2021 жылдың 14 желтоқсан күні MediaNet халықаралық журналистика орталығы Сорос – Қазақстан қорының қолдауымен Қазақстандағы адам құқықтары туралы қазақ тілінде онлайн талқылау өтті. Талқылаудың басты тақырыптары:
- Қазақстандағы адам құқықтары мəселесі
- Сөз бостандығы мен пікір еркіндігі
- Азшыл топ өкілдерін қудалау мен қысым
- Қазақстандағы əйел мен еркектердің құқықтары
- Қазақ тілді медиадағы адам құқықтары тақырыбының көрінісі болатын.
Талқылауға Айна Шорманбаева, Гүлзада Сержан, Жамиля Қасымханова, Оразай Қыдырбаев, Əйгерім Құсайынқызы жəне басқа да құқық қорғаушылар мен сарапшылар қатысты.
Талқылау барысында сарапшылар еліміздегі адам құқықтарына байланысты бірнеше мəселені көрсетті.
«Халықаралық құқықтық бастамалар» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаева:
«Адам құқықтары туралы мəліметтер тек орысша жарияланады. Мен қазақшаға аударумен айналысамын. Өйткені, халықтың барлығы бірдей өз құқығы туралы білу керек» дейді.
Талқылаудың модераторы Думан Смақовтың айтуы бойынша, қазақ тілді ортаның өз құқығын білмеуі қазақтілді ақпарат таратушы мамандардың жəне ақпараттың аз болуынан немесе тіпті жетіспеушілігінен екен.
Ал қоғам белсендісі, «Феминита» ұйымының негізін қалаушы Гүлзада Сержан адамдардың экономикалық жəне əлеуметтік жағдайына байланысты немесе ресурстың жетіспеушілігінен болуы мүмкін дейді.
Қазақстанда адамдар өз құқығы туралы мəліметтерді қашан жəне қалай алады деген сұраққа жауап табу үшін зерттеуші Əйгерім Құсайынқызынан сұрағанда, «студенттердің барлығы дерлік университетке өз құқығын білмей келеді. Мектепте үйрету керек болған дүниелерді кəмелет жасқа толған азаматтарға үйретуге міжбүрміз, бірақ ол уақытта негізі кеш болады.
Құқық туралы мəліметтің аздығы – онымен керек адамдардың айналыспауында. Ал Конституцияны оқысаң ештеңе түсінбейсің, оның əр бабына интерпретация керек» дейді.
«Естуші мемлекет концепциясын «естігісі келетін нəрсені естуші мемлекет» деп атауға болады. Өйткені, көп мəселені халық айтқанмен, жоғарының естіп жатқаны шамалы» дейді Шалқар Нұрсейіт.
1,5 сағатқа созылған талқылауда осы жəне өзге де мəселелер талқыланды.
Салтанат Шерхан
Еуразия Ұлттық Университеті