Қуанып атсын әр таң деп,
Тілеймін түнде көз ілсем.
Алқымға жасым тірелер,
Бауырдың жоғын сезінсем.
Ғұмырдың қысқа екенін,
Ұққанмын, ұқтым тағы да.
Ақ парақтарға сыр аштым,
Бауырларымды сағына.
Мендегі жырлар көңілсіз,
Жүректе жатқан қоңыр мұң.
Өзегін таппай келемін,
Өлшеулі ғана өмірдің.
Жек көріп кеттім қаңтарды,
Болса да әппақ қары бар,
Жазды да жақсы көрмеймін,
Жоғалтқан әпкем тағы бар.
Жұбаттым жарым көңілімді,
Тәңірге керек текті адам.
Жымыңдап тұрса жұлдыздар,
Бауырларым екен деп қалам.
Таусылса дәм-тұз, қайтейін,
Жігерім жасып қалмағай.
Сабындай болған қамшының,
Бес күндік қана жалған-ай!
Жанарым жиі суланып,
Жүрегім қатты дүрсілдеп,
Жырымды жаздым дұға қып,
Адамдар аман жүрсін деп!