Адам жанының арашасы

       Адам жанының арашасы - ақ халатты абзал жандар туралы Айшаның жазбасы бұл жазбаның жазылуына түрткі болды. Шынында тіс ауырса да, балтыр сыздаса да ауруханаға ауруымызға ем, көңілімізге дем іздеп баратынымыз өтірік емес. Елімізде қазіргі заманға сай білімді, мейірімді, өз ісінің білгірі болған дәрігерлермен мақтана аламыз. Бірақ өмірдегі ақ пен қараның қатар жүретіні тәрізді жоғарыдағы пікірлерге кереғар, мейірімсіз, алдына келген адамды адам құрлы көрмейтін, ақшаның құлы болған мешкей дәрігерсымақтар да жетіп артылады.

Оны әне бір жылдары өз көзіммен көрдім. Әкем қатты сырқаттанып, талай аурухананың табалдырығын тоздырғанбыз. Алғашқы қорытынды да шықты. Ағылшын әріптерімен жазылған диагнозды онлайн-аудармаға салып аударғаным сол еді, біреу төбеме мұздай су құйып жібергендей аңырып отырып қалғаным. Марқұм әкемізге сырқатының түрін айтпадық, оның соңғы үмітін сөндірмеуге, көзінің отын өшірмеуге барынша тырысып бақтық. Іштей сезінген де болар, бірақ сізге ем қонбайды екен деп кесіп айтпадық. Оны жігерлендіруге, шаттандыруға тырыстық. Талай күн күлкісіз, талай түн ұйқысыз өтті. Қош, ол кездегі күйімді жаза берсем тауысылмас, сірә. Шарасыздың күйін кешіп жүрсек те, адамда үміт деген үзілмейді ғой, шіркін?! Сол үміттің жетегімен жүріп аудандық ауруханаға сан рет бардық. Бір ауданның үлкен ауруханасында сол бір аурумен күресетін (дұрысы айналысатын) бір түйір дәрігер бар екен. Жүздеген шақырымды артқа тастап барып тұрғанымызда кабинетінде жоқ болып шығады. Орынында отырған медбике "мен ештеңе білмеймін" деп жылы шығарып тастады. Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанды. Бірде дәрігердің баласы үйленіп жатады, бірде құдалық, бірде жиналыс. Сол дәрігердің бет-жүзін көрместен кеттік. Ең жеңілі аса ауыр науқастарға үкіметтен бөлінетін тегін дәріге дейін сатып, бір жапырақ анықтама қағазын жазып беруге де "қыздардың шайына бірдеме тастап кетпейсіз бе" деп шімірікпестен назданып тұрған дәрігерсымақтардан не қайыр? Сол ауруханада кезекте тұрғанмын, бізді қойшы, еркекпіз ғой, шырқырап аяғын зорға басқан, қолтығынан баласы демеген, жанын шүберекке түйген үлкен апа келді. Кезексіз кіргізейік деп келістік. Бірақ баяғы сол дәрігерсымақ "өлмейсің, сосын кіресің" деп дік еткізді. Гиппократ антын бұзса бір сірә, Аллаһтың алдында жауапты екенінен бейхабар ақ халаттыларға деген жиіркенішім үдей түскені. Бұл тек менің басымнан өткен жағдай. Елімізде аурухана табалдырығынан қаншама адамның тауы шағылып, қаншама үкілеген үміттер үнсіз ғана сөніп жатыр?! Аллаһ Тағала адамдарға шексіз мейірім берсе екен...



Бөлісу: