Абай шығармаларындағы уақыт ұғымы
блог
Абай шығармаларындағы уақыт ұғымы
Ғылыми мақаланың мақсаты:Абай өлеңдеріне талдау жасай отырып,ол жерде логикалық тұрғыда қолданылған уақыт ұғымына анализ жасау
Тірек сөздер:Уақыт,Абай өлеңдері,халық,әдебиет,мекеншақ
Көркемдік Уақыт - әдеби шығармадағы уақыттың суреттелуі, зейінге алыну, кабылдауының өзгеше сипат-ерекшелігін түсіну үшін қолданылатын ұғым.
Реалды уақыт - бұл уақыттың өмірдегі нақтылы қалпы. Оның басты өзгешелігі - объективтілік сипаты. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға, біркелкі жылжиды. Ал енді осы уақыт бар да, оны адамның сезіммен қабылдауы бар. Бұлардың өзі екі түрлі сипат алуы ықтимал. Біздің сезінуімізде уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал әдебиет шығармасында уақыттың жылжуы уақиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу болып, кейде тіпті үзіліп кетіп отыруы ықтимал. Ал тағы бірде уақиға аяғынан басталып баяндалса, жазушы уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі де мүмкін. Сонымен әдебиет шығармасында автордың, кейіпкерлер мен оқырмандардың уақытты қабылдау ерекшеліктері ескеріледі.
Уақыт пен кеңiстiк ұғымының ауқымы шексiз. Екеуi ажырымайтын субстанциялар. Оларды қайсiбiр сәттерде ғана шартты түрде арнайы қарастыруға болады. Алайда тамырлас арналар алшақтап кете алмайды.Алайда біздің қарастыратынымыз- Абай өлеңдеріндегі уақыт мәселесі.
Артына өлмейтұғын із қалдырған ұлы ақын Абай Құнанбаевтың бізге келіп жеткен өлеңдері шексіз және әрқайсысы терең филососфиялық идеясымен ерекшеленеді.Халықтың тағдыры мен уайымына терең мән беріп,өлеңдері мен қара сөздері арқылы халық санасын оятуға талпынған ақын уақыт ұғымын кеңінен қолданғанын осы мақалада дәлелдейтін боламыз.
Көркем әдебиет – уақыт пен кеңiстiктiң шағын моделi. Оны дүниеге әкелу үшiн де мекеншақ (хронотоп) өлшемi керек, оның мазмұндық құрылымы да әр алуан мекеншақ қатынастарына негiзделмек. Шығарманы қабылдау кезеңдерi де мекеншақ ерекшелiктерiмен сабақтас. Тегi, уақыт және кеңiстiк бейнесiн әдебиет мекеншақ тағандарына табан тiреп тұрып сомдайды.
Абай философиясының ең басты бағаналы терегi – уақыт. Әдепкiде ақын мұндай объективтi табиғи құбылысқа мән бермесе де керек. Әйтсе де, Абай өмiр сүру уақыттың сыңарына айналу екенiн бiледi. Оның туындылары – ой-сана мекеншағының мәтiн арқылы тұрақтылық табуға ұмтылысы.
Ақын өзінің “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” атты өлеңінде уақытты жанама кейіпкер етіп алады.Өткенге өкініш білдіре отырып,оқырманға терең философиялық ой тастайды.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Өлең басында автор кішірейіп,өзін кінәлі етіп көрсете келе,білім тапшылығына назаланады.Мұнда тарихи, әлеуметтiк, даралық уақыт өкiнiш сезiмiне байланысты психологиялық уақыттың түрлi бөлшектері болып көрiнедi. Қазақ елiнiң тұрмыс жағдайы мен әлемдiк өркениет арасындағы қайшылық лирикалық кейiпкер дүнетанымындағы қозғалыс заматымен iшкi драматизм тудырады. Ақын үшiн алдыңғы буынның олқылығын толтыруға тиiс ұрпақ болашағы да қауiпсiз емес. Ол кертартпа орта мен iзгiлiктi мұрат арасындағы кереғарлықты сезiнiп, қам жейдi.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Лирикалық қаһарман негiзгi тұтқа идеясын меже қылып ұсынғанмен, өзiнiң жекелiк қасиеттерi, қоғамдық орта мiнезiмен келiспеушiлiк тәрiздi сарындарға көшуiмен тақырып әртараптылығы жағынан бұл жолы да, басқа туындыларында да толғау жанрына хас ерекшелiктi аңғартады.Бұл тәсiл баяндау уақытының еркiндiгiн оятады. Абай дидактикалық үлгiдегi жыраулар поэзиясының мекеншақ жағынан тым тәуелсiз болмысын бойына сiңiре отырып, әлеуметтiк және психологиялық мекеншақ аясында бұрынғы дәрiптеу мен таңырқау әсерiне қатысты қабылдау аясымен тұтастық шегiн бұзады да, осы төңiректегi драматизм, лиризм элементтерiн ұштай түсу арқылы эмоционалдық полифония қалыптастыру нәтижесiнде жаңа поэзия, модернистiк дүниесезiну дәстүрiн дүниеге әкеледi.Ұлттық идея ежелгiдей майдан даласындағы батырлық пен ел билеушiлерiн мадақтаудан iрге айырып, жатаған қалыптағы, бiрақ орыс мәдениетi түрiнде көрiнiс берген жаһандану үрдiсiн мақұлдау арқылы мазмұндық аясына жаңалық енгiзедi. Қоғамдық уақыт мәселелерiн өзiне қатысты бағамдап отырған ақын негiзгi оқу, ғылым тақырыбын қоя тұрып, жеке қасиеттерi мен қоршаған орта арасындағы толық келiсiм жоқтығына орай жан назасына көшедi:
Өзiм де басқа шауып, төске өрледiм,
Қазақта қара сөзге дес бермедiм.
Еңбегiңдi бiлерлiк еш адам жоқ,
Түбiнде тыныш жүргендi терiс көрмедiм
Дара басының қасиетiн ұлықтау жырау, жыршы, айтыс ақындарында кездесетiн. Бiрақ ондай қабiлет, мiнез ерекшелiктерi ешқандай дау-дамайсыз, диалогтық қатынасқа түспей баяндалатын. Ал Абай толғаныстары мiндеттi түрде екiншi бiр қарама-қарсы ұйғарымдар бар екенін көзге елестетiп, сол тұрғыдағы ой-пiкiр әсерiмен қатты есептесуге құрылады. Ой-толғамдар логикасы әрiден тамырласқанмен, баяндау уақыты мөлшерiнде терең қабысып та жатпайды. Олар – жүйелi нұсқадағы монолог емес, сана ағымы түрiндегi тебiренiстер. Сана ағымы модернистiк әдебиетке тән құбылыс. Баяндау уақыты әр алуан байлам, пайым мекеншағына тосқауыл қойып, кiдiрiс тапқыза алмайды.
Осындай эволюциялық қадам айшықтарын түсiнген М.О.Әуезов: “Азамат ақынның зор идеясын бастаған өлең сол “Жасымда ғылым бар деп” болса, ендi осыған жалғас 1886 жылы туған толып жатқан тың өлеңдi көремiз. Тегiнде 1886, 1889, 1896 жылдар Абайдың ақындық, ойшылдық еңбектерiнiң ең жемiсi мол, өнiмдi жылдары болады. 1886 жылы Абай он сегiз өлең жазған” , – дейдi.
Ғұлама ғалым Абай “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман” өлеңдерiн жазғанда қырық бiр жаста ғана екенiн ескертедi. Алғашқы аталған шығармада уақыт кескiнi философиялық бейнеге айналатын тұстар көп. Ақын бiрден-ақ психологиялық жағдаяттардың әлеуметтiк мекеншақ аясындағы себептерiн ашып көрсете бастайды:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек.
Ашуың ашыған у, ойың кермек.
Мұңдасарға кiсi жоқ, сөздi ұғарлық,
Кiм көңiлдi көтерiп, болады ермек.
Метафоралық ойлау жүйесiне құрылған, ассонанс, аллитерациялық өлшемдер, риторикалық сұру арқылы шешендiк сөйлеу үрдiсiн пайдаланған бұл өлеңде тағы да лирикалық тұлғаға қатысты шартты түрдегi пiкiр қайшылығы төбе көрсетедi. Ол “Жасымда ғылым бар деп ескермедiмде” бiлiм тапшылығының қорлығына назаланса, ендiгi жерде өзiнiң үлкен ойшылдығын жоққа шығармайды. Бiлiм мен ақыл барлық уақытта бiрдей егiз емес сияқты. Ал Абай ыңғайында алсақ, ұлы шайырды дүние жүзi тарихы мен әдебиет, дiнiнен мағлұматы олқы деу қиын. Автор әдепкiде жорта кiшiрейiп сөйлейдi немесе өзiнде бардан да iрi қайнарға ұмтылады, әйтпесе жалпы қазақ қауымына ортақ сауатсыздық зардабына налиды. Жеке тұлға мен қоғамдық орта арасындағы зияткерлiк, рухани теңдестiктiң адалығы тарихи мекеншақ пен даралық мекеншақ арасындағы қиғаштық межелерiн тым алшақтатып жiбередi. Абайдың тағы бiр жаңалығы – өз уақытынан асып, болашақ уақытпен сырласуы. Абай бүкiл философиясының алтын қазығы iспеттi аса терең ойдың тұңғиығын екiншi шумақта-ақ жайып салады:
Жас қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмiр қайта келмек.
Басқан iз, көрген қызық артта қалмақ,
Бiр құдайдан басқаның бәрi өзгермек.
Келер шақ етiстiк үлгiсiне ұйқас толымдылығымен экспрессивтi екпiн дарытатын үзiндiдегi алғашқы жолда уақыт тiзбектерi логикалық ыңғайда ауысып келгенiмен, адам өмiрiне байланысты мезгiл ырғағы сағат тiлiн алға жылжытып отырған. Абай күллi саналы жанды таң қалдыратын биологиялық өрiс айналымының пайда болу, даму, шегiне жету, яғни көзден кету түрiнде өзгеше кейiпте қайта оралу фактiсiн Құран Кәрiм қағидаларымен бiрлiкте жырға қосады. Алла тағала мәлiм еткен құпия ақиқатты Абай өз жүрегiнiң көрiгiнен өткiзiп барып, баршаға аян етедi.Тұрақтылықтың да, қозғалыстың да кепiлi Абай үшiн – Құдай. Уақыт пен кеңiстiктiң бастауын Жаратушыдан iздейдi. Өйткенi ғалам сырын басқаша ұғындыру мүмкiн емес. Дүниенi танып, бiлудiң шекарасынан асуды жөн санамайтын ақынның идеалистiк көзқарасы Ислам iлiмiн терең меңгеру нәтижесiн аңғартпақ.
Алашқа iшi жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тiрiде аңдып, өлсе өкiрмек.
Бiр-екi жолы болған кiсi көрсе,
Құдай сүйiп жаратқан осы демек
Байқап қарасақ,автор өлеңдерінен шақ категориясын да байқауымызға болады.-Мек деген есімше категориясын қолдану арқылы да келер шаққа көз тастап отырған ақын ниетін байқай аламыз.Ал –п,-ып көсемше жұрнақтары арқылы өткен шақтың салдарының қандай болатынын өз оқырманына жеткізгісі келгенін байқауға болады.
Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Перiште төменшiктеп, қайғы жемек.
Өзiмнiң иттiгiмнен болды демей,
Жеңдi ғой деп шайтанға болар көмек .
Абай реалды-тұрмыстық уақыт пен дiни-мистикалық мекеншақтың қабаттасып келу сәтiн де сахара тұрғынының өмiр жайлы түсiнiгiне сай бейнелейдi. Мұндағы оппозиция: перiште мен шайтан. Бұл эмблематикалар қоғам iшiндегi iрiткi мен бiрлiктiң қарама-қайшылық себебiн қарастырумен сабақтас. Жер бетiндегi қара ниеттiлер дiни-мифологиялық уақыт пен кеңiстiк шындығының өзiн көзi байлаулы алдамшы мекеншақ үшiн бағдаршам қылуға тырысады. Оған төрелiк айтатын – ақынның даралық мекеншағындағы мейлiнше әдiл, шыншыл, турашыл мұрат пен парасат үстемдiгi.
Абайдың өмiр туралы толғамдарының бәрi дерлiк алдағы iс-әрекетті болжау түрiнде құрылуға бейiм:
Өлсем, орным – қара жер сыз болмай ма,
Өткiр тiл – бiр ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат ғазауатпен майдандасқан,
Қайран менiң жүрегiм мұз болмай ма!
Сұрай арнау формасын таңдаған әйгiлi жырдың затты-бейнелiлiк сипаты зор. Әсiресе айқындау мен алмастырудың көркемдiк-эстетикалық маңызы зор. Барлық сұрауға жауап дайын. Суықтық, үнсiздiк, қараңғылық ұғымдары уақыт пен кеңiстiктiң адам санасы арқылы қабылданатын екi полюсi арасындағы ымырасыз суреттер қоюлығымен психологизм мазмұнын аша түседi. Қорқыныш, үрей, шарасыздық, тәуекел эмоциясы тiршiлiктiң шiдерсiздiгi жайлы модернистiк эстетикаға тән жатсыну философиясымен тамырластық табады.
Ал мына өлеңін мысалға келтіретін болсам:
– Жапырағы қуарған ескi үмiтпен,
Қиял қып, өмiр сүрiп, бос жүрiппiн.
Жыбыр қағып, көңiлдi тыншытпайды
Қашанғы өтiп кеткен бұлдыр көп күн.
Ол дәурен өмiр емес, бiр көрген түс,
Ойға тойма, қызықты қиялдан күс.
Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?
Төңкерiлiп құбылған жұрт – бiр сағым,
Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптiң аузын күзетсең, күн көрмейсiң,
Өзiңдi өзiң күзет, кел, шырағым!
Абай бұған дейiн алдағы көрiксiз жағдаятты оймен болжап бейнелеуге тырысып көрсе, ендi өткен шақтың көмескi кескiнiн тағы да жады кеңiстiгiнде жан бiтiрiп көруге ынта қояды. Бүгiнгi уақыт ертеректегi бiрталай жылдың кадрларын жинақтап, сомдап, екшелген өмiр суреттерiн ғана берi сүйреп әкеледi. “Қиялға” байланысты контексте уақыт тым iлгерiлеп кетiп, кейiн шегiнгенiн аңғару қиын емес. Бiрақ ол уақыт әлеуметтiк-рухани шындықтың жеке тұлға үшiн өкiнiштi әсерiн жеткiзе алуымен бағалы. Себебi уақыттың тiзбегiнде кездейсоқ түйiндер жоқ. Бәрi де тiрi нүктелер. Адам үшiн оның басталуы мен аяқталуы белгiсiз. Алайда өмiр жолының әр кезеңi көңiл мекеншағындағы қоғамдық ұстаным, мұраттар безбенiне тартылғанда, сан түрлi көзқарас, толғаныс сипатына бағдар бередi. Ақын жанын жабықтыратын – асыл армандардың орындалмауы. Жеке адам мен ортаның ортақ ымыраға келе алмауы терең драматизмге азық тауып бередi.
Қорыта келе айтарым,адам өміріндегі ең құнды нәрсе уақыт болса,ұлы Абай өлеңдерінде осы құндылықтың орын алуы кездейсоқтық емес.Тек соның байыбына баратын,ақын тілінің терең философиясын түсінетін оқырманның болуы жеткілікті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жұмалиев Қ. Қазақ əдебиеті тарихының мəселелері және Абай поэзиясының тілі.- Алматы: «Қазақстан көркем-əдебиет»
2. Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: «Санат», 2002.
3. Əдебиеттану терминдер сөздігі. — Алматы: «Ана тілі», 1999.
4.Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы. 1- том. Алматы: «Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы», 1954.
Орындағандар: Бегалиева Ақерке, Абделдаева Айдана, Алмат Орынкүл
Ғылыми жетекші: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия ғылымдарының доценті Жанатаев Данат Жанатаевич