АДАМНЫҢ АСЫРАУШЫСЫ – АР-НАМЫСЫ

АДАМНЫҢ АСЫРАУШЫСЫ – АР-НАМЫСЫ
жеке
блог

"Бісміллә" деп бастаған блогым мақалаға ұқсап кетті, айып етпеңіздер. Дегенмен, мені екі жылдан бері мазалап жүрген оқиғаны Сіздермен бөліспей отыра алмаймын. Бұл осыдан екі жыл бұрын Таразда болған еді. Қыс. Орталық көк базардағы киім-кешек бөлімінің жанында көлік күтіп тұрғам. Кішкентай баласын алдына алып, қайыр сұрап отырған толықша әйелге көзім түсті. Қолындағысы қыз бала екен, шамамен бір жарым жаста. Үстіндегі киімі тым жұқа әрі жұпыны. Қолындағы печеньесін бір тістеп, артынан кеседегі шайдан бір жұтады. Әбден тоңған – саусақтары дірдектеп тұр. Пысылдаған мұрнын қайта-қайта тартып қояды. Анасына тыным бермей, қыңқылдағанына қарағанда қарбалас көшеде мазасы кетіп-ақ тұр. Аяныш сезімі шыдатпады. Әйелден барып жөн сұрадым.

Аты-жөні Гүлден Қойшыбаева екен, өзі Тараз қаласындағы Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйіңде тәрбиеленіпті. Үш ұл-қызы бар. Үлкені – кемтар болып туылған ұл бала, жасы он бірде. Қазір Тараз қаласы «Аса» шағын ауданындағы арнайы мектеп-интернатта жатып оқиды екен. Екіншісі - Гүлбаршын Қойшыбаева туылғанынан мемлекет қамқорлығында, яғни перзентханадан бірден бөбектер үйіне, содан 6 жасқа келгенде «Ұлан» балалар үйіне тапсырылған. Ал кішісі – қолындағы Аружан. Әйел базарға жақын маңда тәулігіне 400 теңге төлеп пәтер жалдап тұрамын деді. Үлкен ұлдың әкесі Жалпақтөбе ауылыныкі екен. Ол қайтыс болған соң туыстары ауру баламен қуып жіберген көрінеді. Кейіннен екінші рет тұрмыс құрған. Одан екі қыз. Кенжесіне тіпті, құжат та алмапты.

- Күйеуім ішкілікке салынып кетті. Содан бері осылай қайыр сұрап күн көрем. Күніне 3 сағат отырсам, 1000 теңгедей табам. Оның 400-і пәтерақыға, ал қалғаны күнделікті азық-түлікке кетеді. Балаларыма киім алмаймын, әйтеуір былайғы құдайға қараған жұрт ескі-құсқысын әкеліп, беріп кетеді. Үлкен ұлымның дәрі-дәрмегіне де ақша тауып беруім керек, - деп мұңын шақты Гүлден.

Әрине, оны «асырай алмайтының бар - баланы туып нең бар», - деп жазғыруға да болар еді. Бірақ кімнің де өз тағдыры бар... Мекен-жайын сұрап алып, үйіне қайтуын өтіндім. Өйткені кішкентай Аружан бұл кезде мүлдем тоңып қалған еді...

Екі күннен соң оны айтылған мекен-жай бойынша іздеп бардым. Алайда, Гүлден апайымыз мені алдап соққанға ұқсайды. Ол берген мекен-жайда азық-түлік дүкені орналасқан екен. Бір іліктің ұшы осында шығар деп «Ұлан» балалар үйінің есігін қақтым. Гүлбаршын дегеніміз анасынан аумайтын 9 жасар сүп-сүйкімді қыз болып шықты. Ол жөнінде анасы бізге жалған айтпапты. Жас қыздың көздері ойлы, сөзі салмақты. Анасын іздемейді. Бірақ бір өкініштісі - өзімен бірге туған ағасы мен сіңлісі бар екенін білмейді екен. Естігенде таңданып отырып қалды.

 Балалар үйі басшылығының сөзінен білгеніміз – Гүлден Қойшыбаева көптен бері іздеуде жүр екен. Оны қызы Гүлбаршынға қатысты аналық құқығынан айыру үшін ішкі істер органдары іздестіріп жатқан көрінеді. Іштен шыққан баласын мүлдем іздеп келмейді. Ал, тағы бір қызының бар екенін мұндағылар білмейтін болып шықты. Сонда ол әлгі кенжесін үлкенін өткізгендей неге бөбектер үйіне тапсырмаған? Ойым осы сұраққа тірелгенде, бір нәрсеге көзім анық жетті. Өз сөзінде екі жылдан бері көшеде қайыр сұрап, күн көремін деп еді. Енді түсінікті болды. Яғни, бөпесін көлденең ұстап күн көріп жүр. Тапқан айласы – өткен-кеткендер қолында кішкентай баласы бар, өзі қазақ әйелі болған соң жандары ашып, тиын-тебенді көбірек тастайды.  Сол үшін де бауыр еті – баласын аяусыз аяз бен суықта тоңдырып, ми қайнатар ыстықтарда шақырайған күнге қақтап отыр. Перзентіне деген аналық теңдесі жоқ аяушылық сезімі қайда? Нан тапқысы келсе, баласын уақытша «Үміт» бөбектер үйіне өткізіп, өзі жұмыс істемей ме? Ол сұрақты өзіне де қойдым, ол бұған «менің  құжаттарым жоқ, бір жерге жұмысқа орналасу үшін жеке куәлік сұрайды» деп жауап берді. Бірақ соның алдында ғана бір сөзінде күйеуі өлген соң, асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алатынын айтып қалған болатын. Сонда құжаты жоқ екен, жәрдемақыны қалай алып жүр?

Әйелге ішім жылымаса да, өзім де ана болған соң саусақтары дірдектеп, ызғарға тоңып, жылап тұрған жас баланы аядым. Сол бір суықтан мазасы қашқан бейкүнә бейнесі көз алдымнан кетпейді. Гүлден апай тағы қай жерде сәбиін жауратып, қолын жайып тұр екен деп үнемі ойлайтын болдым. Үш күн бойы базар маңындағы оны алғаш жолықтырған жерімді барып көріп қайттым – таппадым. Бір барғанымда сол жерде отыратын сыған әйелдерден сұрап ем, «бағана менен бұрын осында отырған, сосын орнын маған босатып беріп кетті» деді...

Күн жылынғалы мен оны қайта кездестірдім. Бұрынғы орнынан. Мені есінде сақтап қалғанға ұқсайды, көзіме тіке қарамайды. Алыстан байқап, тез арада қызын арбасына салып, көзден ғайып болды. Сырым ашылып қалды дегені шығар. Өзінше қымсынғаны. Олай болмауы да мүмкін. Сөзден қашар. Болмаса онда қайдағы қымсыну, қайдағы ұят.

Бұл, әрине, қоғамға ой салатын құбылыс. Алайда, қандай да болмасын сыйықсыз құбылыстарды қоғамға арта салуға болмайды. Қоғамға  мүше әркімнің жеке жауапкершілігі деген бар. Соның ішінде аталық борыш, аналық парыздың орны ерекше. Дүниеге ұрпақ әкелген екенсің – бағып-қақ, өсір. Кісілік, ар-намыс жолымен.

Қол-аяғы бүтін, дені сау, кәрілік жасқа жетпегендердің қайыршыға айналуының әлеуметтік себебі неде? Мысалы, осы кісінің? Мұның әлеуметтік себебінің бір парасы – кейбір ер-азаматтардың ессіздігі, майдалығы. Ер-азаматының мұраты – әйелді қаңғытпау, баланы жылатпау, яғни «қара қазан, сары баланың қамы» болған қазақтың ұрпағы емес пе едік. Сонда бүгінде сөз болып отырған пәле қанат жайып кетпес үшін не істеу керек? Әдеттегідей бәрін мемлекеттің арқасына таңа салу керек пе, жоқ масылдықпен күн көрудің жолына түскен келеңсіз құбылыстың жолын кесу үшін баршамыз болып бір-біріміздің ар-ұятымызды оятуымыз қажет пе?

Адамды өзгенің аяушылығы асырамайды. Адамды өзінің ар-намысы асырайды. Соның ішінде Ананың ар-намысы – жөні бөлек әңгіме. Ар-намыстың ар жағында адалынан сүт емген, адал еңбекті арман еткен мұрат жатыр.

Бұл ер-азаматқа да сын. Қазақ әйелді бағып-қағамын деп алған, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырамын деп ғұмыр кешкен. Қатының қайыршы, ұрпағың сол қайыршының қолжаулығы болса, сенің өміріңнің не мәні бар...

Тым ақылдымсып кетті деп сөкпеңіздер, расымен де осылай ойлаймын. Айтылып отырғандардың айналасында өзге де ой қозғар қандай пікірлеріңіз бар, достар?

Сурет аzattyq.org сайтынан алынды