Адамның ойы да көркем, бойы да көркем...
блог
Адам – өмірдегі ең маңызды тұлға. Өмірге келген күннен бастап нәресте – адам болып қалыптасқанша мына жалған дүниеден сабақ алып жетіледі. Өмірдің сан соқпақ жолдарымен өтіп, небір тағдырдың куәсі болады. «Адамның ойы да көркем, бойы да көркем», деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, расында адам баласының бойы өскен сайын ойы да өседі. Ойлау дәрежесі көтеріледі. Адамдық игі қасиеттерің бойыңа жинақталып, ойың арқылы сараланады.
Біз – «қазақ» деген ұлы халықпыз. Біздің бойымызда қасиетті қан мен зор құдіреттің сынығы жатыр. Кез келген қазақ ұрпағының бойында ата-баба аманат еткен асыл ой жатыр. Сол ойдың түбінде адамды адам ететін талап жатыр. Иә, әрине біздей ұлы халықтан ойы көркем, толғауы терең, санасы кең зор тұлғалар дүние есігін ашқан. Даналықтарымен әлемге ақыл-ойдың парасаттылығын шашқан. Күннің нұрындай шашыраған шуақтан мына біздей ұрпақтарына сол ақыл-ойдың түйірінен із қалдырған. Сондықтан да біздің көркем ойлауымыз ата-баба қанынан дарыған қасиет деп білемін.
Ойлау арқылы адам ішкі жан дүниесін көрсете алады. Ой арқылы сана сезімнің астарын байқатады. Ойын әдемі де көркем, кестелі сөзбен жеткізген адамның бойында өзгешелік орын алады. Өйткені, қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ғана ажыратады. Тұла бойында бір мін жоқ сұлу адам өзінің сұлулығын ойымен ғана дәлелдейді.
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. Расымен-ақ адамның бойындағы көркемдікті ойдың әсемдігі толықтырады. Дүниеде адам баласының саналы ойлауынан асқан құдірет жоқ. Жазым айтылған бір сөзбен жүректі жаралауға болады,ал ой елегінен өткен сөзбен адам жанын жылытуға болады. Сан мыңдаған бақытқа, арманға жетелейтін ойлар тізбегінің саны санамызда арта бергені – адамдық құндылықтарымыздың көбейгені. Әдемі ойлап, көркем жеткізе білу – адамның жетістігі. «Өмір» деген толассыз толқында әсем ойлар бойымыздағы адамдық қасиеттерді ұлықтай берсін. Ойдың көркемдігі бойдың көркемдігі болатындай саналы ойлай білейік достар!!!