Адам бола білу ең қиын мамандық.

Адам бола білу ең қиын мамандық.
жеке
блог

         Адам өмірге күнәсіз пәк періште болып келеді. Себебі ол дүниеге енді келген, еш жамандықты түсінбейтін кішкентай ғана бөбек. Өмірге жаңа келген сәбилерді де үлкендер сондықтан "періштем менің" деп еркелетіп те жатады. Иә, бойында еш күнәсі жоқ адам болғанға не жетсін? Алайда күнәсіз болу да мүмкін емес. Тіпті пайғамбарларымыздың (Мұхаммед с.а.с басқалары) өздерінде бір күнәдан болған екен. Бірақ бұл "Пайғамбарлар да күнә жасаған, біз де жасау керекпіз" деген сөз емес. Әрқайсысымыз кемшілігімізді түзеп, жақсылыққа ұмтылуға міндеттіміз. 

         Әбу насыр әл-Фараби атамыз: "Адамға тән бір жақсы қасиет-өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу",-деген екен. Демек, адам бұл өмірдің жақсы жағына аса мән беріп, оның жағымды жақтарын өзіне сіңіре білсе, онда ол рухани бай адам болып өседі. Ал адамның рухани бай болуы үшін кішкентайынан ата-анасы берген тәрбиесі мықты болуы керек. Біз кішкентайларды әлі ештеме түсінбейді деп менсінбейміз. Алайда, солардың дәл бала кездері есте сақтау қабілеті мықты болатындығын, осы бала кездерінде бар нәрсені бірден қағып алатындығын ескермейміз. Балаға сәби кезінде қалай сөйлесең, ол өсе келе берген тәрбиеңе байланысты қалыптасады. Осы жайттарды ескермей, біздің балаға есейгенде "адамшылығың қайда?" деуге еш хақымыз жоқ. Тәрбиені берген өзіміз емес пе?

         Адамның адами қасиеттерге бай болуына басылған алғашқы қадамы ата-ана тәрбиесі болса, екінші қоршаған орта. "Адамның өмірі адаммен" дейді ғой. Адам өзінше жеке, дара өмір сүре алмайды. Қасына достар жиналады, алыс-жақын таныс табады. Жаңа ортаман, жаңа адамдармен араласады.

         "Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа", демей ме халық даналығы. Дос таңдай білу де өнер. Адам жанына адал, адамгершілігі мол, ұяты бар адам жиналса, адам да соғұрлым "жақсы" болып қалыптасады. 

         Адам өмірінде түрлі қиындықтарға тап болады. Адам сол қиындықты жеңе білу керек. Аллаһ адамға шыдай алатындай сынақ жібереді. Басқа қатты қиындық түссе, Аллаһ ол қиындықтан адамның өтетіндігіне сенгендігі. Бірақ мұны көп адам түсіне бермейді. Жылап сықтап, не жаздым құдай деп әлсіздік көрсетеді. Қиындығын сылтауратып арақ ішеді, наша шегеді, өз өміріне өзі балта шауып, "өмір" деген бақты тозаққа айналдырады. Шайтанның жетегінде кетіп, теріс жолға түседі.

         Теріс жолға түсу оңай. Бұл әрдайым солай. Әлсіздер беріледі, мықтылар жеңеді. Өмірдің өзі ойын. Тура жолға, нағыз адамшылыққа сыннан сүрінбей өткен пенделер ғана қол жеткізеді. Бұдан шығатын қорытынды не? Адам баласының жастай алған тәрбиесі,қоршаған ортасы. Жастай дұрыс тәрбие алып, ұлтжанды, отансүйгіш болып өсуі. Өмірдегі басты мақсат бұл адами қасиетті бойға сіңіріп, ұлағатты азамат болу емес пе?

         Адам еліктегіш келеді. Көрсеқызар болып, аңдамай басқан қадамына өкініп қалады. Ал соны жеңе білу үлкен ерлік. Міне, сондықтан да адам бола білу ең қиын мамандық.