Сәлем, достар! Соңғы блогымды 15 сәуірде жазыппын. Кәдімгідей уақыт өтіпті. Мен бұл істі алғаш қолға алғанда ешқашан тастамастай болғанмын. Бірақ, уақыт өте, неге екені белгісіз қызығушылығым жоғалып кетті. Осыған дейін камбэк жасауға қадам жасағым келген бірақ, тұрақты блог жаза алатыныма сене алмадым. Түсінгенім - бір нәрсені жақсы жасаудан көрі тұрақты жасау әлдеқайда қиын.
Ал енді күн сайын болмаса да аптасына болсын, блог жазуға тырысатын боламын. Негізгі тақырыпқа оралсақ:
Ресейде өтетін футболдан Әлем Чемпионатына бір күн ғана қалды. Еуропадағы барлық елдерде трансфер терезесі ашылды деуге болар. Базардың қызар шағы. Ал қазіргі таңда, ӘЧ-ға дейінгі ең қымбат 25 футболшы тізімін қарап көрсек. Қанша дегенмен, Чемпионат барысында және одан кейін бағалар күрт өзгеретін болады. Айтпады демеңіз. Қымбат ойыншылар тізімі адам танымастай өзгереді. Ал мен қазіргі таңдағы үздік жиырма бестікті көрсеткім келіп отыр(Сомалар евро мөлшерінде берілген).
25. Серхио Бускетс - 80 млн.
"Барселона" футбол клубының түлегі Серхио қазіргі таңда әлемнің ең қымбат артқы жартылай қорғаушысы және ең қымбат испан. Ол өз командасында көп жылдан бері негізгі құрамда. Турнирді бірқалыпты өткізіп, өз бағасын 90 млн. көлеміне дейін көтере алады.
24. Кристиан Эриксен - 80 млн.
Даниялық жартылай қорғаушының командасы "Тоттенхэм" осы маусымда да айтарлықтай жеңіске жетпеді. Дегенмен де ондағы жұлдызды ойыншылар әлде де өз деңгейлерінде. Әсіресе Эриксен өзінің командадағ маңыздылығын дәлелдеген секілді. Алда тағы да бірнеше "қораздар" сапынан ойыншы болады. Скандинавиялық футболшы осы турнирде командасынң көшбасшысы болмақ. Дегенмен де, менің болжауымша бұл үміт ақталмай Кристиан өз бағасында қалады.
23. Роберто Фирмино - 80 млн.
Бразилиялық форвард "Ливерпуль" сапында адам айтқысыз жетістікке жетті. Чемпиондар Лигасының финалына дейін жету және Робертоның өзі турнирде бас аяғы он гол соқты және сұрмергендер тізімінде командаластары Садио Мане мен Мохамед Салахпен бірге екінші орында.
Ал Ресейде ол Бразилияның негізгі ойыншысы болмайтын секілді. Оның орынында басқа бразилиялық ДНК иесі "пентакампиондардың" шабуыл шебіндегі негізгі үміті болып отыр. Ал егер ол сыр бере бастаса, Роберто бәрін шешіп кетуі мүмкін. Сондықтан да турнирден кейінгі ең потенциалды баға - 100 млн.
22. Усман Дембеле - 80 млн.
Француз вингері осы маусымда қисық сызықпен жүріп өткендей ойнады және ойыншының перспективтілігіне қарамастан 80 лимон ол үшін көп секілді. Алайда, Әлем біріншіліг менің сөзімді жоққа шығаруға үлкен мүмкіндік. "Барселона" ойыншысы команданың лидері болмасы анық. Дегенмен де жақсы қосымша күш бола білсе оның бағасы 110 млн.-ды асырып түсіруі мүмкін.
21. Габриел Жезус - 80 млн.
Бразилия құрамасында Фирминоның орнында негізгі "тоғыздық" рөлін дәл осы футболшы алды. Бұл маусым "Ман Сити" ойыншысы үшін жақсы өтті, әсіресе ішкі біріншілікте. Және де егер Ресейде жақсы ойнаса команда сапындағы негізгі форвард позициясын Серхио Агуэродан тартып алуы мүмкін.
Ал Ресейде оның қалай ойнайтыны белгісіз. Сөзсіз, Габриел "тоғыздық" болғанымен команданың негізгі көшбасшысы емес. Ал оған артылып отырған сенімдерден түскен қысым оның ойынына дақ түсіруі мүмкін. Меніңше Габриел турнир барысында аса қатты көзге түспейтін секілді. Сондықтан да баға солай қалуы мүмкін.
20. Роберт Левандовски - 90 млн.
Польша құрамасын негізгі көзірі және айқын көшбасшысы осы маусымда "Бундеслигада" "Үздік сұрмерген" атанғанымен Еуропа төрінде жасындай жарқылдау оның қолынан келе алмады. Және поляктың өзіне үлкен мақсаттар қойып отырғаны сөзсіз. Топтағы қарсыластар айтарлықтай қиын емес. Колумбияға бір доп, Сенегал мен Жапонияға дубль соқса алға сытылып шығары анық.
Роберт жоғарғы деңгейлі ойыншы болғанымен оның құрамасы негзігі фавориттер қатарында емес. Сондықтан да 1/8 финалдың өзі ол үшін үлкен ерлік. Ал ширек финал болса - тіпті керемет. Менің болжамым - 100 млн.
19. Гарет Бэйл - 90 млн.
Чемпиондар Лигасының финалында таңғаларлық дубль соққан "Реал" ойыншысы өз құрамасын яғни" Уэльсті Әлем біріншілігіне жетелей алмады. Сондықтан да оның бағасы орынында қалуы тиіс.
18. Ромелу Лукаку - 90 млн.
Өткен жазда Лукаку "Ман Юнайтед" сапына ауысқанда бәрі оның жетістігіне сенген еді. Дегенмен де оның көрсеткіштері бәрі күдіктенген Фирминодан да төмен болды. Алайда, ол мына тізімде жоғары тұр екен. Бельгия құрамасының негізгі шабуылшысы осы чемпионатта өзінің негізгі күштерін көрсетуі тиіс. Оның үстіне оған берілетін көмек те жетіп артылады. Меніңше ол келесі айда 100 млн. тұратын болады.
17. Поль Погба - 90 млн.
Бұл ойыншы да "Ман Юнайтедке" зо-о-ор амбициямен ауысқан ойыншы еді. Бірақ, екінші маусым қатарынан француздық хавбек үмітті ақтамай келеді. Оның клубтан кететіні жайлы әңгімелер әрдайым қозғалады. Егер ол Ресейде жақсы болса өзге Еуропалық грандттардың оған көзі түсері анық. Ол өзінің еркелігі мен шошақайлығын тастап, барлығына шындап кіріссе алар шыңы биік деп сенемін. Бағаңды 110 млн.-ға жеткізіп, өзіңе жақсы клуб табуыңа тілектеспін!
16. Рахим Стерлинг - 90 млн.
Стерлинг үшін 2015 жылы "Ман Сити" "Ливерпульге" миллиондаған стерлинг төлеген болатын. Сол жылдары ағылшын елінің басты үміті болған жас ойыншы әлі күнге дейін өз потенциалын көрсете алмауда. Әрине, осы маусымда бұрынғыдан көрі жоғарғы деңгейде болды, бірақ осы деңгейді ұлттық құрамада да дәлелдеу керек. Ал тегі ямайкалық футболшы өзінің эмоцияларын басқарып, айналадан келетін қысыммен арпалысып үйренген. Сондықтан да, ол жақсы ойын көрсетіп, 110 млн. көлеміндегі сомаға дейін көтеріле алады.
15. Лерой Сане - 90 млн.
Йоахим Лев осы жолғы Әлем Чемпионатына биылғы Ағылшын Премьер Лигасының "Үздік жас футболшысын" қосып алмады. Лерой Сане маусым бойына "Ман Сити" сапында жоғарыда аталған Рахим Стерлингпен бірге керемет тандем орнатқан еді. Алайда, немістің бағы жанбай оның алдын қос Юлиан - Дракслер мен Брандт байлап кетті. Сондықтан да, оның бағасы тамызға дейін өзгеріссіз қалу ықтималдылығы жоғары.
14. Сергей Милинкович-Савич - 90 млн.
Дәл қазіргі таңдағы ең қымбат орталық жартылай қорғаушы. Сербтік футболшы осы маусымда "Лацио сапында" Италия чемпионатында айтарлықтай ойын өрнегін көрсетеді білді. Ал алдағы бір ай көлемінде сол деңгейде қала алады ма? Сергейдің құрамасы Сербия бұл жолы азуын айға білеген Бразилияның тобына түсті. Қастарында Швейцария мен Коста-Рика бар. Ең бір белгісіз, жұмбақ топтардың бірі. Қысқаша айтса - "өлім" тобы. Бразилиядан жеңіліп тұр деп есептесек, қалған екеуіне бар әлін көрсетіп, өз күшін дәлелдеуге анық мүмкіндік бар. Алайда, Сергейдің сомасы солай қалуы тиіс секілді.
13. Мауро Икарди - 95 млн.
"Әттең" дейтін жағдай. Мауро "Интер" сапында қандай ғажап ойын көрсетті? Италияда үздік сұрмерген атанағанымен қоймай командасын қаншама жылдан бергі аңсаған Чемпиондар Лигасына қайта әкелді. Сонда да, Икарди Аргентинаның ойынын тек экраннан тамашаламақ.
12. Криштиану Роналду - 100 млн.
"Реал Мадрид" осы жылы тағы да Чемпиондар Лигасын жеңді. Үш жыл қатарынан. Ал бұған португалдық футболшы Криштиану Роналдудың үлесі зор. Барлық жылдары команданың нағыз көшбасшысы болды. Дегенмен де, кезекті жеңістен соң, оның құны түсіп қалды. Мүмкін бұл ойыншының жасына байланысты. Криш қанша дегенмен Иса пайғамбардың жасына келіп қалды. Оның командаға деген маңыздылығының түскені анық байқалуда және оның өзі де бұрынғыдай команданы өрге сүйрейтін өр жігерлі сарбаз деп білмейміз. Сондықтан да оның бағасының түсуі - заңдылық. Ал турнирден бұл цифрлар қалай болады? Жеке шеберлікпен көзге түссе 110 млн.-ға дейін көтерілуі мүмкін. Ал, өзінің 2014 жылғы кебін кисе құнын 80 млн-ға дейін түсіріп алуы ғажап емес.
11. Филиппе Коутиньо - 100 млн.
Бразилия шабуылының тағы бір көзірі. Осы қыста ғана үлкен айқау-шумен "Барселонаға" ауысқан ол клубқа етене сіңісе кетіп, кейбір болжамдар бойынша болашақта команданың экс-капитаны Андрес Иньестаның алаң ортасындағы орнын баспақ.
Бірақ, Филиппеге қарап-ақ оның шабуылға икемі зор екенін аңғарамыз. Ал Әлем Чемпионатыны Коутқа өзінің осы бір қырын ашып көрсетуге тағдыр тартқан сый дер едім. Өз мүмкіндін пайдаланса Филиппенің сомасы 120 млн-ға дейін аспандай алады.
10. Антуан Гризманн - 100 млн.
Францияның негізгі үміті. Осыдан екі жыл бұрынғы "Еврода" жасындай жарқылдаған еді. Бірақ, клубтық деңгейдегі ойынның тұрақсыздығы ойыншының қолын әлі де биік шыңдарға жіберер емес. Соңғы деректерге сүйенсек ол "Барселонаға" ауысып үлгерді. Және мен бұған 100 пайыз сенімдімін. Және бұл француз форвардына футболдағы мансабын жаңа парақтан бастау жолындағы негізгі бұрылыс болмақ. Ол парақтың енді ғана ашылып келе жатқанына және алдағы отыз күнде позитивпен толарына сенемін. ӘЧ-ден кейінгі баға - 150 млн.
9. Деле Алли - 100 млн.
Англия Әлем Чемпионатының "көлеңкедегі" фавориті. Олар тіпті "топтан шықпайсың" деуге де, тіпті "чемпион боласың" деуге де келеді. Тұрақсыз команда. Тұрақсыз команданың тұрақсыз ойыншыларының бірі - Деле Алли. Талантты болғанымен кейде жүйкесі сыр береді. Жыл басында Кайл Уокерге көрсеткен "ортан терегі" соған дәлел.
Меніңше Англия бірдеңе қып, топтан шығады, бірақ оларды қиындықтар күтуде. Ширек финалдан аспас. Тиісінше баға да солай қалу тиіс.
8. Эден Азар - 110 млн.
Бұл қазіргі таңда Чемпиондар Лигасынсыз қалған ең жұлдызды ойыншы. Бельгиялық ойыншының "Челси" сапынан кету ықтималдылығы жоғары. Алайда, вингер өзінің жуас мінезімен белгілі, жұлдызды ұсыныстар оны аса қызықтыра ма, жоқ па белгісіз.
Бізді қазір алаңдатаны Ресейдегі дода. Бельгия жоғарыда аталған Англия іспетті көлеңкедегі фаворит. Және егер Еуропаның ең айқышты клубтық турнирінде өнер көрсеткісі келсе Эден осы жолы бар күшін салу керек. Оны өз басым "Реал Мадрид" сапында күтемін.
7. Пауло Дибала - 110 млн.
Әлі де нақты ашыла алмай жүрген ойыншылардың бірі. Пауло сөзсіз талантты. Бірақ, "Ювентустың" құрамында ол жыл сайын Италияда чемпион болғанымен, Еуропада өз атын әйгілемесе осы цифрлар өзгеріссіз қалып қойуы мүмкін.
Бірақ, оның алдында Әлем Чемпионаты бар. Аргентина құрамасы мықты шабуыл шебімен әйгілі. Сол шабуыл шебінің негізгі әрлеушілерінің бірі - Пауло. Енді көп күттірмей өз талантын паш етсе, Дибала өз бағасын 140 млн.-ға дейін апара алады. Оның командасының жеңісіне сену қиын болса да, жеке ойын жағынан Пауло өз өзін алып шығуы тиіс.
6. Килиан Мбаппе - 120 млн.
Бүгін ғана француз кішігірім жарақат алып қалды. Бірақ, қорқуға еш себеп жоқ. "Бәрі жақсы" дейді жас ойыншы. Өткен маусымда өзінің зымыран жылдамдығы мен техникасын төрткүл дүниеге көрсеткен Килиан осы жолы қандай тосынсый дайындады екен? Аяғы жүріп жатса, Мбаппе командасын тіпті жеңіске де апара алады. Бірақ, баға орнында қалатын секілді.
5. Кевин де Брейне - 150 млн.
Кевиннің мансабында көптеген кезеңдер болды. Бірде оны "Челсиге" алып, үлкен үміт отын сыйлады. Кейін әрлі берлі шапқылатып "Вердерге" жіберді. Ақыр соңында бремендіктердің сыңары іспетті "Вольфсбург" құрамында өзін көрсетті. Ассистент ретінде. Ал "Ман Ситиде" ол өзін жәй ғана ассистент емес, нағыз ойын құрастырушы, нөмірі бірінші плэймэйкер екендігін дәлелдеді.
Де Брейне Бельгия ойыншысы. Командасының негізгі көшбасшысы. Құраманың нәтижелері тікелей оның ойынымен байланысты болмақ. Артылған қысымның көптігін қарасаңызшы. Меніңше Кевинге бұл сынақ қиынғат түспек. Өзінің командалас әріптесі Рахимге қарағанда Кевин мұндай қысымға көп ұшырамады. Бельгия да ширек финалдан аса алмайтын тәрізді. Баға өзгеріссіз қалуы тиіс.
4. Харри Кейн - 150 млн.
Англияның басты үміті және капитаны. Турнирдегі ең жас капитан! Бірре күн бұрын ғана "ураган" "Тоттенхэммен" жаңа келісім шартқа отырды. Лондонның "Императоры" болғысы келіп жүр-ау, сірә. Алайда, осы жылдан кейін "қораздар" сапында қалу дұрыс болмас. Дереу кету керек.
Ал, бағаға келсек, жоғарыда айтқанымдай Англия тек үздік сегіздікке кіретін болуы тиіс. Ал Харри өте жақсы ойын көрсетіп 160 млн.-ға көтерілуі мүмкін.
3. Мохамед Салах - 150 млн.
Осы маусымның негізгі жаңалығы. "Ливерпульдің" сенсациялы ойынының негізгі себепкері де осы мысырлық ойыншы болатын. Жүзінен күлкі кетпейтін ойыншы алдағы жылдарын қай командада өткізетінін әлі жоспарламаған болар, әйтсе де, Мысырға адал болуы керек. Ресейде топтан шыққан күнде де Салахты не Португалия, не Испания күтеді. Мохамедтің жолы 1/8-ден аяқталуы бек мүмкін. Не де болса сәттілік, МО!
2. Лионель Месси - 180 млн.
Аргентинаның басты үміті. Соңғы он жылдықтың үздік футболшысы. Мүмкін бүкіл адамзат баласының? "Барселона" сапындағы әдеттегідей керемет маусымнан соң, төбеңе Әлем кубогын асыра көтергенге не жетсін. Бірақ, бұл үшін Леоға көп еңбек ету керек. Себебі, бүкіл Аргентина халқымен бірге алаңдағы қалған он ойыншы да оның сол аяғының магиясына сенеді. Соған арқа сүйейді. Тіпті, не айтарымды білмеймін. Айтарым, Месси - үздік футболшы. Бірақ, командасы оның деңгейіндей бола алмас. Чемпиондық бұл жолы да Мессиден сырт айналатын болар...
1. Неймар - 180 млн.
Таң қалатын ештеңесі де жоқ. Ней бірінші. Бірақ бұл қымбат ойыншылар тізімі, ал үздік ойыншылар тізімінде ол әлі бірінші болып көрмеді. Осы жетістікке қол жеткізу үшін бразилиялық үлкен еңбек етуде.
Мүмкін оны эгоист дерміз, мүмкін жалмауыз дерміз, бірақ оның патриот екенін жоққа шығары алмаймыз. Неймар Әлем Чемпионатының алтынына биыл екінші рет қолын созып көрмек. Төрт жыл бұрын өз елінде өткен доп додасында да ол команданың көшбасшысы болған еді. Ал биыл болса ол, пісіп жетілген, нағыз футболшы болды. Жеңіске жетеді ме, жоқ па анық айту тіпті қиын. Бағаның өзгеруі де осыған байланысты, жеңіс болса оған төленген 220 млн., ресми түрде оның құнына айналады.
Міне, осындай бір ұзын-сонар тізім шықты. Ал менің ойымша Әлем Чемпионатының осы жолғы жеңімпазы - Испания. Және бағалар да дәл осы команданың ойыншыларында көп өзгермек.
Иско, Марко Асенсио, Де Хеа. Осы ойыншылар ең қымбат фигураларға айлатын секілді. Әр қайсысы 100 млн.-нан асып түсу мүмкіндігі аса жоғары. Тек жәй ғана өз деңгейіндегі ойын өрнегін көрсету керек.
Ал, сіз қалай ойлайсыз? Кім чемпион, кімнің бағасы қалай өзгермек. Пікір алаңы ашық!