Қазақ журналистикасының тарихында өз орнын ойып қалдырған «Абай» журналы.
Бұл басылымның шығу тарихы, негізгі бағыты, концепциясы туралы мәліметтер өте аз, тіпті толыққанды зерттелмеген. «Абай» журналы жайлы ақпараттарды, қазақ баспасөзін зерттеушілердің мақалаларынан таба аламыз.
«Абай» журналы 1918 жылы Семейде жарық көрген. Әдеби «Абай» журналын шығару жөнінде алғашқы ұсыныс, 1914 жылы қазақ зиялыларының арасында қабылданған болатын. Журналдың негізін салушылар һәм редакторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов. Осыған дейін басылымның 11 саны оқырман қолына тиіпті. Бірақ соңғы шығарылымынан хабары барлар бірең-сараң.
«Абай» әдеби журнал болған. Оны жергілікті серіктестік қаржыландырып отырған. Соның өзінде-ақ тұрақты 900 оқырманы болған деседі. Мұқабасы қарапайым, кейбір сандары 16-17 бет, кей сандары 21 бет көлемінде шыққан. Басылымда әңгіме-хикаяттар, Мұхтар Әуезовтың мақалалары, Абай мен Мағжанның тың өлеңдері жарияланып тұрған. Журналда шығарушы редакторлардан басқа Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Садуақасов, Халел Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі жарияланған.
Журналдың әрбір шығарылымында өзіндік ортақ ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, тұрақты айдарлардың болуы. Бұл айдарларға «Абай сөзі», «Басқармадан жауап» және «Абайдан соңғы ақындарды» жатқызуға болады. Біріншісі Абайдың қара сөздерін, екіншісі ресми құжаттарды, соңғысы - Абайдан кейінгі поэзия үлгілерін жариялаған.
Сейтқасымова Самал Саматқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті