Адамдық тақтан биік сөздің һақы,
Жаман мен жақсыларша жарасқанға.
Үйлесім тапса тән мен адам жаны,
Тұңғиықта нұр шашар адасқанға.
Түйгеніммен жұртыма демегім бар,
Фәниден дұрыс іске керегіңді ал!
Бұрмаланған өмірдің соқпағында,
Айырмасын таба алмай болмағын дал.
Талай саңлақ сара жолмен жүріп келген,
Сайтан билер санадан күдіктенген.
Сынақтарға қарсы тұрып, мұқалмастан,
Қараулықты ізгілікке жығып берген.
Адамдықтың жолынан айнымастан,
Сөзіңіз рас болса қарсыласпан.
Сіз-біз десіп сыйласқаннан артық не бар?
Өмір бірақ өтуде бақталасқан.
Жанымды сан түрлі ойлар жамылғасын,
Қалайша жыр сәулесі дамылдасын.
Тырнақ алды жырымды тарту еттім,
Ет жүрегім тыншымай, ауырғасын.