Адам болам десеңіз...
блог
Сәлем, массагет! Өткен жолы адамға үлкен мотивация сыйлайтын блогтар топтамасын жазамын деп уәде берген едім. Ендеше, жаңа блогымды қабыл алыңыздар. Сәл тыныстап, жүрек соғысыңызды қалыпқа келтіріп барып, оқысаңыз, жақсырақ әсер ететін сияқты.
Сіз өміріңізде сиырды көрдіңіз бе? Ол қандай? Ол не істейді?
Бұл бір қарасақ ақымақ сұрақ тәрізді, бірақ жауап беруге тырысып көрейік:
"Сиыр - төрт түліктің бірі. "Зеңгібабаның түлегі" деп те атайды. Сиыр алдымен бұзау болады. Енесін еміп, әл жинайды. Кейін, өріс көріп, "жеке тұлғаға" айналады. Уақыт өте өз енесі секілді бұзауды дүниеге әкеледі. Ал егер ол еркек болып дүниеге келсе тағдыры сәл басқаша болуы мүмкін..."
Осыдан кейін, біздің сөзіміз таусылады. Басқа айтарымыз жоқ. Олар үшін бұл шексіздік шеңбері. Өз жолынан айнымайтын маршрут тәрізді. Бұл цикл мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді. Ал осы сұрақтағы сиырдың орынына араны қойсақ:
"Ара дернәсіл болып, дамып жетіле отырып, өз кланына қосылады. Онда ол басқа аралар тәрізді гүлді тозаңдандырумен айналысады. Кейін уақыт өте әлі таусылып, қартайып өмірден қайтады..."
Араның оқиғасы сиырдыкінен де қысқа болып шықты. Ал енді, сиыр мен араның орнына адамды қойсақ. Не айтамыз? Әрине, айтайын десең нұсқа көп-ақ. Барынша өз кейіпкеріңнің өмірін сәнді де мәнді еткің келері анық. Сіз не деп жауап берер едіңіз?
Егер бұл сұрақ осыдан шамамен он мың жыл бұрын қойылса жауап былай болар еді:
"Аң аулау, тас қашау, терімшілік жасау. Және әрине ұрпақ өрбіту".
Ал уақыт өте, Ежелгі Мысыр мен Вавилон дәуірінде нұсқалар пайда бола бастады. Құрылысшы, саудагер, сарай қызметшісі және т.б.
Ұлы географиялық ашылулар заманында кемемен саяхатшы болу сәнге айналды. Бірақ, бұл дегенің міндетті түрде кеменің капитаны болуың керек деген сөз емес еді. Кемеде қарапайым жұмысшы болсаң да, сол кемені құрап-жасасаң да, сол кеме жасалатын ағашты орманнан отап, өңдеп сатсаң да нұсқа болды.
Ал қазір ше? Әртүрлі деректерге сенсек шамамен қазір ғаламшарымызда 8000 түрлі мамандық түрі бар. Демек сізде дәл осынша нұсқа бар. Осылардың бірін алып, өмірлік кәсібіңіз етуге болады.
Мақаланың басында мен сиыр мен араны мысал ретінде атап өттім. Оның орнына басқа жануарды, басқа жәндікті қоюуыма болар еді, бұл маңызды емес. Маңыздысы - олардың істеп жатқан істерінде. Егер ара жоқ болса, біз ашқұрсақ болып өлер едік. Себебі олар өсімдіктерді, сонымен қатар біз тұтынатын табиғи өнімдерді тозаңдандырады. Ал егер сиырлар болмаса, ет пен сүт өнімінің жетіспеушілігі байқалатын еді.
Олар өз істерін автоматты түрде, инстинкт деңгейінде жасайды. Ал, бізде - адамда таңдау бар. Және бұл қаншалықты банальді естілсе де - бізде таңдау бар! Біз кешегі күннің оқиғаларын ойымызда саралап жатқанда, бүгін іске кірісіп кеткен жандар жеткілікті.
Біз өзімізді "жеке тұлғамыз" дейміз. Оның себебі - бізде сана бар. Біз шешім шығара аламыз. Бірақ, осы сананы дұрыс қолданып жүрміз бе? Біз кімге, неге сенеміз?
Қазақ десең өзіңе тиеді, бірақ мен айтамын.
Қазақтың ең жаман қылығы, ең жаман ісі, бізді төменге түсіретін сөз - "бұйырғаны болады". Жоқ. Расында да бұйырғаны болады. Бірақ, біз осы сөзге жатып қалғанымыз сонша ешқандай іс-қимылсыз, әрекетсіз "жататын" болдық. Біз армандамайсыз, жоспарламаймыз және ең ақырында әрекет жасамаймыз. Оның орнына күні бойы әлеуметтік желіні тоздырып, құлаққа құлаққапты іліп алып, бір сәттік ғұмырымызда текке кетіріп жатырмыз. Бұл мәселені сіз отбасын құрмай тұрып, жеке өмірді бастамай тұрып ойлауыңыз керек. Бірақ, ол кезең басталып кетсе де, біліңіз, ешқашанда кеш емес!
Бұл блогыммен мен не айтқым келді? Қазір ХХІ ғасыр. Қазір - әрекет заманы. Стереотиптер жөнінде блогта адамға 99% еркіндік берілу керек деген едім. Ал 1% қысым жасалу қажет. 1% адамнан әрекет талап ету керек. 1% адамды таңдау жасауға мәжбүрлеу керек.
Әрекет түбі - берекет!