Тілдесіп Тәңірімен тұратұғын,
Ұжымақта ұлықталған ұлы ақыным.
Тәу етіп кетейін деп тас тұлғаңа,
Тұғырыңа бұрылып жыр оқыдым.
Биіктесің қазақтың жыр құтпаны,
Тәңірдің тылсымындай ірілік мәні.
Бәдізіңнің бойынан өлең сіңген,
Тас болса да байқалар тірлік табы.
Бұл қазақ бір-біріне шашпай жарық,
Тұр бүгін бақастықтан бас бәйге алып.
Тобасыз сол тобырдан шаршадың ба,
Кетіпсің мәңгілікке тасқа айналып.
Зердеңе сәуле құйып зерен қабат,
Тектілікті тәніңе терең жамап.
Өзгермеген жұртыңа зау биіктен,
Түнересің әлі де төмен қарап.
Өкінбеген еліңе өткені үшін,
Білем,білем әлі де өкпелісің.
Мыңмен жалғыз алыстың алыптарша,
Амал не,жетпеді ғой көпке күшің.
Кер заманым әкелген кесір,нала,
Еңсемді езіп жіберген, есімді ала.
Кешегі сені сабап, сойыл соққан,
Қырт қазақтың бірімін,кешір дана!
Тас тұғырдан қарайсың тым сызданып,
Білемін, ел-жұртыңа тұрсың налып.
Ей,дана,жүрегіңді жібіт бір сәт,
Мына қазақ барады құнсызданып.
Тоғышар ел босамай тойдан бір күн,
Қанағатқа құлып сап қойған құлқын.
Жол сілтеші биіктен, кешіп бәрін,
Адасты, қалың елің,қайран жұртың.