Адамзаттың Абайы

Адамзаттың Абайы
жеке
блог

      Таңның алғашқы арайы тау артынан сығалай бастаған кез. Қызыл шапақ кереге бастарын қыдыра қуалайды. Осы мезетте төрде жатқан Құнанбай ұйқы үстінде мазасызданып, маңдайы жіпсіп, терлеп кетті. Оның түсіне бұл кезде 18 ғасырларда өмір сүрген, тобықты руынан шыққан өзінің кемеңгер бабасы Әнет баба кірген-ді. Ұлылық нышанындай ақ бұлттардың арасынан бабасы нұр шашып тұрып, ”Ибраһим”-деп қысқа ғана үн қатып, ғайып болды. Құнанбайдың осы түсінен көп ұзамай, әйелі Ұлжанның босанғаны жайлы сүйінші хабар келеді. Бабадан келген аянды ырым көрген Құнанбай ұлына Ибраһим есімін бергізеді. Сол уақыттарда ел ішінде беделі асқақ, билігі жүретін аға сұлтан өзімнің ізімді жалғар деген сеніммен көзінде жалыны бар, зерек болып өсып келе жатқан Абайға іштей үлкен үміт артады. Тіпті, топ ішінде «не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші»-деуінің астарында да көп айтыла белмейтін ата көңілінің баласына деген сейілмес сенімінің, үзілмес үмітінің көрінісі жатыр еді. Құнанбай өзі де текті елдің ұланы, текті әулеттің ұлы болды. Соған сәйкес, ел ішінде қатал да болса, әділ тұлғасымен дараланып тұратын.

“Тектіден текті туады,                                                                                                         

Тектілік тұқым қуады”- деп ескілердің айтқанындай тектілік, әділдік, елдің қамын жейтін елінсүйгіштік мінездері Абайдың бойына әке қанымен келген ізгі қасиеттер еді. Ал Құнанбай ұлының бойындағы осы мінездерін сырттай танып, Семейде білім алып жүрген небәрі 15 жасар Абайдың бұдан кейінгі уақытын “ғылым  бағуға” емес, “ел бағуға” жұмсауын жөн деп білді. Ел ағаларының бас қосқан жиындарының басы қасында жүріп, жас Абай шешен сөйлеуді, қара қылды қақ жарар өткірлікті үйренді. ”Әуелі әке балаға сыншы”- демекші, Құнанбайдың оңашада ұлына таққан үш мінінің бірі мынау:” Ең әуелі сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің, жайдақ су секілдісің, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды...(М.Әуезов.  Абайдың туысы мен өмірі.)  Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні,-деп жазды әдебиетші, ғалым Серік Қирабаев,- тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз  жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды , көреген, қайырымды, батыр адамдарының бірі болған. Расында, Құнанбайдың бұл айтқаны дa Абайдың кейінгі әкімшілік өмірінде көп ұшырасты. “Көңілім қалды достан да дұшпаннан да”-, деген өлең жолдарының өзі де оның қаншама рет сатқындық пен опасыздықтың құрбаны болғанын айғақтауға жеткілікті. Бәлкім, Құнанбай осы мінін албырт мінезді Абайға емес, ес түзеп, ел ағасына айналған Абайға білдірген болса ол әке ойымен санасып, өз мінін қабылдаған болар ма еді. Олай дейтінім, қырықтың қырынан асып, жер ортасы жасына келгенде ақын қайтіп тізгін ұстамауға бел байлап, балаларының тәрбиесі мен шығармашылыққа ден қояды. Ол өмірінің ең жалынды кезеңін болмайтын елді түзетуге жұмсағанына іштей өкініп, ендігі кезекте өзінің білім таяздығын сезініп, молайып қалған орыс достары арқылы батыс әдебиетіне жол салады. Өз кезегінде оның Семейге жер аударылып келген жаратылыстанушы, ғалым Е.П.Михаэлиспен  кітапханада кезігіп, кейіннен жақын достарға айналуы Абайдың орыс классиктері  Пушкин, Толстой, Лермонтов, Крылов, Салтыков, Некрасовтармен және Шекспир,  Байрон, Гёте, Дюма сынды еуропалық ұлы ақын-жазушыларымен, философияның саңылақтары Сократ, Паскаль, Аристотель, Спенсер, Дарвин т.б ғұламалармен танысуына  себеп болды. Ақынның “Дүниеге көзімді ашқан  Михаэлис”- дейтіні де осыған байланысты айтылса керек. Батыс әдебиетін жүйелі тұрде оқып, зерттеген Абай біртіндеп аудармаға да бет бұрып, Батыс классиктерінің шығармаларынан өршіл, бостандықты аңсаған, әділетсіздік пен санасыз тобырлықты бейнелейтін мысалдарды көптеп аудара бастады. Ақынның өз өлеңдері де ерекше сарынымен, өзгеше өңімен танылатын, лирикаға толы болып келеді. Әсіресе, табиғат көрінісі, мезгілдер мен әйел затының сұлулығын бейнелейтін өлеңдері оның ұлы суреткер екенін анық көрсетеді. Абайтанушы Омар Жәлелұлы Абай мен оның шәкірті Шәкәрім шығармашылығы “Адам бол” деген идеяға негізделгенін және өзіндік пайымы, адамгершілігі, иманы барлар ғана адам атына лайық деген тұрғыдa олар сол идеяның насихатшылары болғанын айтады.          

        1888 жылдардан Абай билік тұғырынан біржола түсіп, қайтіп бұрылмасқа байлағанымен, ол қайреткерлік жолын еш уақытта тастаған емес. Оның ендігі құдіреті билік емес өнері болып, парақор болыс, жөнсіз биді, тіпті отаршылдық саясатты “улы сия, ащы тілмен” ашық әшкерелей бастады. Міне, ұлы ақынның қоғамдағы көрсоқырлық пен араздыққа қарсы іштей наразылығы әрі одан арылуға деген үміт ұшқыны оның реалистік тұлғасын қалыптастырды. Демек оның ақындығы мен қайраткерлігі өріле біткен тұтас бір дүние деген сөз. Біз білетін алаш ордашылар да ақынды “қазақтың бас ақыны”- деп әспеттеп, рухани көсем санағаны ұлтшылдық пен бостандыққа талпынған батыл қозғалыстың қайнар көзінде Абай жасап кеткен тарихи бетбұрыстың бағдарламасы жатқанының белгісі екенін баса айтқымыз келеді. Абайдың 38-ші қара сөзінде былай делінеді: “Әрбір ғалым- хакім емес, әрбір хакім-ғалым.” Бұл сөзімен ол “дана”, “әр нәрсенің сырын іздеуші” мағыналарын білдіретін бұл атауды ғалымнан да жоғары деңгейге нұсқайды. Ал Абайдың өзі шын мәніндегі “хакім” болған. Сонысымен де ол жаңа заманның бет бейнесін, кейінгі ұрпаққа ненің қажет, ненің қажетсіз екенін анық түсінген. Сөйтіп тілге жеңіл, жүрекке жылы, сыры қорғасындай салмақты асыл ойларын философиялық озық көзқараспен сабақтастыра жеткізген. Бір қарағанда, қара сөздер ақынның тек өз ішін ғана кернеп келген буырқаныс, жалынды сөздері мен отты ойларының жанартаудай атқылап, ақ параққа төгілген көрінісі сияқтанады. Көптеген абайтанушылар оның өлеңдері мен қара сөздерін екі бөлек зерттегенді жөн көреді. Өйткені Абай өлеңдері оның шығармашылығының басты арнасы болса, қара сөздері оның өмірінің мазмұны іспеттес. Қара сөздерді оқу-жай ғана кітап оқу емес, осыдан 130 жыл бұрын ашылған өмір мектебінен сaбақ алу, бүкіл дүниеге ұлы Абайдың кемел көзімен қарау деген сөз.

        Ақынның өрнекті өнері қарыштап дамыған тұста оның өмірі біртіндеп сөне бастаған еді. Әуелі інісі Оспаннан айырылып, қабырғасы қайысқан Абай жақсы көретін ұлдары Әбдірахман мен Мағауияның өлімінен кейін мүлдем есеңгіреп қалды. “Мені қайғы жеңген екен”-деп ұзақ уақыт үнсіз жатып, дүниемен бақұлдасқан деседі. Дегенмен, артқа өлмейтұғын із қалдырған Хакім Абай өзінің қадірін білер елі барда ешқашан өлмек емес. Қазірде біздердің оны ірі құндылыққа балап, ақынның 175 жылдығын кең көлемде атап өтіп, өнегесін мәңгілік болашаққа тұсбағдар етуіміз де, міне, соның айғағы. Бұдан кейінгі уақыттарда да ол тек қазақтың қайталанбас ақыны есебінде ғана емес, бүкіл әлемге ортақ “Адамзаттың Абайы” деңгейіне шарықтап шығатын болады. Себебі “адамзаттың бәрін сүй”- деп өсиет еткен ақыннан адамзаттың бәріне үлгі боларлық өнеге табылмауы мүмкін емес.