Адалсыз ба?

Алланың алдында адал болғым келеді... Өзім адал болудың болудың не екенін жетік білмесем де, іштей осы сөзді көп айтамын... Айта алғаныма да шүкіршілік етемін...

Бүгін ұстазым мені жылатты... Көзімнен сорғалаған жасым үшін ұялып жатпадым да... Қақ алдында отырып, ебіл-дебілім шыққаныммен қоймай,мына бір қарт адамды құшақтап жылағым келді... "Апыр-ай, не деген мықты адамсыз",-дегім келді... Жылап отырып, жынды адам сияқты ыржалақтап күле беріппін... Енді міне есіме алып үнсіз жымиып отырмын...

"Менде сол жылы қатты дағдарыс болды... Екі ай ауруханада жаттым... Ауырған түгім де жоқ, адам басын аман алып қалуы үшін бәрін де жасайды екен. Жоғарырақтағы бір кісінің қателігін тапқасын мен соңына түсіп, оңдырмай сынадым. Ілігінің дәлелін тапқасын, именбей жан-жақтағы газеттерге жолдап, материалдарымды басқа адамдар арқылы шығарып отырдым. Сонымен ол адам орнынан кеткенше әділдік таппай шыр-пырым шықты. Сонда өзім жұмысқа алған сан адам көзімді бақырайтып қойып үстімнен арыз жазыпты. Сотта ақталып шыққан соң, барлығын алдыма жидым. Бастары салбырап отырған оларды жазғырмаймын, тек сонда маған кім адал болды десеңдерші?..." Жанарынан қуаныштың табы көріне:"Өздеріңдей шәкірттерім адал болды",-деді... Нені меңзеді, нені айтқысы келді?! Мен ол кісіні үнсіз ұқтым... Әділдіктің туын ұстап жүрген талайлардың биліктің тасасында қалып қойғаны жанына батып, ақжүрек балапандардың тілегі өзін құрсаудан құтқарғанына мәз болып отырғаны да. "Журналист - арыз жазушы емес, арыздың шындығын іздеуші, біреудің тағдырымен ойнамаңдар, тағдырына араша түседі деп оқытып жүрмін сендерді",-деді жігерленіп... Маған атандай сенім артатын ұстазымды мен бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім... Іштей Алладан адал шәкірт болуымды сұрадым...(Сол адалдықтың қандай болатынын өзім де білмеймін, Алла білетін болар деп ойладым)

Сонсоң ойыма әкемнің: "Қызым,адал бол! Адам адалдап ішкен асы мен адал тірлігі үшін сыйлы болады",-дегенін есіме алдым... Анамдай болған ұстазымның: "Өлеңіңе адал бол, сонда ол сені өлтірмейдісін" есіме түсірдім. Бейтаныс жанның сезіміне адал болуымды сұрағанын ойладым... Әйтеуір, адал болғым келеді менің де... Періште емес, пендемін десек де: "періштем",-десе мәз болысамыз... Не болса да осы сөздің парқын біліп, мағыналы өмір сүрсек жарар еді... Адал болуымызды тілеген жан болса, адал болуға тырысайықшы... 

Сонда да ойымнан кетер емес... Айтыңызшы, сіздіңше адалдық дегеніміз не?Адал болуыңызды сұраған адам есіңізде ме? Сонымен оған адал бола алдыңыз ба?

Осы неге екенін қайдам,гүлдер маған ең адал жаратылыс сияқты көрінеді... Әйтеуір, жұрттың қуанышына да, қайғысына да ортақтасып жүреді...



Бөлісу: