "Ал, жақсы, аға!" - деп мен де үйден шыға қойдым...

Үй ішінде өзімді жайсыз сезіндім. Бес-алты бөлмелі, құрылысы тәуір үй. Дүние-мүлік те аз емес. С. ағам да көңілсіз жүр. Б. ағамның қайда екенін білмедім. Хабарласып едім, телефонын көтермеді. Жауап жоқ. Менің мазамды алған нәрсе - жеңешемнің үйде жоқ болуы. Иә, ағам бірде ашумен сөзін сүйектен өткізген болса керек, жеңешем үйден кетіп қалған екен. Үйленіп шаңырақ көтергендеріне жыл да болған жоқ. Бірақ...

Жалпы, ағамның мінезі мәз емес. Қатты кісі. Бір жағынан, жұмысы да жүйкесін жұқартқан болса керек. Тергеуші ғой. Соңғы кездері қағаздары көбейген, істері көбейген, жұмыстан үйіне түндерде қайтады. Кейде менің үйіме қонады. Азанда 8-де қайтадан жұмыста болуы керек. Бәлкім, ағам мінезді болмаса, бұл жұмысты жақсы атқара алар ме еді. Күн сайын ойран боп жатқан отбасылардың оқиғасы, неше түрлі толып жатқан қылмыстар кез келген адамның санасына оңай бола қоймас.

Жеңешем үйде болмаған соң шаңырақтың шырағы сөнген сияқты көрінді. Жәй ғана ағамның мінезінен шаршап, өз үйіне кетіп қалған екен. Бірақ ағамның мінезін о бастан білетін. Сабыры да таусылған шығар. Бір жағынан, жүктілік кезеңде әйел адам деген басқаша сезімде болады ғой. Дегенмен, ойына алғанын жастық шақтың әсерімен жасаған болар. Алайда құрған жанұяңды қорғансыз далаға тастап кетуге болмайды ғой. Кеше ғана құрған шаңырақты оп-оңай шайқалтып кетіп, кейіннен қалайша еркін өмір сүруге болады екен? Мүмкін емес қой. Риясыз, кесірлі ойсыз бірге ойнап-күлген күндерді естен шығару мүмкін бе? Сонда мен, басқа да туыстарым ағам шаңырақ көтерген кезінде өтірік күліп, мәз болғандай болып, жалған сөйлеп, актер болып рөлімізді ойнаған болдық па?

Ағамның қателігі. Жеңешемді соңғы кездері төркініне көбірек жіберді. Қондырды, тіптен. Әлбетте, әйел адамның да әке-шешесі бар ғой. Баруы керек, сағынады. Енесімен сырласпайтын болса керек, шешесіне сырын бөліскен шығар. Ақылды біреуі табылып, отқа май құйған шығар. Жүйкесін жұқартып, данагөй біреуі "даналығымен" бөліскен шығар. Бірақ ағам қайтып келеді деп сенімді түрде айтып отыр. Ағамның сөзге келмей қалатындай уақыты да жоқ. Көлігін сатқан соң күннің астында жаяу жүрген кезінде бүлік басталғандай боп тұр ғой. Бір жағынан, ағам да тым қатты-ей! Арасында еркелетіп, айтқанын орындай қоятын әдеті бар еді.

Жеңешемді кінәламаймын. Бұл мәселеге біржақты қарай алмаймын. Екеуі де бір-біріне бағынғысы келмей тұр. Жанұя, шаңырақ деген ұғымды басты назарға алмай тұр. Енді менің тілегім екеуі қайта тіл табысып, татуласса екен деймін. Ажырасып жатқандардың санын өсірмесе екен деймін. Негізі, екеуі де бір-біріне ұқсайды. Мен де жеңешеммен үнемі әзілдесіп жүретінмін. Оның пісірген тамағын тауыспай дастархан басынан кетпейтінмін. Осы күнге дейін екеуі де тым жақсы жүрді. Енді келіп бір бес минуттық әңгіменің ішінде екеуінің де жүрегі екі жаққа қарап қалды.

Рас, өзім үйленбеген соң жанұя тақырыбында артық сөйлей алмаймын. Тіпті, маған сөз сөйлеуге кейбір адамдар қарсылық танытуы мүмкін. Иә, алдымен үйленіп алуым керек, содан соң көсіліп сөйлеуім керек. Әлгі кімдер сияқты болдым ғой, отбасына сөзі өтпейтін немесе жөнді асырай алмай отырған адамдар Елбасыға қарсы сөз сөйлеп, бірлікті бөлгісі келеді ғой. Ендеше үйленген адамдарға өтінішім бар:

Үйленген соң алғашқы сөзге келіспеушілік қалай болды, қандай оқиға орын алды, нәтижесі қандай болды? Жалпы, сөзге келіспеушілік қандай мәселелерде орын алып тұрады? Сөзбен жеңген маңызды ма, әлде келісімге келіп, шаңырақтың шаттығын сақтап қалған қайырлы ма? Міне, осыған ұқсас сұрақтар, жалпы. Әй, бірақ жауап беретіндер табыла қоймас. Көбісінің уақыты да жоқ шығар. Ал жауап жазатын адам болса, бөлек жазба етіп жазса екен деймін. Шаңырақ көтермеген жастарға бір сауапты сабақ болсын. Үйленбеген адамдар "былай ойлаймын, солай ойлаймын" деп жауап жазбаса да болады. Одан да үйлі адамдардың сөздері сенімді, пайдалы. Әй, бірақ ешкім жаза қоймайтын шығар. Маңызды мәселеге осылай жауапсыздық танытасыздар ғой енді...

Сөйтіп, ағамның үйінен қайттым. Жеңешем қайтып келер деп үміттенемін. Кімнің дұрыс болғаны, бұрыс болғаны маңызды емес, екеуінің татуласып, шаңырақтың шайқалмауы маңызды болып тұр ғой. Жеңешем де күзге қарай дүниеге сәби әкелуі мүмкін.

Әкеме әлгі құрылыс затын апарып бердім де, үйге қайттым. Үйге жеткен соң анама Activ-тың 500 бірлігін сатып әкелуге кеттім.

Королев

Жолда осы жерді байқап қалдым. №3 орыс мектебінің жанында тұрған жақсы жер ғой. Гүлдері енді-енді өсіп жатыр.

Суреттер

Білемін, "Протонды" жек көретін шығарсыздар. Маған да "Протон" қызықты емес. Бірақ әркімге туған жері ыстық. Орыстарға жалға берді екен деп туған топырағыма "тышып" кетпеймін ғой. Тағдырдың реті осы. Соғыспен ештеңені шешу мүмкін емес. Тек өзіңе де, өзгеге де қиянат келтіресің. Бейбітшіліктің болғаны жақсы. Есесіне, заман да тек біліммен, ғылыммен озатын тұста тұр. Білімсіздік болғандықтан соғыстар пайда болуда.

Протон

Осы сурет маған ерекше ұнады. Суретке қарасаң, тек әппақ фонды көресің. Алайда зиянын адамдар көріп жатыр. Шүкір, қаланың жағдайы жаман емес. Тоқшылық. ЦЭНКИ-де жұмыс істейтіндердің айлығы жақсы. Жүз мың теңгенің үстінде. Мәскеудегі қарапайым орыстардың өзі ондай ақша ала бермейді. Жә!

Өкінішке қарай, телефоныммен түсірген видеоны енгізе алмадым. Браузерімнің нәстірөйкісен болар. Сол себепті видеоны "Байқоңыр" сілтемесін басу арқылы көре аласыз. Міндетті түрде қарап көріңіз. Басқаша көрінуі мүмкін. Әрине, видео сапасы 720 HD емес, дегенмен, 480-мен де жақсылап көруге болады.

Панно

Осыған дейін осындай болған ғой. Күз мезгілі болса керек мынау. Мына суреттері де жаман емес сияқты. Тек бұл суреттерді жыл сайын бояп жататын. Ал қазір сурет қылып іле салады да, түнге қарай жарығын жағып қояды.

Алатынымды алған соң, үйге кері қайттым. Ертең интернетім бір айға өшіріледі. Бір айға жетерлік азықты "жүктеп" алғам. Аман болайық!Embarassed