Дала. Сар дала. Пойыз будақтатып, жүйткіп барады. Он алтыншы купеде отырған Жанатта пойызбен бірге құдды бір кең даланың қойнауына сіңіп кететіндей өзін жайсыз сезініп отыр.
Бүгін күн бейсенбі болғандықтан ба, әйтеуір, «Астана-Защита» бағытына қатынайтын жолаушылар аз екен. Сондықтан болар, Жанат бүгін төрт кісілік купеде жалғыз отыр. Сырласатын серігі болмаған соң қолына қалам алып, күнделігін жазуға кірісті. Бастапқыда күнделігін неден бастарын білмегенімен, Жанат ойын тез жинақтап алды. «Сіз менің бұл жазған күнделігімді бәлкім оқырсыз, бәлкім оқымассыз... Сонда да бойымды билеген сағыныштан қолыма қалам пен ақ парақ алып, жазып тастасам, арылармын» деп мұңға батып тұрған Жанаттың ойын кенеттен терезені тырсылдатып жауған жаңбыр тамшысы бөліп жіберді.
Жанаттың мұңға толған жанарына қарап-ақ, оның балалық шағы сондай «керемет» болмағанын бірден байқауға болатын сыңайлы. Ол бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде ата-анасы белгілі бір жағдайларға байланысты ажырасып тынды. Содан анасы араға үш жыл салып екінші рет тұрмысқа шығып, Жанат нағашы апасының тәрбиесінде қалған екен. Шағын ауыл болса да, мектеп екі ауысымда жұмыс істейтін еді. Сабақтан қас қарайған шақта қайтатын Жанат өзінің сыныптастарына қызыға да, қызғана да қарайтын. Өйткені, оларды мектептен ата-аналары алып кете-тұғын. Мұндай сәтте оның жүрек түкпірінде жатқан ауыр жараның аузы ашылып, ол: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, менің ата-анамды екіге бөлген тағдыр ғой... Екеуін сүріндірген де, адастырған да тағдыр» деп налитын еді бір кездегі бүлдіршін қыз. Тіпті, кейде бірде-бір рет артынан іздеп келмеген ата-анасына өкпелеп, бойын ашу-ыза кернеп, өзін қоярға жер таппай кететін кездері де болған. Ал қазір бұл сезімнің жұрнағы да қалмапты. Себебі, ол бүгінде екі баланың анасы, аяулы жар, бір үйдің түтінін түтетіп отырған аяулы келін атанған.
Оның бұл жолғы сапарының жөні де бөлек. Бұрын Өскеменге тек жұмыс бабымен ғана келетін Жанат қазір әкесімен жолығуға келе жатыр. Осыдан бір апта бұрын әкесімен телефон арқылы сөйлескен Жанат: «Тек жүрегіме артқан жүгіңізді көтере алатын емеспін, әке. Сағынатыңызды іштей сеземін... Дәл қазір жанарыңыздан ыстық жас ыршып түскенін мойындаңызшы... Бауырыңызға басып «жыламашы, құлыным» деп жұбатқыңыз-ақ келіп тұр. Маған қарай алып ұшқан жүрегіңізді әзер басып отырғаныңыз рас қой?!» деген ойға қалған. Сол кезден бастап ол әкесіне баруды ұйғарып, соның сәті енді түскен-ау шамасы... Мінеки, сар даланы жүйткіген пойыз станцияға келіп тоқтады. Купенің терезесінен көз алмай қарап отырған Жанат анадайдан бесінші вагонға қарай екі қолын өкпесіне алып жүгіріп келе жатқан әкесін бірден таныды. Сол сәтте Жанаттың жұдырықтай жүрегі дүрс-дүрс соғып, бойын әлдеқандай сағыныш сезімі кернеген-ді...