Әбу Насыр Әл-Фараби біз үшін «Бірінші Ұстаз»

Әбу Насыр Әл-Фараби біз үшін «Бірінші Ұстаз»
жеке
блог

Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі.

 

Әбу Насыр Әл-Фараби

 

   Әбу Насыр Әл-Фараби - әлемге есімімен әйгілі ойшыл, пәлсалашы, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі және ұлы ғұлама. 870 жылы Сырдария бойындағы Отырар қаласында дүниеге келген. Отырар қаласы сол кездері Фараб деп аталғандықтан, ол өзінің Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Ұзлағ Ибн Тархан есімін туған жеріне байланыстырып, Әл Фараби деп атаған. Әбу Насыр Әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейген. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасып, өз білімін жетілдіріп отырған. Жасөспірім шағында елге келген керуенмен ілесіп, Бағдатқа барады. Бағдатқа баруының себебі, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Бағдатта “Баит әл-хакма” атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Алғашқы кезде Әбу Насыр Әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытып, одан соң ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен. Бағдатқа келгенде әл-Фараби тек түркі тілін ғана білген. Бірақ,білімге деген құштарлығының арқасында, өмірінің соңына дейін 70-тен  астам тілді меңгеріп алған.

   Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге жуық трактат жазып қалдырған.

   Әбу Насыр Әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка)  және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина)  ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашқан.
   Әл-Фарабидің математикалық еңбек­­тері: «Ғылымдар тізбегі» немесе «Ғылымдар классификациясы», «Алмагес­ке қосымша кітабы», «Евклидтің бастауының» бірінші және бесінші кітаптарының қиын жерлеріне түсініктеме», «Табиғат сырын гео­метриялық фигуралар арқылы танытарлық рухани әдістер». Бұлардан басқа да мате­мати­каға тікелей немесе жанама қатысы бар көп деректер ғұламаның «Музыканың үлкен кітабы», «Алмагеске түсініктемесі» атты еңбектерінде мол орын алған.

   Ұлы ғұламаның музыка саласына қосқан үлесіде орасан зор деп айтсақ та болады. «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы», «Ғылымдардың энциклопедиясы» атты еңбектері бар. Еңбектерінің ішінде Әбу Насыр әл-Фараби есімін  дүниеге танытқаны – «Музыка туралы үлкен кітап» деп аталатын еңбегі. Кітап «Музыка өнеріне кіріспе», «Музыка өнерінің негіздері, «Музыкалық аспаптар» және «Музыкалық композиция» деген үлкен 4 тарауды және 1500 бетті құрайды. Көптеген трактаттарының арасынан дараланатын бұл еңбекті өзі түсінікті әрі жеңіл, жұрттың кәдесіне жарайтын етіп жазғанын айтады. Сондықтан да ол дыбыстардың поэзиямен үндестігін, дыбыстар мен сандардың үндестігін, яғни математикалық сандарды пайдалана отырып, музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нота түсінігін алғаш енгізген. Музыкада қолданып жүрген біз білетін 7 нота болса, әл-Фарабидің математикалық сандармен сипаттаған еңбегінде 12 нота белгілі, қалған 5 нота белгісіз. Мұның сырын осы күнге дейін ешкім дәл таба қойған жоқ. Бұл еңбек Еуропа музыка ілімі мен музыка өнерінің дамуына  үлкен әсерін тигізді. Ол музыкалық «Уд», «Канун», «Танбур» аспаптарын жасаған.

1-сурет. «Уд», «Канун», «Танбур» аспаптары1-сурет. «Уд», «Канун», «Танбур» аспаптары

   Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ.  Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді. Өзінің «Риторика», «Поэзия өнері», «Бақытқа жол сілтеу туралы» трактаттарында этикалық- эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, білім дәрежелерін саралап, солардың негізін дәлелдеп берген.

   Физика саласындағы Әбу Насыр Әл-Фарабидің көрнекті еңбегі “Вакуум туралы” деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан. Әбу Насыр Әл-Фараби бұл еңбегінде вакуум мәселесінен басқа да физиканың әр түрлі мәселелерін қарастырып, сол кездегі ғылымның дәрежесіне сай өз шешімдерін дұрыс тапқан (дененің жылудан ұлғаюы не кішіреюі, түсірілген кернеуге, қысымға байланысты ауа көлемінің ұлғаю немесе кішірею заңдылықтары, ауаға түсірілген кернеудің берілуі, т.б.). Сәуленің таралуын геометрия,оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береген. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Насыр Әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болған. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып “фокус” атаған. Мұны Әбу Насыр Әл-Фараби сегіз ғасыр бұрын “күйдіру”, “оттық орын” мәнінен шығарып “мұхарақ” атаған. Ол және өз қолымен ойыс айна, яғни парабола, линза жасап,  ғылымда қолданған да болатын.

   Әбу Насыр Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы” т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысқан.

   Әбу Насыр Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы астрономы К.Птоломейдің еңбектерін түсіндіре, кемелдендіре отырып, өз тарапынан да теориялық (математикалық), практикалық мәні зор қорытындылар жасап, соны идеялар, пікірлер айтақан. Мысалы, ол тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтуін бақылайды, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын трактатында ғұлама ғылыми астрономияны, жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы т.б. көрінерлік қасиеттеріне сүйеніп, жер бетіндегі оқиғалардың, адам өмірінің болашағын алдын-ала болжауға болады дейтін күмәнді ғылымсымақты астрологиядан бөліп қараған.

   Әбу Насыр Әл-Фараби сонымен қатар әлеуметтанушы, қоғамтанушы, саясаткер ретінде ерекшелінеді. Ол өзінің ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі- «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» жайлы трактатында қайырымды қала тұрғындары қандай болуы керек, оның басшысына тән қасиеттер қандай т.б. жайлы жан-жақты зерттеу жасаған. Осы трактатында Әл-Фараби «қайырымды қала» басшысының бойынан табылуға тиісті 12 қасиетті сипаттап берген:

1. Басшының дені сау болуы керек;

2. Ақыл-есі бүтін, айтылған сөзді ұғатын болуы керек;

3. Есте сақтау қабілеті мықты болуы керек;

4. Сөзі өткір, тілге шешен болуы керек;

5. Өнер-білімге құштар, оқып үйренуден шаршамайтын, білімпаз болуы керек;

6. Тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ болуы керек;

7. Шыншыл болуы, маңына шыншыл адамдарды жиюы, өтірікшілерден аулақ болуы керек;

8. Рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын болуы керек;

9. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен аулақ болуы керек;

10. Әділетсүйгіш болуы, озбырлар мен әділетсіздерді жақтаудан аулақ, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді болуы керек;

11. Бір сөзді, бірақ қыңыр болмауы тиіс, жаман қылықтарға ымырасыз болуы керек;

12. Өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асыруда шешімшіл, қорқып жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек.

 

   Философия саласында Фараби өз заманындағы теңдесі жоқ тұлға саналды. Оның негізгі көзқарасы – рациональдық. Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің философия көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады.  «Әлемнің бірінші ұстазы» аталған Аристотельден бастап, Пифагор, Платон, Евклид, Аристоксен, Птоломейлер жазған дүниелеріне талдау жасап, дұрыс, бұрыс жақтарын зерттеп, жетілдіре отырып қорытынды жасаған. Батыс әлемі Аристотельді әл-Фарабидің арқасында таныған,себебі Еуропа Аристотельдің кітаптарын түпнұсқада оқып түсіне алмағандықтан,  олар грек тіліндегі Аристотельді араб тілі арқылы таныған. Фараби еңбектері Европаның Қайта өрлеу кезеңінде үлкен рөл атқарған. Бэкон, Л. Да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц және т.б ғалымдар өз жетістіктері үшін !Әл-Фарабиге  қарыздар.

   Қорытындылай келе, Әбу Насыр Әл-Фарабиды біз үшін «Бірінші Ұстаз»  деп сенімді айта аламын,себебі ол өзінің сегіз қырлы,бір сырлығымен, білімге деген құштарлығымен ғылымға, әлемге орасан зор мұра қалдырған. Философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка, астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина салаларын терең меңгеріп, көптеген жаналықтар ашқан. Әлемге әйгілі Аристотель, Платонның жазған еңбектерін жетілдіре отырып, қорытынды жасаған. Бұндай іс әлемге әйгілі, білімдінің білімдісі, ойшыл, пәлсалашы, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі,ұлы ғұламаның қолынан ғана келетін іс.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     https://kk.wikipedia.org/wiki/Әл-Фараби

2.     Жұбатқан Фариза, Әл-Фарабидің музыкалық философиясы.

3.     Асылбек Байтанұлы ,Әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» және қазақ утопиясы, https://adebiportal.kz/kz/news/view/22664

4.     Жалғас Садуахасұлы, Әл-Фараби не үшін «Екінші ұстаз» атанды? https://kazislam.kz/al-farabi-ne-ushin-ekinshi-ustaz-atandy/

 

Кусаинов Абылай Сакенұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты

 

Данат Жанатаев,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты