Абыздың айтқаны
блог
" Құдайдан қорықпайтын, халықтан ұялмайтын кей шенеушіксымақ "бас-басына би болған өңкей қиқымдардың" қаніпезер "қылықтарын" көргенде көшіміздің қалай, қашан түзелетінін топшалай алмай қынжыласың" - деп бастады қарт әңгімесін... "Жоғары жақтағылар қарақан басының қамын күйіттеуді ХАЛЫҚ мүддесінен кейінгі орынға қоймайынша, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын мамыражай күн тумас " - деген ақсақалды іштей 21-ғасырдың абызына теңеп те қойдым.
Расында, кең-байтақ Қазақстанымыздың қазіргі хал-ахуалына обьективті баға беріп көрсек, 3-тен артық қоя алмаспыз. Табан ақы, маңдай терімен табылған айлығының ойдағыдан 10-15 пайызға артып, едәуір көбейгенін көріп, "ойлап жүрген затымды алатын болдым ғой" деп қуанып қалатын қараша халықтың қуанышы дүкеннің сөрелері мен базардағы бағаны көргенге дейін-ақ жалғасады. Бұл күнделікті ішерге асы, киерге киімі жоқ жағдайы төмен отбасылар саны мен жұмыссыздарды айтпағанның өзінде.
Ресей рублі арзандап жатыр деп, айтып ауыз жиғанымызша болған жоқ, "қаралы сейсенбі" Қазақстанды да көп күттірмеді. Жау жағадан алғанда, ит етектен тартады демекші, арандатушылар да қарап қалмады. Жұрттың бәрі девальвацияның "арқасында" жоғалтқан ақшасын санап, тағы да доллар қымбаттай ма екен деп сақтанып, Келімбетовтің сөзіне сенерінде-сенбесінде білмей жатқанда, онсызда әбігерге түскен халықты одан әрі дүрліктіріп, смс-шабуылшылар шыға келді. Осындайда шулаған халыққа сөзін өткізу үшін сақалын "бәске" тігетін Марченконың орны байқалып қалды.
20 пайызға жуық құлдыраған ұлттық валютамыз теңгенің тағдырына алаңдаушылық танытқан, ашығын айтсақ, доллармен несие алған азаматтар минитгке шыққанымен, онысынан ештеңе өнбеді. Ал Үкімет қанша жерден бұйрық беріп, жергілікті атқарушы Органдарға міндеттегенімен доллармен бірге шарықтаған азық-түлік бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр, өкінішке орай. Теңге бағамын айды аспанға шығарғандай қылып бірден қымбаттатпай, Ресей рублі секілді еркін айналымға жіберуге болмас па еді деген де ой келеді. Жалпы, біздің Үкіметті түсіну қиын: жақында қозғалтқышының көлемі 3,5см*3-тен(куб см) асатын қымбат автокөліктерге салынатын салық құнын екі еселеп қымбаттатты да, кешеден бері бюджеттік, жеңіл автокөліктерді енгізуге тыйым салып жатыр. Сонда халық немен жүруі керек деген заңды сұрақ туындайды. Жә, байтал түгіл бас қайғы болып бара жатқан бұл қоғамда ол мәселе ең маңызды емес болар.
Әңгіменің барлығы менің көрші атамның сөзінен басталды, сол кісінің сөзімен аяқтайын: " Елдің басы, республикамыздың тұңғыш әрі әзірге жалғыз Президентіміз айтудай-ақ айтып та жатыр, бұйрықтарды Үкімет пен алуан түрлі Органдарға беріп те жатыр, бірақ нәтиже шамалы..." - деп барып терең күрсінді абыз ақсақал.