Әбілхан Қастеев мұражайына барғанда алған әсерлерім.

Әбілхан  Қастеев мұражайына барғанда алған әсерлерім.
жеке
блог

           Күн сенбі. Таңертеңгі ондар шамасы. Жатақханадан үш қыз болып шығып, ректоратқа қарай аяңдап келеміз. Ректорат алдына өзімізбен бірге оқып жатқан бірінші курстың журналистика факультетінің қыздары жиналып қалыпты. Оқытушыларымыз Әсел апай мен Жібек апай да тұр екен.Біздің бұлай жиналуымыз тегін емес, «Қазіргі қазақ журналистикасының жанрлық түрі мен қызметі» пәнінің кезекті лекциясында берілген тапсырмаға байланысты «Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайына» бармақшымыз.

Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық. Өнерді түсіне үшін, сезіну, әсер алу үшін музейге барып, өнер туындыларын өз көзімізбен көрмекшіміз.

   Жаяулата басып, көңілді әңгімелесіп, музейге де келіп қалдық. Ғимарат сыртында Әбілхан Қастеевтің тастан қаланған мүсіні тұр. Мұражай іші кең, жарық, жерге ақ мрамор төселген.Екінші қабатқа көтерілген бойда көзге таныс, көңілге ыстық қазақтың ұлттық ер- тұрманы, алдаспан қылыштар, текемет, тұскиіз, кебеже,кесеқап түрлері, сәукеле , қалыңдық көйлегі т.б қойылған. Келесі залдан бастап көркемсурет туындыларының көрмесі басталады. Музейдің қоры өте бай екен. Бұл жерден Қазақстанның, Ресейдің, Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының  кескіндеме,графика, сәулет өнерінің баға жетпес жұмыстары бар. Музейдің  экспозициясы әрбір халықтың мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін экспонаттар арқылы әлемдік өнердің негізі мен даму сатыларын байқауға болатын тарихи хронологияға негізделген. Жан- жағыңнан қоршаған картиналарға қарап, әр уақыттың тыныс- тіршілігіне куә боласың.

Менің ерекше қызығушылығымды оятқан картиналар «Қызды еріксіз әкету»1937ж , «Сатып алған қалыңдық»1938 ж.

Бұл картиналар мазмұны, айтар ойы жағынан ұқсас. Қыз баланың таңдауы , қалауы ескерілмейтін қараңғы заманның көрінісін суреттейді.Бірінші картинада аттылы ер жігіттің қатігездікпен қыз баланы сүйрелеп, ал анасының  «аһ»  ұра, бар пәрменімен балапанын құтқармаққа ұмтылып жатқаны көрініс табады. «Сатып алған қалыңдық» картинасында тағы сол:басында теңдігі жоқ, қараңғы заманның құрбаны болған қазақ қызы. Туған жеріне қимастықпен қарайлаған көздері мұңға толған, алдында әйелдікке алып бара жатқан кәрі шал уыздай жасқа ие болғанына ессіз мәз болып келеді. Ерте жұлынған бәйшешектей жас қыздың тағдыры толғандырмақ түгілі, риасыз ризашылыққа бөлеп бара жатқанын қайтерсіз?

Бұл картиналарда теңдігі жоқ заманның ащы шындығы дөп басып бейнеленген.

Богдановтың «Ұлттық киімдегі қазақ қызы» картинасында кимешек киген жас қызды көресіз. Мөлдіріген қап- қара жанарында балалықтың белгісі қалған, бірақ оң - солын танымай жатып күйеуге бергендіктен тағдыр тауқыметін тартқаны көрініп тұр.Күнге қақталған жүзі мен шойындай қара қолдарынан күйбең тірліктің табы білінеді.

Ал, Толоконникованың «Бала- бақшадағы таңертеңгілік» атты картинасы көңілінді көтеріп, жүрегіңді елжіретеді.Себебі мұнда балақайлардың тәтті қылықтары бейнеленген.Дүниенің ең пәк, періште жаратылысын көргенде «сәбидің иісі – жұмақтың иісі» деген  қасиетті сөз еріксіз есіме түсті.

Табиғат көріністерін бейнелеген Өмірбаев К, «Күз. Бутаковка» картинасы мен Тагенова Г, «Венеция» пейзажы қатты ұнады.

 Табиғат тақырыбына қалам тербетпеген ақын, қылқаламға серік етпеген суретші жоқ шығар.Бұл картиналар күздегі табиғаттың тылсым сырларын тереңінен аша түскендей.

Мұражайды бір сағаттан ары араласақ та, сұлулыққа тамсанған, тойымсыз көздерімнің құмары қанбады. Кіріп кетсең әсемдікке жіпсіз байланып,шырмауынан шыға алмайтын тылсым әлем секілді.

Адам баласының қолынан жасалған табиғатқа таңданбасқа шараң жоқ!