Мәскеудегі Халықаралық байқауда тұңғыш рет қазақ романсы орындалды. Патша көңілді көрермен хакім Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін ұйып тыңдап, орындаушысына зор ілтипат көрсетті.Бұл байқау ұлы қаламгердің 170 жылдық мерейтойына орайластырылған. Шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова да қатысып, жеңімпаздарға қазақ елінің тарту-таралғысын табыс етті.
Ресей халқының Абайдай кемеңгер тұлғаға ілтипаты қашанда айрықша. Екі ел арасындағы елші, рухании дәнекер деп біледі. Үлкен колонна залына жиналған көрермен Абай әндерін сағынып-ақ қалыпты. «Айттым сәлем, Қаламқастан» бастап, қазақ халқының өзге де романстарын зор ықыласпен тыңдады.
Халықаралық жас романс орындаушыларының байқауы биыл Мәскеуде 19-ші рет ұйымдастырылды. Оған әлемнің 15 елінен, сондай-ақ, Ресейдің 62 қаласынан 438 вокал орындаушысы қатысты. Айтулы өнер байқауында Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген өнер қайраткері Галина Преображенская қазақ романсына деген зор құрметін білдірді.
ГАЛИНА ПРЕОБРАЖЕНСКАЯ – РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ
Қазақстанда, оның ішінде Оңтүстік өңірінде романс өнері қанат жайған. Биыл онда XVIII-ші рет «Қазақ романсиадасы» аймақтық ашық байқауы өтті. Сайысты мен Қазақстан және Орта Азия аймағы республикаларындағы беделді бірегей жоба ретінде танимын. Алғаш рет қазақ романсын, оның орындаушыларын сол сайыста тыңдадым! Өнердің шыңын мойындадым!!! Енді текті елдің шығармаларын шетелдіктер де орындап, дәріптелуі заңды.
Абай шығармаларының баянды болуына үлес қосып мжүрген байқау қатысушылары жүлдеден құралақан қалмады. «Айттым сәлем, Қаламқас» деп, Мәскеу төрін әнмен тербеген 25 жастағы үміткер Денис Болдов 3-орынды, ал, Красноярск өлкесінен қатысқан 21 жастағы студент Севастьян Мартынюк 1-орынды жеңіп алды. Жүлдені өз иесіне табыс ету мәртебесі облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен біздің өңір өкілдеріне бұйырды.
КҮЛИЯ АЙДАРБЕКОВА – ОҚО МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Әлемді сұлулық құтқарады! Ұлылар бізге осылай деп өсиет қалдырды. Бүгін ақын Абайдың сұлу, өміршең жырларын айтып, оның мерейін үстем еткен өнер иелеріне айтар алғысым шексіз! Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, өңір басшысы қазақ романсына қолдау көрсету үшін әр жылы күнгейде «Қазақ романсиадасы» байқауын қолға алған. Сіздерді бірегей таланттарды танып, шын жүйрікке ақ жол ашатын бекзат өнер сайысына қатысуға шақырамын.