Ғабит Мүсрепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театры көрермен қауымға «Балкон» қойылымын тарту еткен еді. Романтикалық иллюзия режиссері белгілі актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі, режиссер Сағызбай Қарабалин. Сценарийін Ермек Аманшаев жазған. «Балкон» қойылымында оң жақта отырып қалған жалғыз басты орта жастағы әйел азаматының тағдыры бейнеленеді. Ол аядай ғана пәтерде өзі жалғыз тұрады. Оның жаны таза, жүрегі нәзік. Ғұмыр бойы бақытына себепші болар шапағат сәулесін аңдумен болады. Бағы жанып, шаттыққа кенелетініне ол іштей сенімді. Жұмыр басты пенде жанына демеу, серік әрі қорған болатын жанды күтуде. Бір күні ол күтпеген жағдайға тап болады. Жұмысынан үйіне оралған ол балконында әлдекімдердің жүргенін көреді. Бейтаныс жандар болса, арам судан дәм татып, көше бойымен ән сала келе жатып, жаңбыр астында қалады. Жауыннан қорғану мақсатымен үш сері үй иесінің балконын паналай тұруды жөн санайды. Күтпеген қонақтарды көрген басты кейіпкер үрейленіп, полиция қызметіне хабарласады. Айқайға басып, тапаншасын үш жігітке қарай оқтайды. Арам ойлары жоқ олар өздерін еркін ұстап, майда тілдерімен үй иесін әңгімеге тартады. Көсіле сөйлеп отырған бейтаныс қонақтармен қалай әңгіме-дүкен құрып, оларға бой үйретіп кеткенін үй иесі де сезбей қалады. Әсіресе, үш жігіттің ішіндегі Режиссердің сөздеріне құлақ түріп, оған қалай жүрегінің жібігенін аңғармай қалады. Күтпеген жерден пайда болған сері достарымен бірге полиция келгенде ғайып болып кетеді. Басты кейіпкер алдамшы сезім арбауында қалады. Тіпті, жақын құрбысы таныстырған жігітке еш сезімі болмай, оған көңілі тартпайды. Ол сол қиялындағы ер-азаматты іздеумен болады. Оны түсінде көреді. Режиссер Сағызбай Қарабалин қойылымдағы әр кейіпкердің болмыс-бітімін зерттеп, олардың әрқайсысының көрермен көңілінен шығуын көздегенін байқау болады. Сондай-ақ, режиссер көрермендермен бірге қоғамда орын алып жатқан бірқатар жағдайлардың шешімін табуға тырысады. Қойылымда бой көрсететін бес әртістің қылықтарын көріп, адам өміріндегі қиял-елестердің қаншалықты нанымды екеніне түсінуге болады. Шынайы махаббат өмірде болса, оған селқос қарауға болмайтындығын көрсетеді. Ал болмаған жағдайда адам баласы қиял, иллюзиямен ғұмыр кешеді. «Балкон» - кез келген жастағы қырағы көзді көрерменнің жүрегіне жол таба алатын қойылым. Ол адам бойындағы сан сұрақтарға жауап іздеуге жол береді.