Ә. Бөкейханның Қазақ елінің дамуына қосқан үлесі

Ә. Бөкейханның Қазақ елінің дамуына қосқан үлесі
жеке
блог

       Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы -  қазақ халқының талай ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресінің заңды нәтижесі. Тәуелсіздікке жеткізген жол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Сондықтан да азаттық жолындағы қасиетті де қасіретті күрестің тарихын білу өзекті, ал осы жолда күрескен тұлғалардың қызметін өскелең ұрпаққа насихаттап, сабақ алудың маңызы зор. 

 «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген» деп, Елбасы Н.А. Назарбаев нақты атап өткен болатын. Осы тұста, қазақ халқына еңбегі сіңген, халықтың тұтастығы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі, азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялыларының көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілердің бірі және бірегейі, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шаралардың ұйымдастырылуы және әлемдік деңгейде атап өтілуі тұлғаның даралығын тағы да бір дәлелдесе керек.

        ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университетінің профессорлары Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысының ісіне "Мәдени ренесанс дәуірі" деген баға берді. Өйткені, бүгінгі Қазақстан өзінің тәуелсіздік жолындағы қарусыз күресінің тарихи тәжірибесі мен кең байтақ жерін сақтап қалғаны үшін Әлихан Бөкейханға қарыздар болатын.

        Бүгінгі таңда қазақ зиялыларының атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды. Әлихан Нұрмұхамедұлы интеллектуалдық деңгейі биік, жоғары білімді, көзі ашық, озық ойлы, көкірегі ояу ұлтының мақтанышы болуға лайықты нағыз азамат еді. Ол қазақ тарихында тұңғыш демократиялық, ұлттық ұстанымдағы "Алаш" партиясын, "Алаш орда" үкіметін құрды.

         ХХ ғасырдың басында екі бірдей - отарлық және феодалдық езгінің қыспағына түскен қазақ қоғамы бір жағынан, ауыр қоғамдық дағдарысқа келіп тірелсе, екінші жағынан, қалың ұйқыдан оянып, өзіне лайық жол іздеу әрекетіне көшті. Жаңа заманда өзінің ұлттық болмысы мен тарихи тамырынан, тілі мен ділінен айырылып қалмай, еуропаның озық мәдени жетістіктерін меңгеріп, сауатын ашудан бастаудың тиімділігін ұлт жанашырлары жақсы түсінді. Әлихан Бөкейханов және ұлттың зиялы қауым өкілдері халқына төнген қауіп-қатермен қарумен емес, интеллектуалдық қарумен, білімді игеру арқылы, саналы түрде, мәдениетті күреске шақырды.

         «Алаш» қозғалысының басы-қасын­да жүріп, ол халқының жазбаша тарихын жазу, таныту мақсатында ұлтының тарихын тиянақты зерттеді, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды саралап, олардан сабақ алуды үйретті. Сонау Қазақ хандығының іргесі қаланған кезеңнен бастап, Ресей империясының әртүрлі халықтарды отарлау үрдісін, отарлық езгідегі халықтың ауыр жағдайын кеңінен қамтып, маңызды тұжырымдар жасап, өз халқының болашағы үшін ненің қажет екенін, қандай әрекеттерге бармау қажеттілігін негіздеп, ұлт тұтастығын сақтап қалудың бірден-бір жолы -  заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болып табылатындығын негіздеп берді. Қазақ мәдениетін, әдебиетін, қазақшылығын жоғалтпағанда ғана ұлт ретінде сақталатындығын атап өтті. Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан ұсынған «Алаш» идеясы зор нәтижеге, жеңіске жеткізді. «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері­нің алдына қойған ауқымды стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін ұлт жақсыларына ғана емес, қалың бұқараға да түсінікті, сана-сезімі мен жүрегіне ұялайтын идея болды.

       «Алаш» идеясын басшылыққа алған Әли­хан: қазақ ұлтшылдығы - ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Қазақ жерінің тұтастығы үшін күресіп, ата-бабаларымыздан аманатқа қалған туған жердің шекарасын белгілеп, халқының болашағын ойлаған азамат өзінің және туған-туыстарының өмірін осы жолда сарп етті.  Қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті. Кеңес өкіметі "Алаш" қайраткерлерін биліктен аластатып, бақылауда ұстағанымен, Әлихан және қазақ зиялылары оқу-ағарту, жоғары білім беру, ғылым және өнер саласында үстемдік етті. Олардың тіл, әдебиет, тарих, математика, физика, философия және т.б. салаларды дамытудағы зерттеу еңбектері сол кезеңде халықтың сауатын ашып, білімін жетілдіруге қомақты үлес қосты.

      Белгілі тарихшы Кеңес Нурпейісов: "Әлихан Бөкейхановты ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін қалаушы ғана деп тану жеткіліксіз. Ол XX ғасыр басында қалыптасқан геосаяси жағдайда ұлт-азаттық күрестің жаңа, сапалы формасын, яғни оның саяси түрін қалыптастырып, күрестің осы түрі негізінде елімізді тәуелсіздікке жеткізудің мақсат-мүдделерін айқындап, нақтылауда қажымас қайрат көрсеткен халқымыздың саяси көсемі болды десек, артық айтқандық болмайды", - деп нақты атап өткен болатын.

       Тәуелсіздік жолында ерлік жасаған Әлихан Бөкейхановтың рухына халқы тағзым етіп, өскелең ұрпақ оның елі үшін жүргізген күресі мен қызметінен сабақ алып,  мәңгі есте сақтары хақ. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына тұспа-тұс келген Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралардың Ұлы тұлғаны танып-білу, өмір белестерінен сабақ алып, ұрпақтар үндестігін жалғастыруда, рухани даму мен ұлттық санаға жол ашуда, Алаш ұлттық идеясын мақтанышпен насихаттауда маңызы зор болмақ деп білеміз.                                                                                          

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Тарих факультеті  Қазақстан тарихы кафедрасының

қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.  Н.А. Тасилова,

2-курс магистрі Жаркен Санжар