АБСУРД ФИЛОСОФИЯСЫ. ОНЫҢ ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ

Бүгінге дейін көп оқылатын, Нобель сыйлығының құрметті иегері болған бұл Ұлы жазушының ажалы аянышты әрі мәнсіз болғаны секілді, шығармаларының негізгі тақырыбы да мәнсіздік — абсурд мәселесін төңіректейді. Иә, бұл – Камю шығармаларына қатысты айтылған ой. Оның идеялары туралы «Бұл шығармада мынау туралы айтылып тұр» деп кесіп айту әсте мүмкін емес. Оның сан қатпардан тұратын ойы сан алуан пікірлерге, мың түрлі көзқарасқа жетелейді. Мына дүниедегі адам қол жеткізетіннің бәрі, байлық, атақ, бала, туысқандар, ата-ана да өткінші. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Сондықтан адам тіршілігінің мәні мен мағынасы туралы сөз қозғаудың өзі мәнсіз. Дегенмен, абсурдқа мәнсіздіктерге қарсылық көрсетпеу, оған илектене кіріптар болу нағыз абсурд болар еді деп тұжырмдайды. Абсурдты жеңу мүмкін емес, бірақ онымен тынбай күресу, жеңілсе де күресу адам өмірінің шынайы бақыты сол болмақ. 

 

Драматургиядағы абсурд ХХ ғасырдың ортасында Еуропада пайда бола бастады. Бұл әлем жаңалығы қазақ драматургиясын да айналып өткен жоқ. Өткен ғасырда сахналанған шығармаларды зерделесек, абсурд элементтері бар қойылымдарды байқаймыз. Мысалы, Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық», Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында». Бұл аталған шығармалар толық абсурдқа толы болмаса да, элементтері кездесетінін байқауға болады. [Бөкен Г.С. Драмадағы абсурд// Ш.Уәлиханов атындағы КМУ Хабаршысы №4, 2016 ж. – 202-207 бб.]  Абсурд шығармадағы оқиға желісі өмір шындығымен еш үйлеспейді. Дегенмен оның астарына үңілсек, нағыз шындық бар. Қазіргі таңдағы сахналанып жүрген қойылымдар арасынан тұтас абсурд бағытында жазылған туындыларды көре аламыз. Мысалы, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық  драма театрының сахнасында режиссер Балтабек Нұрғалиевтің «Әзәзіл» атты абсурд қойылымы жарыққа шықты. Бұл – Жапонияның белгілі дра­матургі Бэцуяку Минорудың екі бөлімді «Көше қиы­лы­сындағы драма» атты диологиясының бір бөлімі.

            Көше бойымен келе жатып, түрлі келеңсіз жағдайларға тап болатын кейіпкерлер оқиғасы екі бөлімде де кездеседі. Бірінші оқиғада бас кейіпкер көше қиылысында отырған біреулердің әң­гімесін тыңдап, өмірден түңіліп кетсе, екін­ші бөлімнің оқиға желісі көшенің қақ ор­тасында ашылған жедел жәрдем бекеті турасында өрбиді. Ондағы мейірбикелер жолай бара жатқан сап-сау адамның есін шыға­рып, ақыр аяғында ауру қылады. Былай қара­саң, бұл – абсурд: көшенің қиы­лы­сын­да жедел жәрдем бекеті неғып тұр? Ауруды сауықтыратын мейірбике не үшін сау адамды ауру қылсын? Жедел жәрдем бекетінде істейтін мейірбикелер уысына түсірген әйелдердің басын айналдырып, киім-кешек, ақшасын, бағалы затын алып, тонайды. Мұны әркім әрқалай түсінеді. Мысалы, бір қарағанда адам саулығынан бұрын табысты басты орынға қойған, бизнеске айналған медицина саласын сынап отырғандай болады. Алайда режиссердің ойы басқа. Режиссер Балтабек Нұрғаливетің өзі отандық БАҚ-қа /Қазақ театрына абсурд келді, Алаш айнасы, 2012 ж, 16-наурыз/ берген сұқбатында: «Бұл шығарма арқылы біз меди­ци­наны сынап отырған жоқпыз. Қойы­лым­­ның негізгі идеясы – жазықсыз адам­­­­ды өлтіру проблемасы. Бұл – қа­ра­­­пайым адамның трагедиясы. Не­гі­зі, қазақ театры үшін абсурд – ол жа­ңа жанр», –  дейді.
Тағы бір драмалық шығарманы мысалға келтіре кетсем. Ол – Қолғанат Мұраттың «Пони» атты пьесасы. Бұл туынды Қазақстандағы драматургия саласы бойынша өтетін «ДрамаКз» байқауына қатысқан. «Мына жер бос па? Жоқ... Ал,  мынау? Иесі бар» деп басталатын туындыны оқи отырып, автор не айтқысы келді дейсіз. Диалогтар бірде бір-бірімен қиылыспай қалады. Не болып кетті деп көрерменнің басы қатуы мүмкін. Байыппен ойлар болсақ, бұл мегаполисте пәтерден-пәтерге көшкен тұрғындардың бұлыңғыр тағдыры еді. Ағаш үстінде отырған, жерге бір түспейтін әйел, таяқ мініп, көше кезген ер адам қазіргі баспанасыз қазақтың халінен хабар береді. Автор осы арқылы арманы орындалмайтын, көкірегінен итеретін алып қалада қалай күн кешпек, қашанғы баспанасыз ағашты қонақтап, таяқ мініп жүре бермек деген ойды айтқысы келген. 

Екі туынды да абсурд арқылы қоғамның ауыр жарасын астарлап жеткізген. Былай қарасаң, сахнада мүлде басқа дүние, ал айтар ойы – мүлде басқа. Тағы бір ұқсастығы екеуінде де кейіпкерлердің нақты аты жоқ, Қ. Мұраттың «Пони»-інде Пониден басқа кейіпкердердің аты Б. Нұрғалиевтің «Әзәзіліндегідей» бірінші әйел, екінші әйел, абыз, әйел, бірінші еркек, екінші еркек деп аталады. Бұл – қазақ театрына керек, әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыт.

 

Данат Жанатаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

Балғын Әділбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 



Бөлісу: