Адамдардың ырқына көнбес бір күш бар, ол сенсің...

Адамдардың ырқына көнбес бір күш бар, ол сенсің...
жеке
блог

         Уақыт... Ех, шіркін, уақыт! Неткен асығыс ең. Сен, сен... Сен меніңше әлемдегі ең ұлы диктатор секілдісің! Дегеніңді қылмай қоймайсың-ау... Сенің сырлы сағаттарыңмен, мұңды минуттарыңмен өте шықты-ау өмірімнің бір бөлігі... Сенің еншіңде бәрі... Адамдардың ойлап таппай жатқан жаңа, заманауи техникасы жоқ. Бірақ, адамдар әлемдегі барлық тіршілік иесін өзіне бағындырса да, ормандар мен тоғайларды кесіп тастап, антропологиялық кешендерді көбейтсе де, жер астына түсіп, тіпті, галактиканы бағындырса да, олардың тісі батпас, ырқына көнбес бір күш бар. Ол сенсің, уақыт!

         Уақыт өтіп жатыр. Жан-жағымызға қарайықшы. Кеше ғана мектеп қабырғасында улап-шулап жүрген балғын балалар едік, енді міне, көзді ашып-жұмғандай уақыт өте сала, университет студентіміз. Бұрын кішкентай кезімізде үлкен болуды армандайтынбыз, анамыздың биік өкшесін киіп, орамалдарды белімізге орап, сәнденіп тіпті... Ал қазір міне бірнеше жылдан соң Құдай қаласа ана болғалы отырған бойжеткендерміз...

         Айтайын дегенім, достарым! Мақсатымызға жетуге асығып жүріп, әрбір сәттің, әрбір кезеңнің қызығы мен шыжығынан құр қалып қоймайық. Ата-анамызға сый көрсетейік. Адамдар бүгін бар да, ертең жоқ... Бір-бірімізге ренжіп, сезімдерімді жасырып, ойға алған мақсатымызға қадам жасамай жүргенімізде біз де кетіп қаламыз ба, кім білсін? Достарымызға, туған-туысқандарымызға жақсылық жасап жүріп, оларды қалай жақсы көретінімізді ұмытпай айта жүрейік.