"Әдебиет дегеніміз – әулиелер мекені"

"Әдебиет дегеніміз – әулиелер мекені"
жеке
блог

Сөзді төтесінен тартайық. Енді елу, жарайды жеті жүз жыл өтті дейік, сіздің бүгінгі шығармаңыз (поэзияңыз бен прозаңыз) ертеңгілік низамның жоралғысына жарай ала ма, жоқ па, МӘСЕЛЕ СОНДА. Жемір уақыт сіздің атағыңыз бен абыройыңызға мемлекеттік сыйлығыңызбен парасат орденіңізге пысқырып та қарамайды.
Кешегі “менмін” деген мықтылардың көбісінің аяғы көктен келді. Тағы да талайларымыздың ізім – ғайым жоқ боларын көзіміз көрер, көрмесек рухымыз сезер. Әңгіме төркіні әдебиет жайында болып отырғандықтан Мұстафа Шоқайдан бір үзім мысал келтірейік: “Әдебиет аяққа қарай тігілетін шақай емес”. Көбігінен арылған дұрыс пайым. Біз бұған әдебиет бүгінге емес, ертеңге (оқырман санасының жаңа сапалық қабаттарға көтерілуіне) қызмет қылу керек деген тезисті түзген болар едік. Олай болса Абайға Әбділдә, Тыныштықбекке Несіпбек тең бе? Әдебиет дегеніміз – әулиелер мекені. Ақын мен жазушы дегендеріңіз бұл ұғымнан садаға кетсін.
Пенделіктен кіндік үзіп, ОСЫ шақтан КЕЛЕР шақтық кемеңгерлікке өте алдыңыз ба? Өткен болсаңыз, кеңістік кілтіне иелік етер әулиелік дегеніміз осы. Ол күллі көне қағидаттарды қиратушы, әм алдағыны бағдарлаушы ЖАҢАШЫЛДЫҚ. Бұның бірін де сезбеген екенсіз ақ қағазды ермек үшін алабажақтамай – ақ қойыңыз. Бәрібір “өлгендер қайтіп келмейдінің” кебін құшасыз, замандас…

Ықылас Ожайұлының фейсбуктегі жеке парақшасынан