Халқымыз табиғатты анаға теңеген. Адамзат ана арқылы өсіп өнсе, табиғатта тіршілік өсіп өнеді. Сол табиғат байлығын бір кездері аяусыз жойып, ағашын да, хайуанаттарын да түп-тамырымен құртуға дейін бардық. Табиғатта басы артық ештеңе жоқ. Табиғат сырын терең білмей, оған немқұрайлы қарау үлкен апатқа соқтырады. Бір кездерде табиғатты бағындыруды мақсат тұтып, ормандар аяусыз балталанды, аң құстар шамадан тыс ауланды, жер жөн-жосықсыз жыртылып, топырақта эрозия пайда болды. Соның салдарынан бүгінгі таңда адам баласына ядролық апаттан гөрі экологиялық апат аса үлкен қауіп төндіріп отыр. Экология деген сөз "тіршілік ету мекені, өмір сүретін орта" туралы ғылым дегенді білдіреді. Яғни, өзің өмір сүріп отырған ортаны тану. Біз өзіміз оны қаншалықты зерттеп, зерделеп, қорғап жүрміз, бұл бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің бірі болып табылмақ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің биология факультеті студенттері өзара дебат ұйымдастырды. Оның тақырыбы қоршаған орта, яғни экологияға арналады. Әркім өз туған жерінің таңғажайып табиғат көріністерін суреттеп, туристік жерлерін мадақтап, өзені, көлі, тауы жайлы көркем әңгімелер айтып жатты. Менде өзімнің туған өлкемнің тамаша жерлерін көз алдыма елестетіп, тауы, ыстық шипалы суы, әлемде екі-ақ жерде кездесетін Шарын шатқалы, ерен тоғайы, шыршалы тауларымызды сағынышпен есіме алдым.
Атақты биолог Эрнест Геккель "Экология-табиғат пен тірі ағзалардың өзара қарым-қатынасын зерттейтін ғылым" деген анықтама берген болатын. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем алдында экология мәселелері тұр. Адам өміріне экологиялық зардаптардың әсер ете бастауы олардың қоршаған ортаға жыртқыштықпен қарауының салдары. Бүгінде санасында сәулесі бар әрбір адамды туған жердің табиғатының тағдыры толғандыруы керек. Қарапайым ғана мысал. Ауылдық жерлердегі экологиялық, санитарлық, эпидемиялық жағдайды адамдардың өздері нашарлатып отыр емес пе? Көшеттерді көптеп отырғызудың орнына ағаштарды отындыққа кесіп, одан қала берді үйден шыққан қоқыс, күлдерді есіктің алдына, ел жүретін жерге төге салатын жаман әдеттен арыла алмай-ақ қойдық. Өз басым табиғат ананы қорғаудың бірнеше жолдарын ұсындым. Ең алдымен әр адам күл, қоқыс, азық-түлік қалдықтарын төгетін белгіленген орынға төксе, жаңадан отырғызылған жас көшеттерді қамқорлықтарына алса. Ұсақ-түйектен басталатын жұмыстар уақыт өте келе ауқымдала түсетіні ақиқат. Әрқайсысымыз гүл өсіруді, ағаш баптауды қолға алсақ, оған күтім жасасақ экологияға қосқан үлесіміз болар еді. Айналамыздың бау-бақшаға толып, тап-таза болуына көңіл бөлсек керемет. Дебатта өз ойларын ортаға салған студенттердің барлығы дерлік осындай мақсатты көздейтіндіктерін білдірді.