АҒА...

АҒА...
жеке
блог

        «Сені ағаң кіреберістен бетіңнен сүйіп күтіп алып, кетеріңде де солай шығарып салады. Ал ол кім көрінгенге ондай пейіл көрсете бермейді...». Апа екеуміздің әдеттегідей телефон арқылы ұза-а-ақ сөйлескендегі әңгіме арасында айтылған еді бұл...

        «Осы қызды, үп-үлкен болса да, бетінен сүйіп жатасың ылғи», – деді тағы бірде. Бұл – өзім үйге кезекті бір келгенімде апаның айтқаны....

        Әскери борышын атқарар жасқа жеткен ұлға ана болсам да, менің бала болып еркелейтін бір үйім осы – сіздер отырған қасиетті қара шаңырақ. Мұны өзімнің Асекем жақсы біледі. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршағанда, өзімнің жауапкершілігі зіл-батпан өмірім қажытқан сәтте осы бір жылылық пен мейірімге толы үйге келем. Өйткені бұл – өзгелерге айтпайтын өзімнің ертегідей ғажап мекенім, ақыл айтар қарты бар қазына-шаңырақ.  

        Сіз әзіл-қалжыңды көп айтасыз. Астарлап. Кейде түсінбей қара-а-ап қалам, айтқаныңыздың астарын, мағынасын түсінген сәтте ішек-сілем қатып күлем. Өз басым өмірде айтқанын екі етпей орындайтын әрі қатты сыйлайтын екі адам болса, соның бірі, жалғыз адам болса, соның өзі – апа. Апаның мінезіне үйрене бастадым дегеніммен тура айтып тастайтын тік мінезінен қаймығам. Өзімсініп ұрсатынын да білем. Өзгелерге көрсететін тентек мінезді апаға көрсете алмаймын бірақ. Өйткені ол кісіні қатты құрметтеймін. Ал сізбен барынша еркін сөйлесе аламын... Апаны ерекше сыйлайтынымды да сізден артық ешкім білмейтін шығар...

         Бірде әдеттегідей қайтарда «Асқарға алып кет» деп дайындаған апаның сәлемдемесін қара басып ұмытып кетіппін. Ары қарай жұмысыма келдім. Сосын барып қана үйге қайттым. «Айеке, не бүлдірдің?» – деп сөйлей есік ашты ұлым. Аң-таңмын. Ештеңе бүлдірмегенім өзіме аян. Бір кезде-е-е... Дайын сәлемдемені алмағаным есіме түсті... «Апаң хабарласты. Звонда. «Ет те жейсің, сорпа да ішесің қазір» деген баламның жүзіне мысқылдай қарадым. Апаның қолжазбасын оған үнемі оқып беріп жүретін едім... Әрине, сәлемдемені ұмытқаным үшін «ет те жедім, сорпа да іштім»... Осы оқиғадан соң «қайтарда апаңнан не беретінін сұрап ал» дейтін болдыңыз.

          Әр келген сайын тек мейірімге ғана шүпілдеп толып тұратын көздеріңізді көрем. Қайтар кезде есіктің аузына дейін шығарып салып: «Асқардың бетінен сүй! Абайлап жүр, күнім!»  дейсіз. Жүрегіңізден шыққан осы сөздер өн бойыма шуақ таратады. Аялдамаға жеткенше сіздерге тек амандық тілеп, аллаға шүкіршілік айтам. Бұл менің бұлжымайтын әдетіме айналған...

        Ақтауға жол жүретінімді айттым. Әдеттегідей шығарып салдыңыздар. Он шақты күннен кейін келе сап қоңырау шалдым... Апа сіздің ауырып қалғаныңызды айтты. Телефонның ар жағында – апа, бер жағында мен. Үнсіз қалдық. Көз жасымызға ие бола алмай қалған едік сол кезде... Арада біраз уақыт өткен соң көрдім сізді. Жүдеп кеткен түріңізді көріп жүрегім аунап түсті... Жансақтау бөлімінің ұнамағанын айттыңыз...

           Әдеттегідей аялдамаға жеткенше амандықтарыңызды тілеп, құдайға жалбарынып келем. Көшеде жылағанға ұялмадым сол жолы. Автобус күтіп тұрғандардан еш қымсынбадым да...

         Тағы бір келгенімде: «Апама еркелеп болған жоқсыз ба?» – дедім хал сұрасқан соң. Жазыла бастағаныңыз өңіңізден байқалды. Бұл күнде бәрі артта қалды. Аллаға шүкір, аға, алдымен алла, содан кейін апаның күтімінің арқасы. Ешқашан ауырмаңызшы...

Сізден көп нәрсені үйрендім, аға. Қиындыққа мойымауды, қайғыны жеңуді, түсінуді, жүрекке жазылмастай етіп жара салған адамдарды кешіре білуді... «Қай кезде үйреніп жүр бұл...» деп таңғаласыз ғой иә... Апаның айтқандары арқылы, жазғаны бойынша сізден тәлім алдым... Өйткені сіз екеуміздің тағдырымыздағы кей ұқсастықтар менің сізден үлгі алуға мәжбүрледі. Өзімді қинап келген сұрақтарға жауап таба білдім... Тәубе!  Сіздерге әр келген сайын көңілім тазарып, арқама қанат байланғандай күй кешем. Пенделіктен де алыстай түсетіндеймін... Аллаға шүкір!

Бүгін сіздің туған күніңіз, аға! Жердің бетіндегі барлық жақсылықты тілеймін! Апа екеуіңіз немерелеріңіздің қызығын көріңіздер! Осы жазбамды сізге арнап, «моему любимому дедушке, у которого в груди бьется золотое сердце» деген сүйікті Мәдинамыздың сөзімен аяқтадым. Өйткені сабағы тым ерте кесілген раушан гүліңіз – Макушаңыздың сізге берген бағасына ештеңе жетпейді деп ойлаймын.  Аман болыңыз, менің Бақытжан ағам, ешқашан ауырмаңыз!