АБЫЛАЙДЫҢ БЕРГЕН БАТАСЫ
блог
АБЫЛАЙДЫҢ БЕРГЕН БАТАСЫ
Бір күні Абылай нөкерімен келе жатып, ауыл сыртынды ойнап жүрген балалардың ішінде екі баланың төбелесіп жатқанын байқайды да ат басын солай қарай бұрады. Келсе төбелесіп жүрген өз баласы Қасым мен Сеңгірбек екен.
- Ей, сендерге не жетпей жатыр – дейді хан.
Сеңгірбек қалт тұра қалып тағзым етеді.
- Хан ием, әншейін балалық қой, - дейді күліп.
- Балалық екенін біліп тұрмын. Сонда да төбелесуге бір нәрсе себеп болуға тиіс қой. Соны білгім келіп тұр.
- Жерге таласып тұрмыз,- дейді Сеңгірбек. – Кешке алтыбақан құратын едік. Соны қай жерге құратынымызды дауласып...
- Кім қайда құрғысы келеді?
- Мен мынау өзен жағасындағы жазық жерге құрайық деймін, - дейді Сеңгірбек.
- Мен, дейді Қасым, анау төбенің басына құруды қалаймын.
Абылай мырс етіп күліп жібереді.
- «Ер шекіспей бекіспейді» деген. Екеуің шекістіңдер, енді бекісіңдер, дос болыңдар.
- Кәне, құшақтасыңдар.
Екі бала біріне бірі аңтарыла тұрып құшақтасады.
- Дұрыс, - дейді Абылай, - енді екуіңнің үрім-бұтағың да осы достықты жалғастырсын. Тату-тәтті ғұмыр кешіңдер. Бірің төремін, бірнің қарамын демеңдер. Бұл сөзімді кейінгі ұрпақтар құлағына сіңіріп айта жүріңдер. Содан соң Абылай қасындағы нөкерлеріне қарайды.
- Бұдан сендер не аңғардыңдар?
Табан астына берілген сұраққа басқалар аңтарылып қалады. Сонда құлағы сараң ести бастаған Қаз дауысты Қазыбек атын тебіне Абылайдың қасына үзеңгі қағыстыра келіп тұрады да.:
- Бұл екеуінде екі түрлі мінез бар,
- Бірі хан тұқымы – қыран мінезі. Қашан да биікте жүргісі келеді. Енді бірі қарапайым халықтың ұлы; жылқы мінезді: Қашан да нулы жерге, сулы жерге тартады, - дейді Абылай басын изеді.
- Сөзіңе құлдық Қазеке, қашанда қазақтың көсегесін сулы жер мен нулы жер көгертеді. Мен Сарықұлақтың ниетін құптаймын. Алтыбақанды өзен жағасына құрыңдар, - дейді.
Хан былай шыққан соң Қазыбекке қарап:
- Менің осы балам қайсар да қыңыр, өркөкірек, келісімі аз. Болмашы нәрседен дау шығарып жүреді, - дейді. Сонда Қазыбек:
- Олай болмағанда қайтеді, Нағашысы Қалдан Серен болса, атасы Абылай болса – мұның көкірегі гулеп тұрған көрік емес пе? Көрік бір тұтанса басылуы қиын, бір сөнсе тұтануы қиын, - дейді.