А...ға
блог
Қадірлі А......! Қалың жақсы жүрсің бе?
Арада күндер өтті. Көктем сырғып барады...
Алты ай бұрын өзіңе назарым түсіп еді, мына әлемнен сені тауып, арман мұратымды жолықтырдым деп қуанғанмын. Сонау қараша күзде, мен мәңгі ұмытпайтын түнде, жанарыңа ұзақ қарағанмын... жүрегім қағысынан жаңылып, уақыт ағысынан жаңылып-ақ кеткен. Арманымның бейнесі, жүрегімнің идеалы болып, бар болашағыма нұр шаштың шіркін сонда.
Өзіңе жетсем деп әбден асыққанмын. Мына ғаламға сыймай алып ұшқанмын. Дауысыңды естісем балаша қуанатын ем. Күлкіңді естісем бір жасап қалатын ем. Әр бір сөзің қуат сыйлайтын. Ерке назың ұйқымды ұрлайтын. Тәтті түстерімнің басты кейіпкері едің, Алатаудың гүл майса бауырында, жұбымыз жарасып, бағында адасып қос тарланның үстінде қатарласа шабатын едік. Көкек ән салған, қызғалдақ құлпырған көк бел гүлге оранған, мәңгілік махаббаттың отаны іспетті табиғатты бір ғашыққа байытып біз де келетін едік. Лала гүлдің аңқыған жұпарын искеп сырласатын едік. Бірде құшағымнан босатпай, ақ тамағыңнан қытықтай өпсем, бірде аспанға бірге телміретін едік. Арман Тауға бірге сапар шегетін едік ау...
Алматыға менде келдім көктеммен бірге. Сен жоқсың. Қазір болса Алатаудың бауыры нағыз махаббат бағы. Көк орай шалғын, гүлді қырқалар. Мен жалғызбын...
Асылым, тектім – Айым, керімім! Саған кешіге бассам да келдім, жолыға алмадық. Кім білсін, маған лайығы сол болған шығар, шамамның жеткені сол болды, пендемін ғой, пендемін... Махаббатымның лайықты сыйы сол деп біліпті тәңірім, көндім. Өзіңнің де кесімді сөзің «мазалама» болды, оған да көндім. Астанаға таудай үмітімді қалдырып кетсем де, үлкен махаббатымды тастамадым бірақ. Осы қырық күннің ішінде мазаламауға барынша тырыстым, мазаламадым да. Енді міне саған тағы хат жазып отырмын.
МЕН СЕНІ ӘЙЕЛ ЗАТЫНЫҢ АРДАҒЫ, ҚЫЗ БІТКЕННІҢ СҰЛТАНЫ ДЕП БІЛЕМ. ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ ДЕП СҮЙЕМ.
Қайырылмассың бәлкім. Мен көрген түстің көк шалғыны келмесе де, қызыл дипломы келсе екен. Ертең оқуыңды тамамдап, үлкен өмірге қадам басқаныңда алдыңнан талай қиындықтар шығады. Сенім байлап, үміт артып жүрген жандар неше қиянат пен қиястық жасайды. Сондай шақтарда мойымағайсың. Арманы астас, қаны туыстас, жаны тағдырлас талай досың аяғыңнан шалады. Сондай шақтарда аласармағайсың. Қолдап, қолпаштап, ардақтап, әлпештеп жүрген талай замандасың күндестік, қараулық көрсетеді. Сондай шақтарда жасымағайсың.
Сенімен шаңырақ көтергім келеді. Бақытты үйіп-төгемін деп айтпаймын. Бақытты бірге жасайық деймін. Сөз байлассақ, қол ұстассақ деймін, қиындық-асуларды бірге асайық деймін. Жаз аунамай, жапырақ сарғаймай тұрып дос-жаранымыз той жырын айтса екен деймін...
Сабырға көмілдім, сағынышқа шомылдым.
Сеніміңе зәрумін...