Фильмдерден ұнаған диалогтар мен сәттерді жазуды ұмытып барады екем. Осы олқылықты толтырайын деп шештім. Осыдан біраз уақыт бұрын «Все путем» деген жақсы бір фильм көрген едім (ата-ана, бала тәрбиесі жайлы керемет фильм, көруге кеңес беремін). Міне, сол фильмде бас кейіпкер поезда келе жатып жанындағы көршісімен әңгіме бастайды. Ол терезе жақты көрсетіп, көршісіне: «Еңбегімнің жемісі қалай, ұнай ма? Бағанадан бері соған қарап келесіз» дейді. Көршісі түсінбестік білдіреді. Ол әрі қарай сөздерін жалғап: «Маған емес, терезеге қараңыз, не көріп тұрсыз?» дейді. Көршісі не көріп тұрғанын тізбектей бастайды:
- Көліктер?
- Жоқ.
- Ағаштар?
- Иә, бірақ ол емес.
- Үйлер?
- Есіңізге түсіріңізші, сіз бағанадан бері соған қарап келесіз ғой.
- Терезелер? Әйнек?
- Жоқ.
- Құстар ма?
- Жоқ, құстар емес.
- Тастар.
- Жоқ, тастары несі? Күлкілі ғой... Сіз дұрыс келе жатырсыз, айтыңызшы.
- Жоқ, шын не екенін түсінсем бұйырмасын.
- Онда ырғақ бар.
- Телефон бағаналары.
- Дұрыс келе жатырсыз...
- Кабель?
- Жақсы-жақсы...
- Болды, білмеймін.
- Дұрыс келе жатырсыз. Бірақ мен кабель жасаған жоқпын және оны жалғаған да мен емес. Мен оны күннен, ыстықтан қорғайтын ПВХ тәріздес қаптамамен орадым. Сіз шын мәнінде кабельді емес, мен қаптаған ПВХ қаптаманы көресіз. Мен тыңбай, аптасына мыңдаған кабельдерді қаптағанмын.
Шын мәнінде қарасақ, адам баласына байқайлмайтын түрлі еңбек салалары бар ғой. Мен мысалы таңертең елдер интернетке кіргенде қызық дүниелер оқысын, қарасын деп еңбек етемін, ал біреу адамдар ақшасын дер кезінде алсын деп есептеулер жүргізеді, біреулер сол ақшаны арнайы техникада басады, біреулер адамдар жылы жүрсін деп жер астынан көмір шығарса, басқалары әдемі киінсін деп сұлбалар сызады, киімдер тігеді, біреулер соны сатады. Біреулер көлік жөндейді, біреулер шетелден көлікке керек заттарды тасиды, біреулер шетелге демалыс ұйымдастырады, біреулер сол шетелге шығатын құжаттар дайындайды, біреулер жол салады, біреулер сол жол салуға керек заттарды дайындайды және т.с.с.
Осыдан-ақ «Адамның күні - адммен» деген мақалдың қандай тауып айтылғанын аңғарамыз. Өмірде біз білмейтін, байқамайтын сан мыңдаған мамандық, сан мыңдаған іс бар ғой. Сырттай қарасақ, бәріміз бір циклдың ішінде жүргендейміз...