«АБАЙ ЖОЛЫН» ӨЗГЕШЕ ТАНЫТҚАН КЕЗДЕСУ

«АБАЙ ЖОЛЫН» ӨЗГЕШЕ ТАНЫТҚАН КЕЗДЕСУ
жеке
блог

Әдебиет әлемінің тұңғиығына бойлап, әр шығарманы зерделеп, көркем туындыны түсінудің өзі бір рақат дүние. Әдеби шығарманы оқып қана қоймай, оның тарихын білу – бөлек әңгіме. Әр қазақ баласы ес білген кезінен «Абай жолы» туралы естіп, көңіліне тоқып өседі. «Абай жолы» – қазақты әлемге ерекше танытқан роман-эпопея. Бір ғана Абайдың емес, бүкіл қазақтың болмысын, Абайдың ғана емес, бүкіл бір рудың өмірін суреттеген шығарма. Қазақ әдебиетіндегі өзге шығармалардан бір саты жоғары тұратын өзгеше туынды.

Әуезовті әлемге танытқан, қазақты әлемге танытқан Абай жолындағы кей шындық кітаптағыдан мүлдем басқа. Осы шындықтарды студенттерге, оның ішінде филолог-студенттерге жеткізу мақсатында ҚазҰУ-дың филология факультетінде филология ғылымдарының докторы, жазушы, абайтанушы Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлымен «Абай жолы: өмірлік және көркемдік шындық» тақырыбында көшбасшылық дәрісі өтті. Дәріске филология факультетінің студенттерінен бөлек, оқытушылар мен әдебиетші-ғалымдар қатысты. М. Әуезов дәріс оқыған дәрісханада өткен кездесуде қазақ әдеби шығармаларының көркемдігі, Алаш арыстарының еңбектерін және Абай Құнанбайұлы туралы тарихи деректер айтылды.

«Абай жолы» – соңғы басылымы халыққа ұсынылғанға дейін біршама өзгеріске ұшыраған туынды. Роман өмірде болған оқиғалар желісінде жазылғанымен, заманның талабына орай кей тұсында шындық өзгертілген. Тұрсын Жұртбай дәрісінде тарихи деректер де, көркем шығарма да не үшін және қалай жеткізілгенін түсіндірді. Ғалымның келтірген деректерінен бірнешеуін атап көрсетуге болады. Мысалы, Абай мен әкесі Құнанбай екеуінің арақатынасына әсер ететін Қодар мен Қамқа оқиғасы тарихта Абай дүниеге келген уақытқа дейін орын алған. Ал Мұхтар Әуезов Абай бұл оқиғаны жай естіген болуы мүмкін деп те айтады. Оқиғаның көркем шығармада берілу себебі – Абайдың заманында да ондай сәттердің қайталануы. Әуезов тарихи дерек арқылы романды қызықты ету әрі тәрбиелік мәнін таныту мақсатын көздеген болуы да мүмкін. Сол сияқты романда айтылатын Бөжей асы туралы да тарихи дерек басқаша болған. Ғалым оқырманның өзгеше жақсы көретін Әйкерімнің де өмірде образына мүлдем кереғар адам болғанын атайды. Мұхтар Әуезов романды алғаш жазғанда Әйкерімді шынайы суреттейді. Алайда түрлі мәселелерге байланысты бірнеше жыл өткен соң Әйкерімді ұнамды персонаж ретінде жазуға бел буады. Оған басты себеп романда Абайды қолдайтын, ұғатын бір адамның болуы қажет болды деген сынды пікірлер кездеседі. Тұрсын Жұртбайдың сөзінше, Әйкерімнің романдағы образы өмірдегі Ділдәнің тұлғасы болуы мүмкін. Оның дәлелі ретінде абайтанушы-ғалым дәрісте арнайы жазбалардан үзінділер келтірген болатын.

Өте қызықты әрі танымды болған дәрісте «Абай жолы» туралы ғана емес, Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолына қатысты тың деректер, Алаш орда туралы тың мәліметтер айтылды. Дәріске қатысушы студенттер ғалымның ғылым жолына келуі туралы түрлі естеліктерді білді. Әдебиет туралы зерттеулер жүргізіп жүрген студент-ғалымдар ағаймен еркін пікір алмасып, жұмыстарына нұсқау алды.

Әдебиет көркемдікті талап етеді. Ал көркем шығарма тарихи шындық болғанда ғана туындайтыны сөзсіз. А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары ұйымдастырған Тұрсын Жұртбаймен өткен кездесу әдебиетті тану үшін тарихты да қатар тану керектігін тағы бір ұғындырды.

 

Ақыл Айдана Айнабайқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты

 Рамазанова Шайгүл Әмірғалиқызы

 Филология ғылымының кандидаты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті