Адалдық – достықтың ұлы заңы
блог
Адалдық дегеніміз – ұлы құндылықтардың бірі. Ата-анаңа, жарыңа, туған бауырларыңа, туыстарыңа деген адалдық бар. Жұмысыңа, қойған мақсатың мен арманыңа да адалдық қажет.
Адалдық адамды тәрбиелейтін, өзінің ұстанымдарына берік ететін ұлы құндылық. Ал адалдықтың ішінде досқа деген, достыққа деген адалдық бар. Бір-біріне қуанышта да, қайғыда да шынайы қолдау көрсете алмаған жандар дос бола алмайды. Досқа деген адалдық оның ар-абыройын түсірмеуде, ар-намысына кір келтірмеуде. Досыңды өзгелер жақтырмай, жамандап, сөгіп жатқанда, оның көз көрмес ортада қаралауына жол бермеу – міне бұл сенің міндетің. Ондай жерде досыңды ақтап алу – оған деген адалдығың.
Адалдық деген – риясыздық. Ол көзге көрінер жерде емес, тасада, сыртта жасалатын қасиет. Адалдықтың арғы жағында бәрі жатыр. Қамқор болу, қиын шақта қол ұшын беру, сүйеніш болу, қуанышына ортақтасу, ең бастысы ниеттес болу – мұның бәрі досқа деген адалдықтан шығатын әрекет.