Әдемі орамал таққан қыз...
блог
Сәтсіз... Күндерім.
Білмедім не болар ақыры.
Реңсіз көшелер...
Көріксіз көктемім бұл менің.
Қарасам ауысар ақылым,
Жарасар жаныма гүл ме едің?
Өлеңім...
Өмірім секілді.
Бұралаң жолдарға тартады.
Қызға арнап анау бір кекілді
Ән айтқым келеді...
Кеңге сап арқаны.
Әуенім... Мұңдылау... Білемін.
Айыпты емес ем алдыңда.
Сұлуды сүйетін жүрегім,
Сен тағы сүрініп қалдың ба?
Өзгелер өзінше күн кешер,
Өзімнің ғұмырым көп маған.
Өзіңді өмірде көрмесем,
Сүюді сөз дер ем оттаған.
Кір қала...
Көктемнің сағынам жаңбырын,
Жұбату күтпеймін өзгеден.
Көңілсіз...
Өзіңсіз тағдырым.
Мен қалай өзгерем.
Шашыңнан сырғыса саусағым,
Қасыңнан табылар қай сері?
Ұйқысыз түндерден шаршадым,
Есіме салатын Ай сені...
Бұйырса...
Бақ тауып алармыз,
Жолымыз түйіспес жақтан біз.
Көп болса қосылмай қалармыз,
Әдемі орамал таққан қыз!