Осы өмірдегі барша тіршілік атаулысының ең жоғарғы иесі ол - адам. "Адамнан үлкен ат жоқ, Наннан үлкен ас жоқ",- демекші осы қоғамдағы ең үлкен рөл атқарушы да адам. Адам белгілі бір іс-әркеттерді жүзеге асырады.Адамның күні адаммен дегендей олар үнемі өзара байланыста болады. Дүние өмірдің базары болса, адам осы дүниенің ажары. Дегенмен, бұл өмір. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Әр түрлі адамдар кездеседі. Мен осы адамдардың мінезін жеті түрге саралап, адам образын барынша ашып, сіздерге жеткізіп көрейін.
Бірінші, қарапайым адам. Қарапайым адам дегенде барлығымыздың ойымызға танымал емес, жоғары шені жоқ адамдар түсуі мүмкін. Бірақ менің ашқалы отырған образымның ішінде мұндай нәрсе жоқ. Өйткені қарапайымдылық тек танымал болумен немесе шеннің жоғары болуымен шектелмейді. Қарапайымдылық дегеніміз өзге адамдарды да өз деңгейіңде көру. Яғни өзгеге жоғары немесе төмен көзқараста қарамау деген сөз. Сондай-ақ қарапайымдылық шынайылыққа негізделеді.
Екінші, көкірек адам. Көкірек адам образдың аты айтып тұрғандай паң, өзінше, өзін өзгеден жоғары санайтын адам. Ол өзі араласатын адамдарды таңдап алады. Өзін көрсетіп қалу мақсатында кез-келген жерде өз пікірін айтып отырады. Сонымен қатар түр мимикасымен өзге адамды кемсітіп, келемеждеуі мүмкін. Кей адамдар өз кемшілігін жасыру үшін саналы түрде өзін көкірек етіп көрсетуге тырысса. бірі көкірек болып жаратылады. Көкіректік сонымен қатар елге таныла бастаған кезде пайда болады.
Үшінші, қылмыскер адам. Қылмыскер адам дегеніміз өзі өмір сүріп отырған қоғамға зардабын тигізуші адам. Яғни, біреуді тонау, өлтіру, ұрып соғу, т.б. Алайда, осы қылмыскерлердің де түрлері болады. Мысалы, әдейі қылмыс жасаушы және амалсыздан қылмыс жасаушы, адасушылықтан қылмыс жасаушы. Қасақана қалмысқа баратын адам өз құрбанын алдын ала таңдап алады. Сол адам жайлы ақпарат жинап, оны зерттейді де саналы түрде қылмысқа барады. Ал адасушылық пен амалсыздықтан туған қылмысты бір топқа жатқызсақ болады. Себебі, оның бірін біз ішерге суы, жерге тамағы болмай жағдайының мәжбүр етуі мен өзінің оңай жолға жүгіруінен туды деп қарастырсақ, екіншісін "өз отбасымды асырап отырмын, өзгеге қиянат жасасам да отбасыма қамқор боп отырмын" деген теріс түсінікпен қарастыра аламыз.
Төртінші, сараң адам. Сараң адам өмірде барлығын байлықпен өлшейді. Адамды істеген ісіне емес, түсіне қарап таңдайды. Сонымен қатар өзінің асып тасыған дүниесіне қарамастан ақшасын, мал мүлкін жаратпайды. Оны өзге тұрмақ өзінен де аяйды. Бұл өмірдің қызығы байлық екен деумен жия береді, бірақ оның мәңгілік емес екенін естен шығарады. Оларды басқаша "жылауық", "қызғаншақ" деп те атайды.
Бесінші, түзу адам. Түзу адам әр істе жинақылықты талап етеді.Ол қатаң тәртіппен, белгілі бір жоспармен өмір сүреді. Олар түймедей нәрсені түйедей етеді. Өйткені өмірде боп тұратын қарапайым келеңсіздіктерді ұнатпайды. Оның ойынша, егер өтірік айтпаса, алдамаса, заң бойынша өмір сүрсе барлығы жақсы болады. Бірақ үнемі бұлай емес. Кейде дұрыс өмір сүрудің өзі де дұрыс емес,
Алтыншы, жомарт адам. Жомарт адам дегеніміз өзгеге көмектесуге әрдайым қол ұшын берушілер. Ол материалды жақтан да, рухани жақтан да болуы мүмкін. Жомарт адамдардың ойында арамдық болмайды. Жомарт адамдар "өле жегенше, бөле же" деген қағиданы ұстанады. Сондықтан ақжарқын, ақкөңіл, адамдарды да осы санатқа жатқыза аламыз.
Жетінші, діндар адам. Діндар адам дегеніміз өзінің ұстанған дінінің принциптеріне бағынған, Жаратушы жолында жүрген адам. Діндарлар қатаң дін жолында жүріп өз Жаратушысын насихаттайды. Қазіргі уақытта дін де, діни бірлестік те көп. Оның бірі шынында Жаратушыға құлшылық етуді көздеп, бойын күнәдан арылтса, екіншісі ел арасына іріткі салу мақсатымен өзін "діндар" санайды. Сондықтан да дін жайлы әңгіме айтып сөз қозғаған адамдардың барлығын пәк, жөні түзу, жақсы адам деп санауға болмайды.
Міне, мен саралаған адамның жеті түрлі мінезі осылай. Әр қасиеттің де сәл де болса адам бойына қажеті бар шығар. Жалпы адам жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, АДАМ деген асыл атпен өмірге келген соң, адам боп дүниеден өткені абзал.