Біз бүгін қазақ халқының ұлы классигі, данышпан ақыны – Абай Құнанбай-ұлының өмірі мен ақындық еңбегіне тоқталмақпыз. Аты жарты әлемге танылған Абай, сонау шығыстағы Тарбағатай бөктерінде Шыңғыс тауын жайлаған тобықты руының ішінде туған. Әжесінің еркесі болса да, бала Абай жастайынан оқуға зерек болып өседі. Оған кішкене күнінен ертегі, әңгіме оқып беретін анасы Ұлжанның да үлкен ықпалы болды. Абай кішкене кезінде аңқау, нанғыш және тентек бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері – үйге қонған қонақтардың әлдеқалай айтқан ертегі сиақты әңгімелерін құлай тыңдайтын. Жай өмірде пысық ширақ емес болғандықтан, ауылдағы үлкендер Құнанбайдың бұл баласынан көп дәме етпейтін еді. Абайдың жақсы қасиеттерінің бірі, бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде соларды керекке жаратып әңгіме арасына кірістіріп отыру еді.
Әкесі Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болған деседі. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес, әке-шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпта болған екен. Құнанбай бірде тобықтының старшинасы, бірде аға-сұлтан болып жүрген кезде, басынан талай үлкенді-кішілі оқиғалар атқарған. Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз әңгіме аса көп. Себебі Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты, ақыл, ой да, қажыр-қайрат та, билік батылдығы да бұның атын көпке мәлім еткен. Осындай әкесінің тәрбиесінде өскен Абай ер жете келе түрлі болыс жиналыстарына қатысып, ел басқару ісіне араласа бастайды.
Абайдың ақындық жолға бет бұрғандағы алғашқы сөзі, мәдениет пен білімнің маңызын насихаттауға арналады. Ақынның 1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. Абай мұнда, ең алдымен, жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді. Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады. Сонымен қатар ол «Қызмет қылсын, шен алсын» деген халық мүддесіне жат тәрбие жайын мінеп, сынайды.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,» -дей отыра, бұл өткенге құр өкіну емес, келешекте жастардың өзі тәрізді опық жеп қалмай, білім мен өнер қуатын шағын бос өткізбей еңбектенуіне жөн сілтеу. Шығарма Абай ақындығының халықтық, ағартушылық мақсатқа қарай бет алғандығының белгісі тәрізді. Кейінгі туындыларында ақын бұл идеяны тереңдете түседі.
1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдер жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған болатын. Бүкіл өлең бойына Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы – ғалым болуы керектігін түсіндіреді.
«Қалың елім, қазағым..» өлеңін жазған уақыттарда Абай озық мәдениетті насихаттаумен қатар, әлеуметтік, азаматтық санасы өскен халықтың үлкен қайраткері дәрежесінде көрінеді. Оның өлеңдерінен еңбекші халық мүддесін қорғаған азаматтың үні естіледі. Оларды «елім», «жұртым», «халқым» деп, дос тұта сөйлейді. Осы бетбұрыста Абай сол халықты жүдетіп, шаршатып отырған ұнамсыз әрекет-мінездерді, олардың ішкі сырын үлкен шеберлікпен ашатын психолог ақын ретінде танылады. Заманы мен өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ мінеп-сынайды. Ел ұйытқысын бұзған, оның берекесін кетірген әкімсымақтарға деген оның ызасы да мол.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы болып табылады. Маңызын жоймау былай тұрсын, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын, бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне қазіргі қауым айқын көз жеткізді. Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына, сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі айнымас темірқазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді. «Абай поэзиясы қоғам дамуындағы бір елеулі кезеңді бейнелеу арқылы халықтың тағдырын, ұлттың мінез-құлқын тарихи тұрғыдан кең арнада алып, қоғам көшінің жеткен жерін ғана емес, өткен жолын да танытарлықтай етіп көрсете білді,»- деген академик З. Ахметовтың пікірі Абай поэзиясына берілген әділ баға деп санаймын. Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының дана да ойшыл, ерекше ақыны және пір тұтар тұлға болып ел жадында қала бермек.