Әбіш Кекілбаев шығармалары қазақ әдебиетінде алғаш интеллектуалды прозаның қалыптасуына жол ашты. Қоғамдық-саяси жүк арқалап, әлеуметтік мәселелерді көтерген, тарихи тұлғаларды таныту арқылы ұлттық мүдденің жүгін арқалаған еңбектерін зерттеу, таныту қазақ оқырманына міндет. Тарихтың ақтаңдақ сәттерін, қазақы болмыстың кеңдігі мен тереңдігін көркем әдебиетте таныта білген қарымды қаламгер екені даусыз. Тақырыптың өзектілігі сол – Ә.Кекілбаевтың әдебиет ұстындарын ашып көрсету, таныту болып отыр.
Қазақ жазушыларының ішінде тың тақырыптарға қалам тербеген Ә.Кекілбаев шығармалары – тарихи шындықтан бастау алатындығымен өміршең. Кейіпкерлері ойдан алына салған образ емес, ұлт үшін, қоғамдық сана үшін белгілі бір қызмет атқарып тұратын сынды. «Суреткерлік тіл, эпикалық кеңдік, төселген орнықты стиль, ең бастысы өзі толғап отырған тақырыпты қопарып, тереңіне бойлап жазатын қарымды да қажырлы қаламгердің жазу машығы өз қатарластарынан оқшауланып шыға келді. Ойлы, интеллектуалды прозаның әдебиет өміріне енді-енді дендеп, орнығып ене бастаған, кең қанат жая бастаған тұсында, әрине Әбіш Кекілбаев шығармалары осы қатарда оқ бойы озық көрініп, оқырман ілтипатына бірден ілінді. Бұл дарынды шоғырдың алдында ғана үлкен арна салып кеткен Әуезов мектебі, Әуезовтің көркемдік әлемі туған әдебиетімізде екінші қайтара бой көтергендей, жаңа заманда жаңаша арна тапқандай, жаңа белеске көтерілгендей көрінді. Алдымен Әбіш Кекілбаевтың жазу стилінен Әуезов мектебі бірден аңғарылды.»[1]
Ә.Кекілбаев шығармашылығында шоқтығы биік тұратын туындылардың бірі -«Күй» повесі. Автордың талай тарихи шындықтан хабар беретін, оқырманды сол күймен бірге ой шыңырауына түсіретін, ұлттық сана-сезімнің биігіне жетелейтін, кейіпкерлер тағдыры өмірдің өзекті мәселелерін көтеріп тұратын тың шығарма. Жазушының стилі ерекше, әлемдік әдебиет сахнасында соны образдармен келуге болады, бірақ Әбіш шығармашылығы, әсіресе “Күй» - қазақтың ұлттық тамырымен астасып жатыр, болмысымен біте қайнасқан. Оның қаламгерлік шеберлігі, ұлттық әдебиеттегі орны сонысымен құнды.
Автор тілінің ерекшелігі сол – кейіпкерлер бірінен соң бірі туындап отырады, тарихтың қойнауына оқырманын сүңгіте береді. Жазушының «Күйдегі» уақыт пен кеңістік мәселесін ұтымды, терең, әділетті қолдана білуі – оқырманын одан әрі шығармаға ынтықтыра түсетіндей. «Күйдегі» кеңістік кейде уақытқа бағынбайды. Оқушының санасы жай ғана тарихтың арғы-бергі бетінде жоқ іздеп жүрген жолаушыдай сандалып кетеді, бірақ шығарманың соңында сол жоғын табады. «Шатырдан ешкім қалмағанша шәй ішетін», тарқатсаң терең тарихтың шежіресінен сыр шертетін. «сыр алдыра қоймаған сіңір қара шал»(Құрбан ақсақал) – сол кеңістікке нәр беруші образ. Ал - дутар(домбыра), одан шығатын жан-дүниеңді балқытар күй – осы шығарманың сюжеттік желісін бір-бірімен жіпсіз байлап тастаған ерекше деталь. Осы аймақты зерттеуге келген Сырым бастаған зерттеуші жігіттердің ақсақал шерткен күйдің қуатымен тарих шыңырауына құлауы – күй аяқталғанда мең-зең хәлге келуі – бастан аяқ шығарманың мазмұны. Мазмұн – қос ішектен ағыла төгілген күйдей кейде шалқып төгіліп, кейде баяулап, шамырқанып, шымырлап әрбір сюжетті құлағыңызда күмбірлетіп отырады. Ал шығарма соңындағы Сырымның жай- күйі, ішкі толқынысы – сол күйдің соңғы шертісімен тынады, бірақ санасына мәңгілік шегеленіп қалады. Күй – оқырман санасына тұтастай бір шығарманы сыйғыза салды.
«Мынау ұлан-асыр қу медиен далаға елу жылдай болыпты, ел қонбапты. Ай бойы қанша жерді араласа да, әдетте теңге жараның орнындай оқшау бозарып жататын көне жұрт, не күзеуде, не көктемде ши қорамен отыратын қойшы ауылдардан қалған ескі көң – көзіне түскен емес. Малдың сүрлеуі, тезегі – түгі жоқ, жым жылас. Теп-тегіс жазық, көптен бері тұяқ баспай, тіс-тимей қақалып өскен майқара жусан. Осынау бедерсіз кеңістіктен бағыт айыру, бағдар тану тіпті қиын.»[2;203] Ұшы –қиырсыз теп-тегіс мекен – өз сырын сол жұмбақтығына сыйдырған. «Мүлгіген кеңістік» - талай заманның, қантөгістің, мәңгүрт басқан табанның, ат-тұяғының, озбыр батырлардың қарақшы қарекеттерінің, ең асылы небір сазды күйлердің куәсі.
Қоңыр дала, иесіз дала, бедерсіз кеңістік, жапан дала, аптап, ен дала, қауым молалар, Қарауыл төбе, теріскей көкжиек, нәр тамбаған ала дөң, көктеңізге іреп кіріп жатқан пышақтың жүзіндей жіп-жіңішке қара түбек, көк теңіз, салхар сахара, күн жеп, жел мүжіп тастаған қара жартас, ызғыған қара дөң, сағым ,т.т толып жатқан дүниелер – толықтай шығарманың сұлу суретін көз алдыңызға келтіріп қоятын реалды кеңістік.
Шығармада уақыт әрбір батырдың дүбірлеп тұрған дәуірінде сығымдалып, кішірейіп, сол заманның көрінісін жасайды. Ол туралы М.Бахтин:«Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып, белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады»[3], - дейді. «Күйдегі» кеңістік оқырман санасына автор суреттеген қалыппен орнығып қалады да, уақыт әр дәуірдің тасасында лирикалық шегініспен көрініп отырады. Бірақ шығармадағы оқиғалар, іс-әрекеттер сарынында фальклорлық уақыт пен кеңістік те жоқ емес. «Ертеңіне осы күнді бір айдан бері асыға күтіп отырған ауыл ақ тайлақты жетелеп, Көкбөрінің басына барып, құдайы беріп қайтуға аттанды. Алты тұтқынды арқасы қырдай екі көрт түйеге қомсыз мінгізіп алып жүрді. Ілгерірек аттанған қос аттының соңында екі өркеші дір-дір етіп, ақ жібек желке шудасы желкілдеп, ақ тайлақ кетіп барады.» [2;208] , - дейді автор. Бұл түркімендердің Көкбөрі батырдың басына «ақ түйенің қарынын жарып» құдайы беруімен бірге, қазақ тұтқындарын мәңгілік «мәңгүрт» хәлге душар ететін қатыгез сахна. «Алты тұтқын қатқыл жонның дүк-дүк дыбысына құлақ түріп, тұяқ сайын қылт-қылт ұшқан аласа ақ шаңға көз тігеді. Көз ұшында садақаға шалынатын ақ тайлақтың әсем екі өркеші ақырғы рет көзді арбап бұл-бұлт етеді.» [2;208] немесе «Қазақтың асындағыдай қарқ-қарқ күлкі де, өжеңдескен дау-жанжал да, шарқырап көкке сермеген ән де, тартылған күй де жоқ.» [2;209], - деген тұстары автордың сол ұлтқа тән болмысты мағыналы көркемдік кеңістікпен беруі еді.
Жазушының суреткерлік шеберлігі кішкентай детальдан үлкен заманның түймесін ағытып береді. Қараңыз:«Жұрттың қоршауындағы алты тұтқынның қақ алдында жатқан Көкбөрінің кішкене төмпегі де бір сұмдықтың боларын білгендей, шашақтанып бой түзеп өскен түздің сойдақ сояу қара жусанының тасасына бұға түсіпті.» [2;211], - дейді де бұдан әрі Көкбөрі батырдың дәуірлеп тұрған заманы өріледі.
Автордың ең бір ұтымды көрсеткен жері уақыт пен кеңістіктіктің күрделеніп келіп, реалдық пен перцептуалдық әлемді қатар алып отыруы. Ол – кейіпкерлердің жай-күйі, ішкі толғаныстарының, психологиялық хал-ахуалының күй арқылы құбылып отыруы. Жазушы повестің басынан-ақ оны:«Құрбан ақсақал басын сонау, ту әріден алатын ұзын-сонар оқиғаға байланысты шыққан бір күйді тартты. Жетпістен асса да, қолына діріл жүгірмеген. Саусағынан төгілген саз әлі тәтті. Сырым жастайынан күй тыңдап өскен қазақ-ты. Баяғы бала кезінде қу тақтайдың бетінен өзінен-өзі өрбіп жатқан сиқыр күйге еліткенімен дәл қазіргісіндей сұғына тыңдамаушы еді. Қазір күй естісе, өне бойының бәрі шымырлап, көкірегіне әлдеқандай бір өзгеше сезім қордаланып, жанарына мұң ынты-шынты кетеді.» [2;205], - деп суреттейді. Сол күй ағыны кейде-шалқып төгіліп, кейде бәсеңдеп барып барлық уақыттың жотасынан қылаң береді. Күй - «ешкім көзіне ілмей, оқып көрмеген, шетке ысыра салған көнетөз сұңғыла кітап». Ол сол далада сабылтып жүрген көмескі естеліктерді тірілтті.
Жөнейіттің ыза-кегі, өзегін өртеген намысы тұтқын қазақтың домбырасынан төгілген асыл күймен арпалысып, қарсыласып бағады. «Жөнейіт күйкентайдың балапанындай күйкі күйші тұтқынның көкірегінен ақтарыла төгіліп жатқан сиқыр сазға ақтарылып отыр; бірақ сыртына сыр шашпады, шаншылып алған қаһарлы қалпын бұзбады.» [2;242] Ол күй ағынына құлап кетпеуге тырысып, өзін ұстап отыр. «Күйшінің көмейіне жас тығылғандай болды. Домбырасының да даусы бір сәт егіліп шыққандай. Манадан бері міз бақпай отырған Жөнейіт мырс етті.» [2;244] Күйшінің көмейіне тығылып, өксік болып қадалып қалған сәт – қазақтың қасірет тағдырының сыры еді. Осы күй кеңістігің әбігері намыс деп жүріп, адамдықтан аттап кеткен кейіпкерге көп дүние ұқтырды. Оның ойына «Тұтқын күйшіні тірелей көмбегенде не болар еді?» деген түйінді де тастаған сол күйдің әсері. «Әлгі бір ыңыранып шыққан әуез қалар емес», соңында Жөнейтті жан тәсілім етті. Ал күй кеңістігінің әуелгі толқыны тыңдаушы Сырымды біраз уақытқа дейін сол әлемнен «айықтыра» алмады.
Жазушы Әбіштің суреткерлігі сол кеңістік пен уақыттың алмакезек жүйелі, ұтымды беріліуі шығарма мазмұны мен иедеясының тереңірек ашылуына жол ашады.
Қорыта келгенде, Әбіш Кекілбаевтың «Күйі» - оқырманын тап күй тыңдағаннан кейін соның кеңістіген айыға алмайтын, елегізіп, сананы сан саққа жіберетін күшке ие. Сонымен қатар, түркімен мен қазақ арасындағы ежелгі қақтығыс, батырлардың адуынды күресі, «мәңгүрт» ұғымының алғаш қазақ әдебиетінен көрінуі – бұл шығарманың көркемдік табысын айғақтайды. Оқырман үшін таным көкжиегінің тереңдігін талап ететін шығарма. Қаламгер қазақ әдебиетінде осы сынды өшпес мұраларымен қалды. Оның өміршеңдігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Ұлттық салт-санамыздағы домбыра мен күйдің қадір-қасиеті қалай бағаланса, «Күй» шығармасының да дәрежесі асқақтай берері сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. https://ikaz.info Әбіш Кекілбаев шығармашылық жолы.
2. Әбіш Кекілбайұлы, 5-том. – 2010, «Жазушы». -318б
3. Қ.Жанұзақова, Г.Утепбергенов «Көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік композициясын талдау мәселесі»
Ержанова Сәуле Баймырзақызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
Зинелова Жібек Курашқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты