Әбу Райхан әл-Бируни – ұлы ғалым, философ
блог
Әбу Райхан әл-Бируни – ұлы ғалым, философ
Егер Жер дөңгелек және айналмалы болмаса, күн мен түн ауыспастан бірдей ұзындықта болар еді.
Әбу Райхан әл-Бируни
Хорезмдік математик, философ, тарихшы және астроном Әл-Бируни исламдық ғылыми көкжиектің ең үлкен және ең жарық жұлдызы. Жас кезінде ол жергілікті билеушінің кеңесшісі болып Саманидтер тұсында Бұхарада жұмыс істеді. 1017 жылдан бастап, Махмуд Газневи сұлтан Хорезмді жаулап алғаннан кейін, ол басқа тұтқын ғалымдармен бірге Газнаға көшуге мәжбүр болды, онда ол Махмуд сұлтан мен оның ізбасарлары Масуд пен Маудуд сарайында жұмыс істеді, кейінірек Махмұд Газниви сұлтанға қызмет етіп онымен бірге Үндістанды аралап шықты. Жалпы алғанда ол жүз елу еңбек жазған, олардың қырық бесі астрономия мен математикаға арналған. Астрономиялық шығармаларында Әбу Райхан әл-Бируни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын), денелердің Жерге қарай тартылуын (Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) болжаған.
«Ұлы адамдар өлмейді. Өйткені олардың интеллектуалды, эмоционалды және рухани әлемі соншалықты бай, көлемді, сан қырлы, олар физикалық өлгеннен кейін біз олардың әсерін ғана емес, сонымен бірге көзге көрінбейтін қатысуын да сезінеміз», - деп философиялық ой толғаған. Бұл Әз-Жәнібек ханның "Дүниеде не өлмейді?" деген сұрағына жауап берген Жиренше шешеннің ойымен үндеседі:
Ажал деген атқан оқ,
Бір Алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді.
Ұлы ғалым 973 жылы ежелгі Хорезм астанасы - Кят қаласында дүниеге келген. Әл-Бируни жастайынан жетім өсіп, өмірінің алғашқы жылдары туралы өте аз мәлімет қалған. Ол өзінің шығу тегі туралы былай деп жазды: «... мен шежіремнің шындығын білмеймін. Өйткені, мен өз атамды білмеймін, мен әкемді білмесем, атамды қалай тануым керек!» - деген.
Әбу Райхан әл-Бируни өзінің балалық шағы мен жастығын Хоразмшах Абу Абдалланың немере ағасы Иракидтер әулетінде, сол кездегі Хорезмнің көрнекті математиктерінің бірі Әбу Наср Мансур ибн Әли ибн Ирак үйінде өткізді. Ол жазық және шар тәрізді үшбұрыштар үшін синус теоремасын алғаш дәлелдеген ғалым.
Бала кезінен ізденімпаз болып өскен Әбу Райхан әл-Бируни әлем туралы білімін кеңейтуге тырысты. Ол өзінің «Медицинадағы фармакогнозия» атты еңбегінде өзінің табиғаты бойынша бала кезінен білім алуға шамадан тыс ашкөздік тән екенін жазған. Бұған дәлел ретінде Беруни мынадай мысал келтіреді: шамамен жеті жасында олардың ауданына бір грек қоныстанады. Беруни сол гректен әр түрлі дәндер, тұқымдар, жемістер, өсімдіктердің олардың тілінде қалай аталатынын сұрап аттарын жазады. Содан кейін грек Әбу Райхан әл-Бируниді Масихи деген басқа білімді адаммен таныстырды, ол оған оқуға қажет кітаптарды ұсынды және түсініксіз нәрселерді түсіндірді. Әбу Райхан әл-Бируни өзінің алғашқы еңбегін «Ежелгі халықтардың хронологиясы» деп жазды. Онда өз уақытында түрлі халықтар қолданған барлық күнтізбелік жүйелерді жинап, сипаттаған.
Парсы тіліндегі әл-Бируни кітабынан суреттеме. Айдың әр түрлі фазалары көрсетілген
Ғалым астрономияға 45-тен астам еңбек арнады, олардың негізгісі - «Астрономия мен жұлдыздар каноны». Онда барлық көрсетілген ережелердің эксперименттік және математикалық дәлелдері бар. Ол Жердің Күн айналасындағы қозғалысы туралы гипотезаны қарастырды, күн мен жұлдыздардың отты табиғатын, қараңғы денелерден планеталардың айырмашылығын, жұлдыздардың қозғалысын және олардың Жермен салыстырғанда үлкен мөлшерін, гравитация идеясын растады. Әбу Райхан әл-Бируни жердің (глобустың) бірінші моделін жасады, математикалық есептеулерді қолдана отырып, жердің дөңгелек екенін, ал жердің басқа бөлігінде құрлық (Америка) бар екенін және адамдар өмір сүретінін дәлелдеді, (кейін Галилей қолданды) Теориялық ғылымды басшылыққа ала отырып, әл-Бируни өз заманының бірде-бір ғалымы сене алмайтын тамаша практикалық нәтижелерге қол жеткізді. Ол бірінші болып минералдардың қаттылығы мен тығыздығын өлшеді және ландшафттың геологиялық трансформациясы теориясын құрды
Әл-Бируни өзінің туған хорезм тілінен басқа араб, парсы, грек, латын, түрік, сирия тілдерінде, сондай-ақ иврит, санскрит және хинди тілдерінде сөйледі. Бұл білім жаратылыстану терминологиясын бір тілден екінші тілге аудару принциптерін дамытуға ықпал етті. Араб графикасы негізінде әл-Бируни жасаған транскрипция жүйесі урду тілінде үнді сөздерін берудің заманауи жүйесін жасады.
"Философия – адамзат дамуының қайнарынан бастау алатын ғылым". Философия ұғымы грек тілінен аударғанда даналыққа деген сүйіспеншілдікті білдіреді. Мысалы әл-Бирунидің үлкен еңбектері үшін сыйлық ретінде сұлтан Әл-Бируниге күміс тиелген пілді сыйлыққа жібереді. Бірақ ғалым: «Маған күміс қажет емес, менде ең жоғары байлық - білім», - деп, сыйлықты қазынаға қайтартқан. Бұл ғалымның білімге, даналыққа деген сүйіспеншілігі мен оның материалдық дүниеге тең емес екендігін көрсеткен.
Берунидің «Медицинадағы фармакогнозия» («Китаб ас-Сайдана фит-т-тибб») негізгі еңбегі қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Бұл кітапта ол 880-ге жуық өсімдіктерді, олардың жеке бөліктері мен бөлінуін нақты сипаттамаларын берді, терминологияны оңтайландырды. «Сайдана» («Фармакогнозия») құрамында дәрілік өсімдіктердің таралуы мен олардың аудандары туралы бай материалдар да бар.
Беруни 4500 -ге жуық араб, грек, сирия, үнді, парсы, хорезм, соғды, түркі және басқа өсімдік атауларын жинап түсіндірді. Бұл синонимдер қазіргі заманғы фармакогнозияда көне трактаттардың шифрын шешкенде әлі де қолданылады.
Әл-Бируни замандастары арасында да, ұрпақтары арасында да онша танымал болған жоқ, өйткені оның тілін түсіну қиын болды. Ол өз еңбектерін қарапайым адамдар үшін емес, ғалымдар үшін жазғанын айтты. Оның керемет «Үндістан» және астрономиялық «Масуд каноны» туралы мұсылман әдебиетінде кейінірек айтылған жоқ. Еуропада 19 ғасырға дейін ол туралы ештеңе білмеді.
Негізгі еңбектері тарих, математика, астрономия, география, топография, физика, медицина, геология, минералогия, т.б. ғылым салаларын қамтиды.
Әбу Райхан әл-Бируни топографияға байланысты «Геодезия» атты үлкен еңбек жазды. Онда Әмударияның бұрынғы кездегі ескі арналары жөніндегі зерттеулері аса қызғылықты баяндалған. Әбу Райхан әл-Бирунидің тарихи-географиялық еңбектерінде Орта Азия мен Шығыс Сібірдің тарихи этнографиясы, сондай-ақ Орта Азия көшпелі тайпаларының батысқа, Шығыс Еуропаға дейін қоныс аударулары, Қазақстан географиясы, оны мекендеген түркі тайпалары, олардың әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары жөнінде құнды деректер беріледі. «Үндістан»(1031), «Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші» (1048), «Масғуд каноны», т.б. еңбектері ағылшын, неміс, орыс, парсы, т.б. тілдеріне аударылған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322
2.https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%BB%D1%8C%D0%91%D0%B8%D1%80%D1%83%D0%BD%D0%B8
3. http://pharmacognosy.com.ua/index.php/istoriya-farmakognozii-v-litsakh/beruni
4. Бируни Абу Рейхан. Индия. / Пер. А. Б. Халидова, Ю. Н. Завадовского. // Избр. произв. — Т. 2. — Ташкент: Фан, 1963. (Репринт. — М.: Ладомир, 1995.)
5. Булгаков П.Г. Жизнь и труды Беруни. Ташкент, «Фан», 1972.
Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты
Құрманбай Данияр, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты